Нұрсултан Назарбаев: Менің аманатым – қазақтың Тәуелсіздігін естен шығармаңдар!
Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпшілік күтпеген қадам жасап, талантты жастардың шетелде білім алу мүмкіндігін айқара ашқан болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ шетелде шыңдау үшін жастарға мемлекеттік жолдама ұсыну сонау 1993 жылы ерсілеу көрінгені де рас секілді. Өйткені, бір жағынан, елдің экономикасы тұралап, қазынадағы санаулы қаражаттың басы аяғына жетпейтін жадау кез болса, екінші жағынан, посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер тарихында бұндай қадамға барған ешкім жоқ еді. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаев осындай игі қадамы арқылы да өзінің өзгеден оқ бойы озық ойлайтынын, саясатта көреген екенін танытты.
Міне, сонау 1993 жылдан бастап бүгінгі 2013 жылға дейінгі 20 жылда «Болашақ» стипендиясы әлемнің 33 еліндегі үздік 200 жоғары оқу орнына оқу үшін 10025 қазақстандыққа тағайындалыпты. Сондай мүмкіндікті еңсерген 1500 «болашақтық» кеше 20 жылдық мерейтойы аясындағы форумда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен тағы жүздесіп, келешек жайында әңгіме өрбітті.
Елбасы есіктен кіре, төрдегі мәртебелі орынға жайғаспас бұрын «Армысың, болашақ!» деп барша жастармен амандасты. Шындығында, бұл залда Қазақстанның келешек келбеті, мемлекеттің ендігі буын тізгіншілері отырған болатын. Өз кезегінде 1500 аудитория да барша «болашақтықтар» атынан осындай бірегей бағдарлама үшін Мемлекет басшысына алғыстарын білдірді. Бұған дәлел форум барысында сөз сөйлеген әрбір «болашақтық» Елбасының ғана емес, елдің алдындағы жауапкершілікті жақсы түсінетінін танытты.
Елбасының арманы
Жастар білімге ұмтылуы керек, ғылыммен серіктес болуы керек. Сонда ғана біз дамыған 30 елдің арасына кіретін боламыз. Мен қазақстандық ғалымдар әлемнің мықты зерттеушілерінің санатында болса екен, қазақстандық өндірістер ең соңғы технологиямен жұмыс істесе екен деп армандаймын. Уақыт жүйрік. Ол ешкімді күтіп тұрмайды. Тоқтап қалсаң, артта қаласың. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясын қалтқысыз орындай алсақ қана, ұлттың ұлы мақсаты - Мәңгілік елдің мызғымас негізін қалаймыз. Отанын қалтқысыз сүйген ұрпаққа дарыған ғылым мен білім – ең құнды нәрсе. Сондықтан Қазақстанның бүгінгі де, келешек те болмысына дүниежүзінің алдында қуанатын болыңдар, барша жұртты қуантатын да болыңдар!
Мансұр ХАМИТ (фото)
Бағдарлама түлектері атынан алғаш сөзді алған «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Бәйбек те Елбасының ерен ерлігіне зор алғысын айтты. «Мына залда жастардың үш буыны отыр. Олардың алдыңғы толқыны қамал алар 40-қа келсе, кейінгі толқыны – ордабұзар 30-да, 20-ға енді толғандары да бар. Сондықтан да үш буынның басын қосқан «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын», – деген Бауыржан Бәйбек мырза 20 жыл бұрынғы жағдайға тоқталып, ауқымды миссиядағы Елбасының тұлғалық даралығын ашып айтты. «Жүйесі әлі қалыптасып бекімеген мемлекет, ескінің шылауындағы психологияға қарамастан, елдің сабырына, ақсақалдың ақылына, жастың жалынына сүйендіңіз. Үйрете жүріп, үйрендіңіз, үйрене жүріп, үйреттіңіз. Сөйтіп, ұлттың ұстазына, алаштың ақылманына айналдыңыз. Қиын-қыстауға қарамастан шетелдің ең үздік оқу орындарына жастарды жіберу туралы бастама көтердіңіз. Нанға зар болып жатқан 1993 жылы «бұл қалай?» деушілер болды. Сіздің көкейдегі арман жарқын болашақ еді. Ендеше, болашақтың кілті жастар екенін Сіз таныдыңыз. Тәуекел ақталды. Оған барша жұрт куә», – дейді Бауыржан Бәйбек мырза.
«Қолдау – менікі, ал жұдырық – сенікі»
«Болашақ» түлектерінің Елбасымен кездесуі форматындағы форумы негізінен «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясындағы тақырыптарды да қамтыды. Бағдар белгілі, меже айқын болғандықтан, Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің озық білім ошақтарынан сусындап қайтқан жас таланттардың пікірін біліп, пайымын екшеп, кеңестеріне де құлақ қойғанды жөн санаса керек. Сондықтан да Президент форумды кіріспемен ашып, онда бағдарламаның кешегісі мен бүгінгісін салыстырып, ертеңін саралап, сөз тізгінін сол жастардың өздеріне ұстатқан болатын. Форумның алқалы отырысына әлемнің 33 елі онлайн-режимде қосылған болатын. Соның ішінде елордаға тікелей байланысқа Лондондағы «болашақтықтар» қосылды. Сөйтіп, ерке Есіл мен тентек Тензаның арасында нағыз «телекөпір» орнады. Ондағы қазақстандық студенттер арасында олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те қара көрсеткен болатын. Күні кеше елордада жүрген Серіктің Лондоннан бір-ақ шыққанына Елбасы өзі де таңырқаса керек «Ол неғып барып қалған ол жерге», – деп күле сұрады. «Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз менің өміріме екі үлкен жолдама бердіңіз. Бірі – мен Лондон Олимпиадасында тікелей сіздің қолдауыңыз арқасында жеңіске жеттім. Екіншісі – мен тура сол Лондонда білім олимпиадасына да қатысуға мүмкіндік алдым», – деген болатын чемпион Сәпиев. Елбасы да әдеттегі қалпымен әзілге сүйеп әкетті: «Рас, қолдау – менікі, бірақ жұдырық сенікі ғой». Еске салсақ, Серік Сәпиев тамыз айында Британияға спорттық менеджмент мамандығымен оқуға аттанған болатын.
Ал Вашингтондағы байланыста студенттер атынан сөз алған Диас Жорабеков, «Болашақтың» мерейтойына білім ізімен мұхиттың арғы жағына аттанған қаракөз қазақтардың да ортақтасып жатқанын атап өтті. «Вашингтон Американың ең қадірлі тұлғасы, тұңғыш президенттің атымен аталған. Вашингтонның америкалықтарға бергенімен салыстырғанда Сіздің қазақстандықтар алдындағы еңбегіңіз орасан. Мәңгілік елдің іргесін қалап, елімізді дамудың жаңа сатысына көтердіңіз, әсем Астана салдыңыз, бізге жарқын болашақ салдыңыз. Ендеше, біз де «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы жауапкершілікті қазірден сезінеміз, сол үшін аянбай еңбек ететін боламыз», – деді Вашингтонда білім алып жүрген қандасымыз Диас Жорабеков.
Шанхайдан онлайн режимі арқылы форумға қосылған «болашақтық» Тілектес Адамбеков жаңа технология мен телекоммуникация саласында білімін ұштап жүр екен. «Технология алыптарының бірі Стив Джобс «инновация – өзгерістер кезеңінде қауіп-қатер болмайтын жаңа мүмкіндіктерді көре білу» деген екен. Елбасы да дәл сол секілді ел Тәуелсіздігінің алғашқы күнінен жас Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерін көре білді. Сондай мүмкіндіктер іске асты да. Ендеше, Қазақстанның бүгінгі келбеті – сіздің инновацияңыз», – дейді Тілектес Адамбеков. Мұны да мұқият тыңдаған Президент Нұрсұлтан Әбішұлы технология саласының келешегі алда екенін, «Болашақ» аясында дәл осы салаға да кең көңіл бөліп жатуы да сондықтан екендігін еске салды.
Алқалы жиын барысында мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасы стипендиясын тағайындау туралы 10 000-шы куәлікті Әзімхан Қожахметовке өз қолымен табыстады. Әзімхан АҚШ-та наноинженерия мамандығы бойынша магистратурада білім алатын болады. «Бүгін – менің өмірімдегі ең басты күн. Сіздің қолыңыздан ғылым әлеміне жолдама алу – мен үшін бақыт. Сіз артқан үмітті білімім мен еңбегіммен ақтаймын», – деп ағынан жарылды Әзімхан Қожахметов.
«Менің аманатым – ТӘУЕЛСІЗДІК!»
Қазақстанның келешек тізгіншілерімен емін-еркін пікіралмасу форматында өткен форумды қорытындыламас бұрын Мемлекет басшысы Н. Назарбаев екі мәселеге ерекше көңіл бөлгенін алға тартты. «Біріншіден, Теміртауда металлург болып жүріп, комсомол съезіне делегат ретінде сайланған едім. Соның арқасында 20 жасымда Алматыдағы опера театрында съезге қатысып, қалың жұртшылық арасынан маған сөз берілді. Сонда залда отырған орнымнан тұрып, қалай барып, не деп сөйлегенім ешбір есімде қалмапты. Терең толғаныста болған екенмін. Ал қазір қарап отырсам, бүгінгі жастар шетінен сөзге ұста, тілге шешен», – деді Н. Назарбаев. Елбасын таңғалдырған екінші мәселе жастардың тілді меңгеруі екен. «Жаңа Ұлыбритания министрі ағылшынша сөйлегенде ешқайсысың аударманы құлаққа тақаған жоқсыңдар, мені мен менің әріптестерім ғана осыған жүгіндік. Менің білуімше, осыншама ағылшын тілін жетік білетін қазақтар осындай деңгейдегі басқосуда ешқуатытта отырған да жоқ. Бұл – аса зор қуанышты дүние», – деді Президент. Бұдан әрі Елбасы әңгімесі «болашақтықтардың» болашағы төңірегінде болды. Бұл ретте Президент бағдарлама тауысқандар үшін еліміздің ендігі кезеңі де маңызды екенін атап өтті. «Бүгінгі күні мен және менің әріптестерімнің барлығы жасап келе жатқан дүниелердің баршасы болашақ үшін, сендердің болашақтарың үшін. Мемлекеттің тізгіні мен шылбыры қолдарыңа тиген кезде сендер нағыз ысылған, тәжірибеде шыңдалған маман боласыңдар. Сол тұста менің сендерге айтатын аманатым: әр уақытта, күндіз-түні қазақтың тәуелсіздігін естен шығармаңдар. Ата-бабамыздың арманы болып келген тәуелсіздік біз үшін ең қымбат, ең асыл, жүректің ең лайықты орнында тұратын осы Тәуелсіздік болуы керек», – деді Н. Назарбаев. Сонымен қоса, Елбасы тәуелсіз ел бола жүріп, басқа елдің шаңында қалмау керектігін де алға тартты. «Біріншілікте, алдыда боламыз десек, біздің жастарымыз білімді, білікті болуы – шарт. Күндіз-түні жұмыс істеген жұрт озады. Ең көп жұмыс жасайтын Оңтүстік Корея жұрты мен ең аз жұмыс істейтін гректерді салыстырған адам мәселенің мәнісін де айқын сезетін еді», – деді Елбасы.
«Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы құрылады
«Болашақтықтар» туралы айтқанда елдің ертеңгі жүгін арқалайтындар еске түседі. Сондықтан да Президент өзі айқындаған «Қазақстан-2050» Стратегиясының сәтімен жүзеге асатынына дәл осы стипендия түлектерінен үлкен үміт күтенін жеткізді. «Бүгінгі күні біздің халқымыздың алдында жаңа бағыт, тың міндеттер тұр. Бұл – «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Мен сіздердің осы бағдарламадағы барша міндеттерді білетіндіктеріңізге сенімдімін. Ал келесі жылдың басында мен кезекті өз Жолдауымда осы Стратегияны қалай жүзеге асыратынымызға тоқталатын боламын», – деген Мемлекет басшысы осы бағдарламаның межелерін атқаруда «болашақтықтар» да үлкен демеу болатынына сенім білдірді. «Бізге қол жетпейтін арманның бірі Тәуелсіздік еді. Біз осыған да жеттік. Қазақстанды аяқтан тұрғызып, экономикалық қуатты державаға айналдыру, елімізді әлемдік кеңістікте танымал ету де бір арман болатын. Біз оны да бағындыра алдық. Осының өзі біздің ортақ үйіміздің іргетасы қаланғанын, керегесі кеңейіп, шаңырағы орныққанын білдіреді. Ал енді «өз үйіміздің» ішін жаңа технология мен техникаға толтыруымыз керек. Бұл біздің болашақтағы ең басты жұмысымыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы 2050 жылға дейін дүние әлі талай құбылатынын, позициясын бүгін берік ұстаған мемлекеттердің барлығы бірдей ертең орнын сақтай алмайтынын да айтып өтті. «Диффузия секілді біреу өрге шығар, біреу құлдырап төменге ысырылар. Бәрі алда болғысы келеді, бәрі жақсы өмір сүргісі келеді. Ендеше, бәсекелестік те қатаң болмақ. Ал келесі Олимпиаданың жеңімпазы атану үшін чемпион ұдайы шынығуы керек. Біз тура сол жағдайда тұрмыз», – деді Мемлекет басшысы. Ертеңге көз сала отырып, Мемлекет басшысы Қазақстанның бүгінгі ұстанымы ертеңгі нық қадамдарға жетелейтінін де алға тартты. Экономикамыз да тура солай болмақ. Мәселен, Президент 2015-2016 жылдары Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 20 мың долларға жететінін болжайды. Ал жұртшылықтың сатып алу қабілеті бойынша бұл көрсеткіш одан да жоғары болады. «Бұл – орташа дамыған елдердің деңгейі. Шығыс Еуропа, Түркия секілді елдермен теңбіз деп саналамыз. Әрине, бұл жеткілікті деген сөз емес, оның бәрін біз істеп қойдық деп санауымыз керек. Бір кездері мемлекеттің қазынасында ұлттық валютамыз – төл теңгені айналымға қосуға қаражат таппай қалған кездеріміз де болған. Ал қазіргі қорымыз елдің алтын-валюталық резервін қоса алғанда 100 млрд АҚШ долларына дейін жетіп отыр. Бұл – рекордтық меже», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Елбасы жаһандық деңгейде жүзеге асқан қазақстандық бастамаларға да тоқталып өтті. «Біз «G-global» жаһандық экономикалық бағдарламасын басқарып келеміз. ЕҚЫҰ-ға да төрағалық еттік. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске де бастама жасады. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезіне бастама жасап, оны тұрақты өткізіп келеді. Осыған орай өркениеттер қақтығысына емес, өркениеттердің өзара түсіністігіне өз үлесімізді қосып жатырмыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сөз арасында Елбасы «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысын құруды да ұсынды. «Қазақстан-2050» – бұл біздің ХХІ ғасырдағы үлттық идеямыз. Ол біздің халқымыз ұмтылатын ұлы құндылықтарды, мақсаттарды айқындайды. Мен сіздермен өзімді көптен бері толғандырып жүрген идеяны бөліскім келеді. «Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс құруды ұсынамын. Сендер болмасаңдар мұны кім бастайды? Әрине, 50-ші жылға дейін 37 жыл бар. Көп деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, көп емес және түк емес», – деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы аталған қозғалыс құрылған жағдайда «болашақтықтар» оның мән-мағынасын халыққа түсіндіру жұмыстарымен белсенді айналысулары керектігін баса айтты. Президенттің пайымына салсақ, жалпыұлттық қозғалыс барша отандастарымызды ұлы іске жұмылдыруы қажет. « Бұл Стратегия – бүкіл халқымыздың мызғымас бірлігі мен зор жауапкершілігін талап ететін үлкен емтихан», – деді Н.Назарбаев.
Дүние дағдарысынан тек индустриясы қуатты ел ғана құлпырып шыға алады
Бұдан бөлек, Елбасы әңгімесі жаңа технологиялармен қатар, «жаңа экономикаға» да бағытталды. Осы ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Үшінші индустриялық революцияны Қазақстанның болашағы ретінде атап өтті. «Ол жұртшылыққа жаңа мүмкіндік ашады. Сіздер де менен жақсы білесіздер, жаңа білім, жаңа технология – осылардың бәрі біздің бүгінгі көзқарасымызды түбегейлі төңкеріп тастай алады. Ендігі 30-40 жылдан соң дамыған елдердің клубына мүлдем басқа елдер мүше болуы да әбден мүмкін. Сондықтан да біз бүгінгі күні ғасырдың орта тұсында ең басты перспективалы елдер кім болуы керектігін нақты көз алдымызға елестетуіміз керек», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл ретте Елбасы дамыған 30 елдің қатарында болу жалпы ішкі өнімнің жоғары деңгейімен ғана өлшенбейтінін де жеткізді. Президенттің айтуынша, озық 30-дың арасында болу үшін Қазақстанға ең кем дегенде жан басына шаққандағы 60 мың доллар болуы – шарт. Ал осы деңгейді сақтап тұру үшін экономиканың орнықты өсімі қамтамасыз етілуі тиіс. Бұдан бөлек, Елбасы жаһандық дағдарыс мәселесіне тоқтала келе, бұған қатысты да өз пайымын паш етті. «Дүние дағдарысынан тек қуатты индустрияға ие ел ғана құлпырып шыға алады. Сондықтан да біз индустрияландыру саясатына кірістік. Әлбетте, бұл – аса күрделі міндет. Мәселе Қазақстанның әр түкпіріне кәсіпорындарды қаптата беру емес, біздің бұған мүмкіндіктеріміз де баршылық. Мәселе салынатын кәсіпорындардың қандай бағытта екендігінде болып отыр. Бізге әлемдік деңгейдегі бәсекеге төтеп беретін кәсіпорындар қажет. Өйткені біз – Кедендік одақ аясында шынығып алып, ДСҰ-ны бетке ұстаған елміз», – деді Н. Назарбаев.
Әсел Сәрсембаева, Лондондағы Brunel University докторанты:
– «Қазақстан-2050» стратегиясы еліміздің ХХІ ғасырдағы өсіп-өркендеуінің кепілі. Елбасы әрбір қазақстандықтың дербес дамуына мүмкіндікті осындай межелі міндеттер арқылы аша түсуді ойлап отыр. Ағылшындарда «Жүрегің қай жерде болса, шаңырағың сонда» деген мақал бар. Сондықтан да болашақтықтар қай елде білім алып, қай жерде жүрсе де, айналып табар темірқазығы біреу ғана, ол – туған еліміз Қазақстан. Біз Елбасы айқындаған, Президентіміз армандаған асқарларды бағындыру жолында шыңдалып жатырмыз деп ойлаймын.
Дэвид Виллетс, Ұлыбритания Жоғары білім және ғылым министрі:
– «Болашақ» бағдарламасының арқасында Қазақстан қазірдің өзінде-ақ өзінің 2050 жылға дейінгі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге үміт арта алатындығына әрі әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан көрінетіндігіне сенімдіміз. Бұл ел әлемнің барлық басқа елдері сияқты өзінің жас ұрпақтарына тәуелді. Дегенмен сіздер өздеріңіздің стратегиялық мақсаттарға қол жеткізе алатындықтарыңызға әр уақытта да сенімді бола аласыздар. Өйткені инвестицияны жас ұрпаққа салып отырсыздар. Осыдан 20 жыл бұрын бұл бағдарлама жүзеге асырыла келгеннен бері оның аясында 10 мыңнан астам студент білім алды. Оның шамамен 4 мыңы Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында оқыды. Осы ретте қазақстандық студенттердің басым бөлігі біздегі әлемдегі үздік университеттерді таңдайтындығына өте қуаныштымыз. Біздің университеттер әр кезде де Қазақстаннан келген студенттердің білім сапасын ерекше ілтипатпен атап өтеді.
Асқар Мұнара, «Назарбаев Университеті» жер ғылымдары орталығының директоры:
– «Болашақ» бағдарламасының арқасында Франциядағы геология және минералогия ғылымының докторы дәрежесіне ие болдым. Қазір «Назарбаев Университетінде» геология кластерін құру жобасының жетекшісімін. Алға қойған негізгі мақсатымыз – еліміздің әлеуметтік даму жоспарын, «Қазақстан-2050» Стратегиясын шикізатпен қамтамасыз етіп, жаңа ғасырда мемлекетіміздің әлем геологиясы картасында беделді орнын нығайта түсу болып отыр. Соңғы уақытта қазақстандық геология саласындағы тың өзгерістер де – Елбасының саясатының арқасы. Біз Елбасымен біргеміз.
Ендігі дәуір – білім мен экономиканың дәуірі
Елбасының сөзіне қарағанда, болашақта дәл осы білім мен экономика – дамудың шешуші факторы болып табылады. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы жас Қазақстан үшін ең маңыздысы жаратылыстану ғылымдарын: физика, химия, биология, математиканы дамытуға салмақ сала сөйледі. Өйткені нақ осы салаларда инновация үшін таусылмас әлеует бар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ел дамуына креативтік серпін берудің аса маңызды екенін атап өтті. «Сондықтан да Қазақстан ғылымға бұрынғыдан да мол инвестициялар салып жатыр. Жаңа зертханалар озық қондырғылармен жабдықталып салынуда. Қаржыландырудың жаңа жүйесі жүргізілуде. Бізге осы әлеуетті пайдаланатын адамдар керек», – дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі ел дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті. «Болашақ энергиясы» атты тақырыппен өтетін осынау халықаралық шара менің ойымша, «жаңа экономикаға» өтудің маңызды кезеңі болады. Бұл экономика мүлдем басқа қондырғыларды, басқа индустрия мен басқа өнеркәсіпті талап етеді. Сондықтан да біз осындай мүлдем басқа, мүлдем жаңа дүниелерді қолдана отырып, Қазақстанда индустрияның қандай болуы керектігіне қатысты түсінікті түбегейлі өзгертуге тиіспіз», – деді Елбасы.
«Жаһандық жағдай», «ғылым дәуірі» демекші, Елбасы адамзат дамуының келешек кезеңін сөз ете отырып, бірқатар мысалдарды алға тартты. Мәселен, 2050 жылға қарай адамзаттың азық-түлікке сұранысы екі есеге, тұщы суға бір жарым есеге артады. «Табыстың кілтін көру үшін «мұрынды көкке көтерудің» қажеті шамалы. Қазақстанның 2050 жылғы перспективасы барынша айқын. Бұл жерде ешқандай да қиял-ғажайып дүние жоқ. Біз «2030» дегенде де «бұл не қылған жоспар, бұл не қылған сәуегейлік» деп шыққандар да болып еді. Мына 2050 жылғы Стратегияны да біз мерзімінен бұрын бітіреміз, мен мұны анық білемін», – деді Н. Назарбаев. Сондай-ақ Елбасы бұл үшін ХХІ ғасырдың ортасы қандай болатынына көз жүгіртудің де артық еместігін айтты. Президенттің пайымынша, жақын дәуірдегі басты мәселенің бірі – Жер шарының шектеулі ресурстарына орай миллиардтаған адамды қалай тамақтандыру турасында болмақ. «БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, азық-түлікке бағаның жоғары болуына, судың тапшылығына байланысты көптеген елдер жапа шегеді. Сондықтан да біз Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Израиль елдерінің ауыл шаруашылығын қалай көркейтіп жатқанына баса назар аударатын боламыз. Жалпы, біз ауқымды ауыл шаруашылық аумағына иеміз: 40 млн гектар егістік, 280 млн гектар жайылымдар бар. Бұларды қалай пайдаланып жатырмыз? Өте нашар. Біз гектарына 13 центнер алғанға бөрікті аспанға атамыз. Ал қасымыздағы Қытай гектарына 20-30 пайызға жоғары алады. Мінеки, біз ауыл шаруашылығына нағыз ғылым ретінде қарай алмай отырғанымызға осы ғана айғақ бола алады. Ендеше, осы ғылыммен түбегейлі айналысуға тиіспіз», – деді ҚР Президенті.
Білікті маман қайда болса, экономика да сонда барады
«Ғылыми қамтымды экономиканы тиімді білім жүйесінсіз елестету де мүмкін емес. Бұл бағытта біз білім беруді мектеп партасынан бастап өзгертуге ұмтылып жатырмыз. Басты міндет келешектің педагогтарын даярлау. Мәселен, Финляндияда педагогтарды мектеп бітіруші сынып арасынан іріктеп, сол түлектердің ішінен ең үздік оқитын 10 пайызынан ұстаз даярлайды. Сингапурде мұғалімдер жыл сайын 100 сағаттық курстан өтеді. Жапонияда мұғалімдер үшін жетілудің жіті тәсіліне тұтастай жыл арналады», – деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы дуалды оқыту жүйесіне тоқтала келе, мәселе білікті мамандар туралы болып отырғанына назар аудартты. Президенттің пайымынша, білікті маман қайда болса, экономика да сонда барады. «Сондықтан да, немістің дуалды білім беру жүйесі бізде толығымен қолданылуы керек», – деді Елбасы. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандыққа оқитындардың 25 пайызы ғылым мен білім саласына тиетінін айтып, мұны алдағы уақытта арттыра беру қажеттігін де еске салды. Н.Назарбаев бұл бағытта «болашақтықтар» басым рөл атқаруы тиістігін айтты.
Президент талантты жастардан инновациялық ұсыныс күтеді
Сөз арасында Елбасы экономикасы барынша жемісті елдер ұлттық аэроғарыштық бағдарламаларды жүзеге асыруға белді бекем буынатынын да әңгімеге арқау етті. Ал әлемде ғарыш айлағына ие бес ел бар болса, соның бірі – Қазақстан. Ендеше, басқадан гөрі қазақ жастарында мүмкіндік зор деген сөз. Президент те өз пікірін осы салаға негіздеп өтті. «Ғарыш саласы іс жүзінде, уақыт, кеңістік және өзінің әлеуеті бойынша шексіз. Дегенмен әзірше ғарыштық қиянға көз салмай, біздерге ұлттық-көліктік жүйені дамыту қажет. Өйткені, ХХІ ғасыр – жылдам жер үсті, жерасты және әуе көліктерінің дәуірі. Әлемде көліктің инновациялық түрлері ашылатын болады, олармен үздік зертханалар жұмыс істеуде. Біздерге де оларды құру қажет. Оны сіздер ұсынуларыңыз, біздерге не істеу керектігін айуларыңыз қажет», – деді Н.Назарбаев. Сосын Мемлекет басшысы жас ғалымдардың жаңа энергия көздерін іздеумен әуестенуі де абзал іс болатынын айтты. «Таяу онжылдықтың ішінде көмірсутектер мен бейбіт атомға басымдық беру қала береді, сонымен қатар, мамандардың бағалауынша, әлі де ондаған жылдар бойы көмірсутек дәуірі жүреді. Дегенмен мұның барлығы да – біздер үшін белгілі энергия түрлері. Бірақ біздерге көкжиекке көз салу қажет. Мұны сіздер істемегенде басқа кім істейді? Бұлар – басқарылатын термоядролық синтездер. Сутектік энергетика, оның тиімділігі біздерге белгілі энергия көздерінен 40 пайызға артық», – деді Елбасы. Сонымен қатар, жаңа энергия көздері қатарында жасанды фотосинтезді, шоғырландырылған күн энергиясын атап өте келе, Мемлекет басшысы: «Жас ғалымдар, энергетиктер осындай перспективалармен әуестенуі тиіс», – деді.