Нұрсұлтан Назарбаев үш баланың тілегін орындайды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Аяз Атаға хат жаз» жобасын қолдады, деп жазады Facebook-тегі Ақорданың баспасөз қызметі. Елбасы үш баланың тілегін орындамақ.
2014 жылдан бері «Қазпошта» АҚ жүзеге асырып келе жатқан осы жобаның аясында кез келген адам баланың хатын таңдап алып, оның тілегін орындай алады.
Осымен екінші жыл қатарынан Мемлекет басшысы осы жобаға қолдау көрсетіп, қазақстандық бүлдіршіндердің тілегін орындап келеді.
«Биыл Нұрсұлтан Назарбаев павлодарлық Ардақ Шалабаевтың тілегін орындады. Ол Аяз Атаға ЭКСПО-2017-ге билет сыйлауды сұрап, хат жазған екен. Халықаралық көрмені лайықты өткізу келесі жылдың басты оқиғаларының бірі болмақ. Соған байланысты Мемлекет басшысы 11 жасар Ардақты қуантып, оған Астанада өтетін ЭКСПО-ға 4 билет сыйлады», – деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.
Атырау облысы Махамбет ауданы арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне Қазақстан Президенті өз бетімен үйрену үшін тігін машинасын, доп, ракетка және басқа да спорт құралдарын сыйлады.
Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің 6 жасар тұрғыны Нұрислам Серіковтің хаты да жауапсыз қалған жоқ. Мемлекет басшысы оған балалар кітабын және «Лего» конструкторын тарту етті.
«Аяз атаға хат жаз» акциясы – жаңа жыл қарсаңында қазақстандық бүлдіршіндердің тілегін орындау үшін жақсы мүмкіндік. Мемлекет басшысының ісіне қарап, өзге қазақстандықтар мыңдаған балалардың тілегін орындайды деп сенеміз.
Бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор. Өйткені, отандастарымыз аз қамтылған отбасылардың балаларының, жетім және мүгедек балалардың арман-тілегін орындай алады», – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.