Оңтүстік пен солтүстікке аяз келе жатыр
Алдағы тәулікте Қазақстанның көп бөлігіне ауқымды антициклон ықпал етіп, аязды ауа райы қалыптасады. Оңтүстік пен солтүстік аймақтарда қар жауады. Еліміздің батысында күшті жел тұрады.
«Қазгидромет» кәсіпорнының ескертпесіне сілтеме жасаған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының хабарлауынша, республиканың солтүстік, шығыс, орталық және батыс бөліктерінде 25-30 градустық аяз сақталып, кей жерлерде боран соғады. Астанада 35 градус аяз болады. Солтүстіктің кейбір өңірлерімен бірге оңтүстік бөлік те атмосфералық таралым ықпалында болып, соның әсерінен аймақтарда жауын-шашын, көп жағдайда қар жауып, жел күшейеді. Мамандар тұман мен көктайғақ болатынын ескертеді. Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 15-20 м/с жел соғады. Ақтөбе облысында жел екпіні 18 м/с-ке жетеді. Гидрологиялық болжамдар бойынша, бүгін және алдағы тәуліктерде оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарда су деңгейі ауытқиды. Жылымық пен жауын-шашын салдарынан таулы өңірлерде, жекелеген елді мекендер аумағында су басу қаупі бар. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының тауларында қар көшіп жатқанын да ескертеді. Соңғы екі тәулікте бұл өңірлерде қар көшкіні 20 рет тіркелді. Көшкіннің салдарынан көлік жолдары жабылып қалды.