Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулин Қазақстаннан наурыздың ортасында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды қамауға алынғаннан кейін кетіп қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ҚазТАГ дереккөзінің мәліметінше, Нығматулин астанадан Атырауға жеке ұшақпен ұшқан, содан кейін бірден Comlux компаниясына мініп, Баку қаласын бетке алған.
Дереккөздің айтуынша, Нығматулиннің елден осындай күдікті жолмен кетуінің себебі ізін жасырмақ болғанын көрсетуі мүмкін.
Ғаламтордан және дереккөзден белгілі болғандай, Нығматулиндер отбасының жеке ұшағы бар және ол онымен Дубайға, тіпті Лондонға да оңай ұша алатын еді. Алайда мәліметке сүйенсек, Нығматулин кейін Әзербайжан астанасынан кез келген елге, бәлкім, басқа төлқұжатпен ұша алуы үшін осындай күрделі бағытты – алдымен Атырауды, одан кейін Баку қаласын таңдаған.
Бұған дейін Telegram арналарда Нығматулиннің қашып кеткені туралы ақпарат тараған болатын, бірақ ол ресми расталмады.