«Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «TENGE MONITOR» республикалық-экономикалық апталық газетіне журналист, жазушы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Журналистер академиясының академигі Нұржан Қуантайұлы бас редактор болып тағайындалды.
Нұржан Қуантайұлы - 1971 жылдың 22 қаңтарында бұрынғы Семей облысының (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Көкпекті ауданындағы Үлгілі ауылында дүниеге келген. 
1988 жылы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, сол жылы Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетiнiң журналистика факультетiне оқуға түседі. Студент шағынан «Жұлдыз», «Лениншіл жас»,  «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Жас қазақ», «Алматы ақшамы» басылымдарында өлеңдері жарияланып, әдебиет әлеміне ерте танылды. 
1993 жылы осы факультетті үздiк дипломмен бiтiріп, сол жылдан бастап 1994 жылға дейін Қазақ радиосында аға редактор, шолушы болып қызмет атқарды.   
1995-1996 жылдары Қазақстан Журналистер одағына қарасты Журналистердi қолдау қорының вице-президентi, ал 1996 жылдан 2009 жылға дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнде аға оқытушы, доцент болып дәріс бере жүріп, 2000-2002 жылдары республикалық «Жас алаш» газетiнiң шолушысы, 2002-2004 жылдары «Ақ жол - Қазақстан» газетiнің әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 2004-2005 жылдары «Айқын» газетiнiң саяси шолушысы болып қызмет етті. 
2000 жылы ҚазҰУ-дың диссертациялық кеңесінде «Жүсiпбек Аймауытовтың көсемсөз мұрасы және Алаш Орда баспасөзі» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. 
2005 жылдың мамыр айынан 2009 жылдың мамыр айына дейін «Алматы ақшамы» газетi бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. 
2009 жылдың мамыр айынан Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігіне қарасты «Шығыс ақпарат» медиа-холдингінің бас директоры, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы болды. 
Қазақстан Журналистер одағының Смағұл Садуақасов атындағы сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, Мәдениет және ақпарат министрінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен наградталған. 
«Қараөзек» атты романның, бірнеше әңгімелердің, үш жыр жинағының авторы. 
«Адырна», «Күмбiр», «Қараөзек», «Алаш Орда баспасөзi және Жүсiпбек Аймауытұлы», «Қолшатыр», «Асыл сөз» атты кiтаптары жарық көрген.