Нұр-Сұлтанда студенттер қалай оқиды
Елорда әкімі қандай жағдайда оқу процесі тағы да қашықтан болуы мүмкін екенін атап өтті
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов оқу орныдарының ректорларымен жаңа оқу жылына дайындық мәселесін талқылады, деп хабарлады астаналық әкімдіктің ресми сайты.
"Бір айдан соң оқушылар мен студенттер үшін жаңа оқу жылы басталады. Оқу орындарын оффлайн форматта қайта ашу үшін қалада ауқымды вакцинация жүргізіліп жатыр. Ол ұжымдық иммунитетті дер кезінде қалыптастыра отырып, қалыпты өмірге орала аламыз", - деді қала басшысы.
Оның айтуынша, 17 жоғары оқу орнының 11-інде "Ashyq" жобасы қолданылады. Ол оқытушылар мен студенттерді қауіптен қорғауға мүмкіндік береді. Әкім қалған университеттер де "Ashyq" жобасына қосылуы керек екенін айтты.
"Оқытушылар мен 18 жастан асқан студенттер екпе алуы тиіс. Ұжымдық иммунитет қалыптаспай, коронавирустың таралу ошақтары пайда болса қашықтан оқытуға қайта көшуге мәжбүр боламыз", - деді Көлгінов.
Ол оқу орындарын санитайзерлермен жабдықтау, медициналық пунктер жұмысын күшейту, студенттер ағынын үйлестіруді ұйымдастыру қажеттігін еске салды.