Онколог-радиолог ғалымдар ораза ұстап жүр
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты 70 адамға ауызашар берді. Ауыз ашу дастарқанына Алмалы ауданындағы Төле би мешітінің бір топ діни қызметкері келіп, уағыз айтты.
Ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері арасында ораза ұстаушылар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Былтыр 40 адам ауыз бекіткен болса, биыл мұсылмандық парызын орындаушылар екі есеге жуық көп. Олардың дені – жастар, сондай-ақ Азат Шибанова, Сайын Садықов, Досбол Совхатов сияқты медицина ғылымының докторлары мен басқа да жасы үлкен дәрігерлер мен мейірбикелер бар. Ауызашарда Төле би мешітінің найб имамы Тайыржан Юлдашев, ұстаз Әбдіхалық Рахымов, заңгер Талапқали Жолаевтар қасиетті Рамазан айына қатысты уағыздары мен кеңестерін айтты. Медицина ғылымының докторы Райымқұл Қарақұловтың айтуынша, соңғы кездері жастардың имандылыққа жаппай ден қоюы қуантады. Бұл олардың басқа замандастарына да ықпал етіп, жастардың, ең болмағанда, ораза айында арақ ішу, темекі шегу сияқты жағымсыз әдеттерден тыйылуына септігін тигізеді.
Берік ӘДИЕВ, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі инженері