Өлім жазасына кесілген террорист түрмеде жатып, туыстарына миллиондап ақша аударған
Өлім жазасына кесілген бостондық террорист Джохар Царнаев түрмеде жатып, туыстарына ақша аударып отырған. АҚШ-тағы барлық басқа тұтқындар секілді оның да банкте арнайы шоты бар. Бұл шотқа сотталушының туыстары мен таныстары ақша аудара алады. Сондай-ақ федералды аударымдар мен зейнетақылар осы шотқа түседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Комсомольская правда” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Түскен қаржыны сотталушы қалауынша жарата алады. Қажетті заттар мен азық-түлік алғызып, кітапқа тапсырыс беріп, қорғаушылардың қызмет ақысын төлей алады.
Флоренция қаласында орналасқан қатаң режимдегі колонияға түскелі бері Царнаевтың шотына 21000 доллардан аса қаржы аударылған. Бұл соманы оған жекелеген тұлғалар мен АҚШ федералды үкіметі аударған. Царнаевқа COVID-19 пандемиясына байланысты бір реттік төлем ретінде 1400 доллар аударылған. Бұл жәрдемақы табысы орташадан төмен көптеген америкалықтарға берілген.
Сот шешімі бойынша, Царнаев өзі ұйымдастырған теракті кезінде келтірілген шығын ретінде 101 миллион доллардан аса өтемақы төлеуге міндеттелді. Бірақ зардап шеккендердің бірде біріне Царнаев ақша аудармаған. Есесіне туыстарына тұрақты түрде аударымдар жасап отырған.
Түрме басшылығы террористің ешқандай шектеусіз қалай ақша аударғанын анықтау үстінде.
Джохар Царнаев – 2013 жылдың көктемінде Бостон марафонында жарылыс ұйымдастырған. 2015 жылы ол өлім жазасына кесілген. 2020 жылдың шілдесінде АҚШ аппеляциялық соты оның күшін жойып, жаңа сот процесін тағайындады. Өлім жазасын қалыпқа келтіруді талап етіп отырған прокурорлардың аппеляциялық өтініші қазір АҚШ Жоғарғы сотының қарауында.