Жаңалыққа жаны құштар қазақ жаңа технология дәуіріне тозығымен емес, озығымен енуге ниетті. Нанотехнологиямен нан тауып жемесек те, инновацияның иісі мұрнымызға келіп-ақ қалды. Бұған да шүкір дейік. Өндіріс тұралап, өнеркәсіптің өкпесі өшкен кезден де өттік қой. Кеткені кетті, қалғанына қанағат дедік. Индустриялық бағдарлама қабылдадық. Қазақстанның барлық облысында әлеуетіне қарай әр алуан жобалар жүзеге асырылуда.
Жалпы, инновация дегеніміз – қолда барды жаңғырту, жетілдіру деген сөз екен. Өзіңдікін жаман дегенде, жақсысын бере қоюға ықыласты тағы жоқ. Ендеше, ескіні есептен шығармай, ебін тауып «ғұмырын» ұзартса бұдан ұтарымыз мол көрінеді. Бұл жолда қияметтің қыл көпірінен өтудің қажеті жоқ дейді мамандар. Тек жыл сайын Қазақстанда патенттелетін өнертабысты өндіріске аман-есен жеткізіп отырса болғаны... Мәселе осыған тірелгенде қуанышың су сепкендей басылады. Елімізде қазір 50 мыңға жуық өнертабыс тіркелген. Солардың бағы ашылып, өндіріске енгені бірен-саран. Жаңашыл экономиканың өзегі – өнімнің бағасын барынша арзандату. Мәселен, инновацияға иек артқан елдерде шығарылатын тауар құны жылма-жыл 5-10 пайызға арзандай береді екен. Алушыға да, сатушыға да тиімді. Олай болса, өз аяғымен келіп тұрған өнертабысты кәдімгі кіріс көзіне айналдыра алмауымыздың өзі қызық.
Әрине, еріншектің ертеңі бітпейтіні секілді сыныққа да сылтау дайын. Алайда айналамызға анықтап қарап, әлемдік тәжірибені таразылауға тиіспіз. Ғылым мен техниканың кез келген жетістігі басты үш қағида болғанда ғана өмір сүруге қабілетті. Біріншіден, жаңа технологияның «дүниеге» келіп, кәдеге асатын жерінің болуы. Екіншіден, өнертабысқа патентті немесе лицензияны сату арқылы өзге елдерден өндіріс ашып, пайда табу. Үшіншісі, бірнеше ел бірігіп, жалпыға ортақ тауар шығару мүмкіндігі. Осы үш қағида төрткүл дүниеге инновацияның идеалы ретінде танылған АҚШ, Жапония мен Оңтүстік Корея және Қытайдың мысалынан көрініп тұр.
Екінші Дүниежүзілік соғыста ойсырай жеңілген Жапония қысқа мерзімде қалай ес жиды дейсіз? Әрине, инновацияға қыруар қаржы салудың арқасында көтерілді. Табиғат байлығынан жұрдай ел жыл сайын 300 млн АҚШ долларын бөлу арқылы әлемдегі озық өнертабыстарға патенттер мен лицензияларды сатып алды да өндіріске жіберіп отырды. Нәтижесі тамаша. Кеткен шығын тез қайтты, пайда шаш етектен.
Әсіресе, аспан асты елінің қарқыны қатты. Мұнда ой еңбегінен бастап, көлік, қондырғы, түрлі тұрмыс құралдарына дейін қазақша айтқанда ұрланып, көшіріле салады. Made in China сауда белгісі басылғасын, қалған жұрт оны қытайдікі деп қабылдамағанда қайтсін?! Қытайлықтардың бір кереметі, осы техникаға қажетті қосалқы бөлшектердің 70 пайызын өндіріп, бір оқпен екі қоянды атуды тамаша меңгерген. Әрі беріден кейін «түпнұсқа» мен «жалған нұсқаның» аражігін ажыратудан қаласыз.
АҚШ инновацияға ішкі жалпы өнімінің 4 пайызын жұмсаса, Қытай бар-жоғы 0,8 – 1 пайызын арнайды. Сөйте тұра қайтарым ересен, кіріс мол. Іргедегі Ресей де іргелі ғылымға қаржы салуда. 90-жылдардың басында АҚШ-тың «Силикон даласына» қарай «аққан миды» Сколково инновациялық орталығын құру арқылы қайтарып алуға қам жасап жатыр. Ешбір шикізат, қазба байлық ақыл-ой жетістігін алмастыра алмайды. Алпауыт елдер мұны баяғыда түсініп, идеяны ұлттық құндылық, мемлекет саясатының ажырамас бөлігі деп жариялап қойды.
Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ, академик, техника ғылымының докторы:
– Ежелден өнертабыстың қоғам өміріндегі ерекше орнын, елдің ішкі, сыртқы саясатына тигізетін ықпалын жете сезінген АҚШ, Жапон және Батыс Еуропа елдері, бүгінде оны бұйым шығарудағы бәсекелестіктің айқындаушы құралы деп санайды. Өнертабыс жаңалықтарын дер кезінде зияткерлік меншік ретінде тиісті құжаттармен қорғау – олар үшін өмірлік заң. Жоғарыда аталған мемлекеттердегі ұлттық мүдде, бірде-бір өнертабыс жаңалығы қоғамнан тыс қалмауы керек. Жалаң ұран емес, мемлекет саясатының нақты көрінісі. Себебі, оларға сырттан келетін үлкен қаржы арнасы – зияткерлік меншік. Ғылым мен технология кеңістігіндегі көшбастаушы мемлекеттер ғана емес, Индияның ортанқол математиктерінің компьютерлік бағдарламаларды дайындап, сыртқа сатудан бір жылда табатын пайдасы, әйгілі шетелдік мұнай, газ компанияларының табысынан әлдеқайда қомақты.
Гүлдария БӘШЕНҚЫЗЫ, физика ғылымының кандидаты:
– Ресейдің талпынысы түсінікті. Шикізатқа негізделген экономиканың болашағы жоқ. Табиғат байлығы таусылады. Тығырықтан шығарар жолды жаңа технология арқылы табу керек. Ол үшін әуелі мықты мамандар қажет. Мықтылардың дені баяғыда шетел асып кеткен. Мысалы, графен деп аталатын әлемде теңдесі жоқ наноматериалды ойлап тапқан қазіргі АҚШ ғалымдары – бұрынғы ресейліктер. Графен – мүлде салмақсыз, сөйте тұра құрыштан 200 есе (!) берік. Оның көмегімен жасалған көлік, зымыран, ұшақтардың ұланғайыр мүмкіндіктері айтпаса да белгілі. «Боингтан» артық ұшақ, «Мерседестен» мықты көлік шығару қиын. Дегенмен Сколково орталығын құрудағы мақсатынан-ақ олардың іргелі ғылымға, соның ішінде кез келген материяның негізін құрайтын атом мен молекуланы меңгеруге түбегейлі кіріскенін көреміз.
Қазақстандағы өнертабыстың тағдырына қайта оралатын болсақ, біздегі өнертапқыш өз бетімен, өндіріс өз бағытымен жүргендей әсер қалдырады. Технопарктер мен инновациялық қор қолдаса өнертабыстың тәжірибелік үлгісі жасалады, ол әрі қарай сынақтан өтпейді, өндіріске бармайды. Сонымен бәрі бітеді. Бізде бәсекеге қабілетті отандық ізденістерді заңды түрде жүзеге асыратын нақты тетіктер жоқ. 2011 жылы қазақстандық компаниялар 100 млрд теңгеден астам қаржысын инновацияға жұмсаған. Алайда қуануға асықпаңыз. Жұмсалған қаржының 80 пайызы дайын шетелдік нұсқаларды сатып алуға кетіпті. Қаржының 18 пайызы жаңа өнімдерді зерттеуге қаралса, отандық инновациялық ізденістерге бөлінгені – екі-ақ пайыз.
Жаннұр ЖАҚСЫЛЫҚОВ, өнертапқыш:
– Шыны керек, бізде өнертабыспен жан бағу мүмкін емес. Өнертабыстан өндіріске дейінгі жол ұзақ та қиын. Тіпті енген күнде де пайда әкелеріне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан, қалталы инвесторлардың көбі тез әрі мол қайтарым беретін алып-сатуға қаржы салады. Мысалы, мен өзім танитын бірнеше ауқатты азамат отандық өндіріске бір тиын да қаржы салмайды. Олар Қазақстанда күн батареяларын шығаратын құны – айталық, 50 млн АҚШ доллары тұратын зауыт салғанша, Қытайдан барып дайын өнімді сатып ала салады. Оларды да түсіну керек. Қашан елімізде айқын заң, түсінікті нарықтық ереже-тәртіп болады сол кезде ғана жағдай түзелуі мүмкін.
Отандық өнертабысты қызғыштай қору қажеттігі Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында ашылатын алып нарықтың «тәбетіне» байланысты күшеюі тиіс. Одақтастарымыз болса да Ресей мен Беларусь әуелі нарық заңына арқа сүйейді. Өз өнімдерін ұсынады, өз пайдаларын көздейді. «Қазақстан қашан бізге тауар береді» деп қарап отырмасы анық. Ендеше біз де қимылдауымыз керек. Екінші қауіп, сырттан төніп тұр. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтер күн жақын. Өнертабысқа экспансияның көкесі сонда басталуы ғажап емес. Тез арада кәдеге асады-ау дейтіндей отандық өнертабыс үлгілерін жинақтап, оларға Халықаралық патент ұйымынан куәлік алу қажет. Әйтпесе күні біздің өнертапқыштардың ақыл-ой еңбегі қорғаусыз қалады. Отандық өнертабас шетелдіктерге су тегінге кетеді.
Өнертабысты өндіріске енгізбей, инновация өрге баса ма?
Последние статьи автора