Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды. Сапар барысында Мемлекет басшысы облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралап, өңірдегі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан жаңа жобалармен танысып, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.
Елбасы ең әуелі Өскеменнің іргесінде «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында қандастарымызға арналып бой көтерген жаңа елді мекен – Новоявленка ауылының құрылысымен танысып, жаңа баспанаға кіріп, қоныс тойын тойлап жатқан оралман ағайындармен жүздесті. Солардың бірі – атажұртқа осыдан төрт жыл бұрын қоныс аударған Атан әулеті. Қытайда жүргенде заңгер, ауыл әкімі секілді қызметтерді атқарған отағасы Нұрбақыт Атанұлы бүгінде жаңа ауылдың әкімі болып тағайындалған. Президент осы кісінің шаңырағына кіріп, хал-ахуалдарымен танысып, Ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтап, тоңазытқыш сыйға тартты.
Айта кетейік, ауыл құрылысының алғашқы кезеңіне республикалық бюджеттен 3,9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда 363 үй, 600 орындық мектеп пен балабақша құрылысы салынып жатыр. Білім ошағына – 436 миллион, балабақшаға 310,8 миллион теңге бөлінген. Қос нысан күзге салым пайдалануға берілмек.
Ауыл құрылысының екінші кезеңі де басталар күн жақын. Бұл кезеңде тағы да 100 баспана салу жоспарланып отыр. Жалпы, бұл ауылда ұзын саны 700 үй салынады деген жоспар бар.
Мемлекет басшысы бұдан кейін Өскемендегі бір кездері жабылып қалып, бүгіндері Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қайта жөндеуден өткізілген Raimbek Vostok Agro сүт зауытының ашылу салтанатына қатысты. Зауыт қызметкерлерімен кездесті.
– Шығыс Қазақстан облысы республикамызда сүт өндіру бойынша бірінші орында келеді. Дегенмен сіздерде өнімнің тек 30 пайызы ғана қайта өңделуде. Сондықтан сіздердің кәсіпорындарыңыз қазіргі заманғы технологиялардағы сүт өндірісіндегі қайта өңдеуді арттырудың алғашқы қарлығашы, – деді Елбасы қызметкерлермен кездесуінде.
Зауыт қызметкерлерімен пікірлескеннен кейін Елбасы өңірдегі ірі кәсіпорындардың қызметінен хабардар ететін көрмені тамашалап, әр өндіріс орнының жұмысымен жеке-жеке танысып шықты. Содан соң аймақтағы іргелі кәсіпорын мен шаруашылық басшыларымен тілдесті. Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінде ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті.
– Қазір біз тауарлық ет өнімдерін дамытуға шамамен 6,7 миллиард теңге бөліп отырмыз. Бүгінде кез келген ел азаматының ауыл шаруашылығымен айналысуға толық мүмкіндігі бар. Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр, – деді Президент.
Сонымен қатар Елбасы шаруа қожалықтарының басшыларына еліміздің Кедендік одаққа текке кірмегендігін, одақтың барлық мүмкіндігін толық пайдалану керектігін, әсіресе көршілес елдерге ет өнімдерін экспорттауды қолға алуды нықтап тапсырды.
Сүт зауытынан кейін Мемлекет басшысы «Наурыз – достық пен гүлдену мерекесі» фестиваліне қатысып, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Жиынға этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерінен бөлек, 5000-ға жуық халық қатысты.
Президент әуелі жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, 5000 жылдық тарихы бар ұлық мерекенің осыдан 20 жыл бұрын ел Тәуелсіздігімен бірге қайтып оралғанына тоқтала келе, биылғы жылдың ұлтымыз үшін айрықша жыл екендігіне тоқталды.
– Тарих үшін қысқа мерзім аралығында елімізде қыруар шаруа атқарылды. Жиырма жылдың ішінде біз мемлекетті құрдық. Қазақстанды дүниежүзіне паш еттік. Елімізге деген дүниежүзінің құрметінің арқасында былтыр 56 мемлекеттің басшыларының басын қосқан саммит өткіздік. Биыл Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етіп отырмыз. Осының барлығы еліміздің ынтымақ-бірлігін, татулығын көрсетеді, – деді Елбасы.
Жиырма жылда ел экономикасы 12 есеге өскен. Экономиканың өсімі елдегі зейнетақы мен жалақының артуына мүмкіндік тудырып отыр. Бүгінде әлемнің таңдайын қақтырған елдің жаңа астанасы бой көтерді. Жыл сайын жаңа зауыттар іске қосылуда. Ең бастысы, елдің басы аман, бауыры бүтін. Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт өкілдері бір атаның баласындай береке-бірлікте күн кешуде. Осылардың барлығына шолу жасай сөйлеген Елбасы бұл ретте Шығыс Қазақстанды мысалға келтірді.
– Бүгінде өңірде 105 ұлттың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. 81 этно-мәдени бірлестік жұмыс істеуде. Шығыс Қазақстанда Қазақстан халқы Ассамблеясының ғажайып құрылымы қалыптасқан. Алты Достық үйі жемісті жұмыс атқаруда. Биыл тағы да екі Достық үйі ашу жоспарланып отыр. Менің есімде, 1992 жылы еліміздегі тұңғыш Достық үйін осы Өскеменде ашқан болатынбыз. Өткен жылы қалада тағы да елімізде алғаш болып этноауыл іске қосылды, – деді Президент.
Сонымен қатар Елбасы өзінің биылғы Жолдауында көрсетілген міндеттердің барлығы елдің өсіп-өркендеуіне, елдің әрбір азаматының әлеуетін арттыруға, әсіресе ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған қарапайым жұртқа бағытталғанына тоқталды.
Мемлекет басшысы еліміздің басты байлығы қазақтың қамқорлығының арқасында айрандай ұйып отырған ұлт арасындағы татулық екенін, сол татулықтың шырқын бұзбай сақтай білу, қорғай білу елдің әрбір азаматының міндеті екендігін және оның Ата Заңмен қорғалатынын атап өтті.
Жұрт есінде болар, өткен жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастама осы Өскеменде көтерілген болатын. Мемлекет басшысы осы жиында елді елжіреткен игі бастаманы көтеріп, қолдап-қоштағаны үшін шығысқазақстандықтарға алғысын жеткізді.
– Сол кезде бұл бастаманы 5 миллионнан астам қазақстандық қолдап, қуаттады. Бұл – еліміздің электоратының 62 пайызы. Біздің бірлігіміз – Қазақстанның табысты дамуының басты кепілі. Күн сәулесі алдымен жететін шұғылалы шығыс – Абай мен Мұхтардай алыптарды берген алып құрсақ. Менің өкілеттігімді референдум арқылы ұзарту бастамасы осы шырайлы шығыс өңірінде көтерілген болатын. Сіздердің ыстық ықыластарыңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.