«Нұр Отан» болашақ жолын айқындады
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасыман «Нұр Отан» партиясы өзінің жаңа саяси доктринасын әзірлеген болатын. Маңызды саяси құжат екі ай бойы қалың бұқараның, түрлі сала ұжымдарының терең талқысынан өтіп, кеше кезектен тыс шақырылған партияның XV съезінде құпталды. Сөйтіп, билік партиясы дамудағы биік белесті, мәуелі межені нысанаға алды. Партия Төрағасы, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен алқалы жиын Әнұранмен ашылған болатын. Айтпақшы, басқосуда «Нұр Отан» атауынан «халықтық демократиялық» деген тіркесті алып тастаған делегаттар, «Елім менің аңсағанды» айтып тарқасты.
Бірден айтатын мәселе, «Нұр Отан. Нұрлы болашақтың жолында!» атты жаңа саяси доктрина «Қазақстан – 2050» стратегиясымен ұштастырыла әзірленген. Бұны съезд барысында айтылған пікірлерден де, Елбасының түйінсөзінен де аңғарамыз. Сөйтіп, партияның ХХІ ғасырдағы миссиясы тұтастай Президент айқындаған сара жолмен қабысады. Сондықтан да, съезд барысында бірқатар пікірлерді тыңдаған соң сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жаңа доктрина қабылданатын күнді «Нұр Отанның» ғана емес, жалпы ел дамуының айрықша датасы ретінде атап өткен болатын. Партия лидерінің айтуынша, кешегі кезектен тыс съезд өткен 15 жылдың қорытындысын шығару тұрғысынан ғана емес, болашақ бағдар тұрғысынан да бөлекше күн. «Ең ұлы жолдың өзі шағын ғана қадамнан басталады. Осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съезіне небәрі 400-ге жуық делегат қатысқан еді. Аз ғана жылда «Нұр Отан» 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар алып құрылымға айналды. Атқарушы және өкілетті билік тармақтарында тізгінді берік ұстады. Елдік істердің барлығына белсене араласып келеді. Менің бастамаларыма әрдайым қызу қолдау білдіріп, идеяларымды құлшына іске асырып келеді. Осы арқылы телегей тәжірибе жинақтады. Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. «Нұр Отан» нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» дейді халқымыз.
Күнімізді шуақты ете түсу үшін елімізді қуатты ету – барлығымыздың ортақ парызымыз», – деді кешегіні саралап, бүгінгіні салмақтаған Елбасы. Ал маңызды мәселе – жаңа саяси доктринаға келсек, оның көздейтіні «Қазақстан – 2050» стратегиясында айқындалған. Сондықтан да партия төрағасы әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосылу секілді ұлы мақсатты «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығына теңеді. «Біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік. Әралуандылығымыз – байлығымызға, бірлігіміз табысымызға айналды. Осыны ұлт зиялылары үнемі есте ұстап, жастарға әрдайым ынтымақтың үлгісін көрсеткені жөн», – деді Н. Назарбаев.
2050 стратегиясы – Қазақстанның қуатты мемлекетке айналатын зор мүмкіндігі
Бұдан әрі сөзін Елбасы әлемдегі алмағайып құбылыстардан бастаған болатын. Ал осындай шапшаң құбылыстардың дүрбелеңіне еріп кетпеген Қазақстан өзінің болашақта басар тауын, барар жерін де айқын біледі. Бұл – еліміз үшін ең басты мәселе. «ХХІ ғасырдың ортасындағы тарихи апогей нақты айқындалды. Бағдарлама жан-жақты жасалды, біз не істеу керектігін білеміз әрі оны қалай істеп, сол арқылы қандай мақсаттарға жететінімізді де болжап отырмыз. Әлбетте, өмір бір орында тұрмайды, тарих қашанда өзінің аргументтерін алға тартады. Құбылысты, бұрылысты кезеңге дайын болуымыз керек» – дей келе, Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы басты межелерге тағы бір назар аудартты. Қазақстан халқының тарихында мұндай ауқымды әлеуметтік-экономикалық мақсаттар қойылмағанын, ондай биік мақсаттарға қол жеткізілмегенін де меңзеді, – Елбасы.
Тоқтала кететін жайт, «Қазақстан – 2050» стратегиясында Нұрсұлтан Әбішұлы ХХІ ғасырдың жаһандық 10 сыни қатерді бөле-жара болжаған еді. Сондай болжам өткен бір жыл ішінде-ақ дұрыстығын көрсетті. Мәселен, жыл басында орын алған Кипр дағдарысы әрең толқыннан толқын тудырып барып, әрең ауыздықталғандай болды. Елбасы айтқан Еуроаймақтағы экономиканың ең төменгі макроэкономикалық көрсеткіші де күрделі күйінде қалып отыр. Осы аймақта әлеуметтік саяси дағдарыстың өзектілігі күн тәртібінен түскен емес, жоғары деңгейдегі жұмыссыздық та жалғасып келеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы БҰҰ сарапшыларының жақында жария еткен баяндамасына да тоқталды. «Ондағы мәліметтерге қарағанда, 2050 жылға қарай Жер шарының 50 пайызы судың тапшылығы жағдайында өмір сүреді. Бүгінгі күні ғаламшар азаматтарының 80 миллионға жуығы кедейліктің шегінде өмір сүрсе, жыл сайын әлемде 40 миллионға жуық бала аштық салдарынан көз жұмады. Таяу Шығыс ендігі күні «арабтың анти-көктемін» бастан кешіріп жатыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек, Елбасы әлемнің жақын кезеңдегі даму сатысы төтенше күрделі жағдайда болатынын болжайтынын жеткізді. Ендеше, әлемдік алмағайыптың осындай жағдайында барша қазақстандықтар дамудағы қазақстандық тұрақтылықты бағалауы керек. Айталық, жоғарыда сөз болған жаһандық дағдарыс қиындықтарына қарамастан, еліміздің ағымдағы дамуы орнықты. «Болжам бойынша еліміздің ағымдағы экономикалық өсімі 6 пайыз шамасында болмақ. Бұл – әлемдік деңгейдегі бүгінгі күннің ең жоғары көрсеткіштерінің бірі», – деді Н. Назарбаев.
Ортақ ұстаным біреу ғана – елдің бірлігі, қазақтың бірлігі
Алдағы межелер туралы айтылған тұста партия төрағасы елдегі қуатты саяси ұйымның ХХІ ғасырдағы маңызды міндеттеріне де тоқталып өтті. Н. Назарбаевтың айтуынша, «Нұр Отан» қоғамға төнетін кез келген қауіп-қатер мен тәуекелдерге шапшаң әрі икемді ден қоюы шарт. Осы орайда Елбасы орнықты дамудың берік кепілі болып табылатын ұзақ мерзімді саяси лидерлік қамтылған жағдайда ғана халық та, қоғам да табысқа жететінін алға тартты. Яғни «Нұр Отан» өзінің көшбасшылық қасиетін де, қабілетін де жоғалтпай, қайта оны жыл сайын жаңғырта, жандандыра беруі тиіс. Дәл осындай жолмен Түркия, Жапония, Сингапур, Малайзия, сондай-ақ Солтүстік Еуропаның Швеция, Норвегия, Финляндия мен Дания секілді елдері жүріп өткен. Ал көшбасшылықты уыстан шығармау үшін не істеу керек? «Біріншіден, «Нұр Отан» басты патриоттық күшке айналуы керек. Партияның маңызды миссиясы – Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың жалпыұлттық орталығына айналу. Екіншіден, «Нұр Отан» жалпыұлттық бірліктің орталық буыны болуы шарт. «Нұр Отан» – бұл – халықтар бірлігі партиясы», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан әрі Елбасы: «Біз бабаларымыз сан ғасыр бойы аңсаған арманға қол жеткізгенімізді мақтан ете білуіміз керек. Ұлтымыздың ұлы тарихының жаңа тарауы қуатты да табысты тәуелсіз мемлекеттің шежіресі болып жазылуда. Айтатын сөз біреу ғана – елдің бірлігі, қазақтың бірлігі. Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Қызылжардың арасындағы кең байтақ далада алаңсыз жатқан еліміз осы жылдарда ерлік пен бірліктің үлгісін көрсетті. Соның арқасында осындай табыстарға жеттік. Тәуелсіздіктің қиыншылықпен келетінін, оны ұстап қалудың оңай болмайтынын халқымыз білді. Осыны түсініп отырған, бір жұдырықтай жұмылып отырған халқыма шын жүрегімнен алғысымды айтамын. Барлығымыз қолымызға қонған алтын құс – бақытымызды сақтай білейік», – деді.
Мемлекеттік тілге барынша ден қоятын кез келді
Елбасы партия алдындағы міндеттердің бірі ретінде мемлекеттік тілді нығайту, қазақтың дәстүрін, мәдениетін жаңғырту жұмыстарының тиімді жүйесін жасауды ерекше атап өтті. Айта кетерлігі, жаңа саяси доктринада дәл осы мемлекеттік тіл мәселесі ел бірлігінің факторы ретінде аталған болатын. «Қазақ тілін білу азаматтық парызымыз ғана емес, ұлтқа деген құрметті білдіру болып табылады» – дей келе, Президент «Қазақстан–2050» стратегиясында айтылған ойларын партия алдындағы міндеттермен сабақтастыра баяндады. Айталық, елдің атын «Қазақ мемлекеті» деп өзгерту туралы төте мәселені де былтыр Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында өзі белгілеген, өзі жариялаған. Бұл жолы партияластарының алдында Президент мұны тағы да қуаттады. «Мұндай атауға да келетін заман болады. Ол алыс емес, стратегияда айтып кеттім. Жалпы, жағдайдың барлығын білемін. Келе жатқан жолымыз дұрыс, бірте-бірте барлық жағдай түзеледі, барлық жағдай өз шешімін табады. Бәріміз қолымызға қонған алтын құсымызды, бақытымызды сақтай білуіміз керек. Айтайын дегенім, бүгінгі кезең – ана тіліміз бен ата дәстүріміздің, ұлттық мәдениетіміздің мәңгі жаңғыру дәуірі. Біз 2025 жылға дейін мектептегі балалар түгел қазақша оқып шыққан кезде бәріміз қазақ тіліне көшеміз деп белгіледік», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сонымен қатар партия лидері Конституциядағы екітілділік деген мәселенің бар екеніне де мән беріп, оның астарын, амалын ұғындырып өтті. «Бұл – елдің бірлігі үшін, сыртымыз бен ішіміздің бүтіндігі, тыныштығымыз үшін жасалып отырған шаруа, мәселе мен амал. Басқа жол бізге жоқ еді. Тәуелсіздік алған тұста халқымыз қанша болғанын баршаларыңыз білесіздер. Ал қазір қазақша сөйлейтін халқы 70 пайыздан асқан өңірлердің барлығы қазақ тіліне көшулері керек. Қазақшасы одан аз өңірлер де бар. Ол жерлерде қостілділікті сақтау керек. Дегенмен ондай облыстардың ішіндегі аудандар да бар, сол аудандардан бастап бәрін ептеп-ептеп көшіре берсек, ел үйрене береді. Біз де алға қарай жылжи береміз. Аманшылық болса, болашақта барлық арманымызға жетеміз. Қазақтың тілін үйрету үшін барлық әкімшіліктер соған көңіл бөліп, оқытып, үйретіп жатыр», – деп ойын түйіндеді Елбасы.
Үш тілді білу қазір де, болашақта да ең дұрыс жол болып қала береді
Мұнымен қоса, Президент мемлекеттік тілдің мәртебесі мемлекетік қызметте де орнықты көрініс тауып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, «А» корпусына таңдалғандардың барлығына бірінші парыз мемлекеттік тілді білу болды. «Осындай қадаммен бассақ, арман орындалады. «Нұр Отан» мемлекеттік тілді нығайтуда қазақтың дәстүрі мен мәдениетін жаңғыртуға байланысты қоғамдық жұмыстардың тиімді жүйесін жасауы тиіс. «Біздің тіл, біздің дәстүр мен салтымыз» деп отыра бермей, өсіп, өркендеп бара жатқан дүниемен де бірге болуы керек», – деді Н. Назарбаев. Ал өркендеп бара жатқан жұрт деген кім, ол қай тілде сөйлейді? Осы жағы маңызды болуы керек. Бұл ретте, Нұрсұлтан Әбішұлы бірқатар елдердің жүріп өткен жолын да еске салды. «Сонау жылдары отарлаушылардан тәуелсіздік алған Үндістан секілді елдер өздерінің үнді тіліне көшіп алды да, кейіннен үш жылдан кейін ағылшын тіліне қайтып оралды. Өйткені дүниедегі коммуникация, білім де осы тілде. Халықаралық қарым-қатынас та сол тілде. Сингапур да, Малайзияда да солай болды. Сондықтан да бәрін орын-орынымен жүргізгеніміз абзал. Үш тілді білуге жастарымызды тәрбиелеу дұрыс деп санаймын. Қазір де, болашақта да бұл дұрыс үдеріс болмақ», – деп түсіндірді Н. Назарбаев. «Жағдайымыз – солай, географиялық орнымыз – солай, заманымыз – солай. Техника мен технологияның барлығы – солай. Айталық, келешекте әлемдік жаңалықтың барлығы Қытайдың уысында болса, онда қытай тіліне де басымдық берілуі мүмкін. Өйткені бұл – сұраныс, бұл – заман талабы. Сонымен бірге тың ғылым мен білім, озық техника мен технология орыс тілінде болса, орыс тіліне де басымдық беруіміз керек. Айта кетейін, дүниежүзінде жылына 10 млн кітап басылып шықса, соның 85 пайызы ағылшын тілінде. Біздің жастарымыз сол тілді білмесе, білімді қайдан алады. Ал орыс тілі – БҰҰ-ның аясындағы алты тілдің бірі. Одан неге ажырауымыз керек? Ұлы көршімізбен қарым-қатынас ешуақытта қалмайды. Оны тек дұрыстай беруге тиіспіз. Адамға да, мемлекетке де көршіні Құдай береді, сұрап немесе қалап ала алмайсың. Мәңгілікпен бірге келе жатқан достығымыз бар, соны сақтап қалу – парызымыз».
«Нұр Отан» қашанда азаматтық қоғамның көшбасшысы болуы тиіс
Партия басымдықтарын айқындау барысында Елбасы мемлекеттің жаңа өңірлік саясатына да мән берді. «Республиканың барлық өңірі бойынша ауыл әкімдерінің, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің сайлаулары өтті, жергілікті билік айтарлықтай жаңарды. Орталықтан өкілеттіктер жергілікті жерлерге берілді. Мемлекеттік қызметте көтерілу тек сіңірген еңбегіне қарай бағаланатын жүйе түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қазір басқарушыларды қабылдаудың конкурсы айтарлықтай жаңарды. Бұл бағытта партия жұртшылықтың бөлігіндегі жершілдіктің көне формасын санасынан еңсеруі керек», – деді Н. Назарбаев. Бұдан бөлек, Елбасы «Нұр Отанның» қашанда азаматтық қоғамда көшбасшы болуы тиістігін айрықша атап өтті.
Н. Назарбаевтың айтуынша, партиялық көшбасшылықтың және бір қыры – экономикалық және әлеуметтік жаңашылдықтың эпицентрі болуында. Бұл ретте Президент «Нұр Отанның» қоғамдағы батыл инновациялық идеяларды енгізуді қамтамасыз етуі керектігін айтты. «Бүгінгі таңда әлемдік экономика екі маңызды проблемамен жұмыс істеп жатқаны белгілі, бұлар: инновациялық-индустриялық жаңа кәсіпорындар құру арқылы экономика өсімі мен жаңа сападағы кәсіби мамандар даярлау. Екінші мәселе жұмыс орындарын құру. Осы екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан да, біздің индустриялық даму бағдарламамыз дер кезінде қабылданып отыр. Бұны ел экономикасын серпілтетін негіз ретінде пайдалануымыз керек. Экономика өсімі мен жұмыс орындарын құру инновация арқылы қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Н. Назарбаев. Елбасының айтуынша, ХХІ ғасырда ғылыми жаңалықтар маңызды рөл атқарады. Осыған орай, болашақ энергиясымен, балама қуат көздерін ашумен жұмыс істеу қажеттігіне баса назар аударды.
ХХІ ғасырдағы көшбасшы партия - бұл жалпыхалықтық бақылаудың басты құралы
Сөз арасында «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыру мәселесіне мән бере отырып, Н. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ең алдымен парламенттік және қоғамдық бақылауды кеңінен пайдалануы керектігін атап өтті. Ал қоғаммен біте-қайнасу дегеннің өзі қоғамның түйткілді мәселелерін тап басумен ұштасады. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы «Нұр Отан» партиясы фракциясының салық салу мәселелеріне қатысты принципті ұстанымын ерекше атап өтті. «Партиялас депутаттардың орта буынға салық ауыртпалығын ұлғайтуға жол бермеу туралы ұстанымдары абсолютті дұрыс деп санаймын. Біз бұған әлі жеткен жоқпыз. Бізде 20 пайыздан астам өнімді шағын және орта бизнес өндіреді, ал дамыған елдерде ол 60-70 пайызды құрайды. Біздерге 50 пайыздық көрсеткішке жету қажет», – деді Елбасы. Осы орайда Мемлекет басшысы сән-салтанаттыққа, элиталы жылжымайтын мүлікке және темекі, алкоголь сынды басқа да теріс әуестіктерге жанама салық енгізу қажеттігін баса айтты. «Мұнда қызмет аясы кең. Бұл дұрыс, азаматтық әрі отансүйгіштік ұстаным болады. Үкімет парламентарийлердің пікірлеріне құлақ асып, бұл міндетті бірлесіп шешу қажет», – деді Н.Назарбаев.
Жастар саясаты толыққанды орындалмай келеді
Жиын барысында « ХХІ ғасырда жастарды қолдаушы партия ғана көшбасшылықты ұстап тұра алады» деп мәлімдеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет тарапынан осы бағытта атқарылып отырған жұмысты сынға алды. Елбасы «Жас Отан» 200 мыңнан астам адамның басын біріктіріп отырғанын, бір жыл бұрынғы басқосуда жастармен жұмыс бойынша кешенді жоспарын ұсынғанын жеткізді. «Ашығын айтайын, менің тапсырмаларым жартылай ғана орындалып отыр. Мәселен, Үкімет 2020 жылға дейінгі жастар саясаты тұжырымдамасын бекітті. Алайда оны жүзеге асыру іс-шаралары бойынша қаржыландырудың көлемі анықталмаған. Барлығы бағдарламалардың әкімшіліктеріне келісілген шек бойынша берілген. Ал бұл шекті қаражат тұтынушыға жете ме, жоқ па? Бұл белгісіз. Тағы бір мысал, менің тапсырмам бойынша Білім министрлігі «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құрды. Алайда қаржыландырудың жоқтығынан бұл да толыққанды жұмыс істей алмай отыр», – деді Елбасы. Президент сөз арасында өңірлерде жастар ресурстық орталықтарын құру жұмысы созылып кеткенін, Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында бұл жұмыс мүлдем басталмағанын алға тартты.
«Тек қана алға, Қазақстан!» - біздің партиялық брендіміз
Партияластары алдында сөзін қорытындылаған Елбасы «Нұр Отанның» алдағы лидерлігіне сенімділігін шегелеп жеткізді. «Ешқашанда абстрактілі міндетті белгіліп, құрғақ уәде берген емеспіз. Біз өзіміздің әр сөзімізді нақты еңбегімізбен көрсетіп, нақты ісімізбен дәлелдеп келеміз. Бұл жалғаса береді деп сенемін сонда ғана халықтың кең қолдауына ие боламыз. Өйткені «Нұр Отан» – бұл көшбасшы партия, бұл – халықтың партиясы. Біздің басты брендіміз бен ұранымыз «Тек қана алға, Қазақстан!». «Қазақстан-2050» стратегиясын орындау барысында бұл ұранның мәні ашыла түседі деп ойлаймын. Жаңа индустриялық-инновациялық экономикада – тек қана алға! Жаңа өмір сапасына қарай – алға! ХХІ ғасырдағы қарқынды, жауапкершіл мемлекет ретіндегі Қазақстанның халықаралық беделінің жаңа шыңдарына қарай – алға! Бұл біздің ХХІ ғасырдың ортасына дейінгі даму векторымыздың үштұғыры. Мұнда партия мен мемлекеттің алдағы жұмысының тарихи мәні қамтылып отыр әрі ортақ қазақстандық арманның терең мәні жатыр. Алға Нұр Отан! Қазақстан тек қана алға!», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы. «Алдымызда биік-биік белес бар. Оларды алқынбай асу, белестерді барлықпай бағындыру – өз қолымызда. Мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, жауапкершілік біздің ең басты құралымыз. Елімізді ұдайы қамшылап, алға ұмтыла білсек қана «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Партиямыз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Мәңгілік елді бірге жасайық. Алға, Нұр Отан! Алға, Қазақстан!», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы сөзінен соң «Нұр Отан» партиясының 1200 делегаты жаңа саяси Доктринаны бірауыздан қабылдады. Айта кетейік, аталған құжатта «Нұр Отан» партиясының XXI ғасырдағы негізгі миссиясы көрсетілген. Онда Қазақстанды өркендету басты идея болса, Тәуелсіздік еліміздің негізгі жетістігі ретінде қарастырылады. Ал адам, бостандық, бірлік, әділеттілік, заңның үстемдігі, болашаққа ұмтылыс, отбасы және дәстүр басты құндылықтар болып саналады. Сондай-ақ партияның жаңа Доктринасында табысты дамудың жеті факторы бар. Бұдан соң, партия саяси бюросының құрамы жаңартылды. Сосын партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясының жаңа атауын ұсынып, нәтижесінде «халықтық-демократиялық» деген тіркес алынып тасталды. Мұнымен қоса «Нұр Отанның» жаңа эмблемасы мақұлданды.
Пікірлер
Нұрлан ОРАЗАЛИН, cенатор:
– Бүгінде Батыс пен Шығыс дейтін ұғымдардың арасалмағы өзгерді. Жұмыр жердің төсінде жаңа дәуір өз ықпалын жүргізе бастады. Ол дәуір – қым-қуыт өзгерістердің жұмбағы мен сыры мол жаһанданудың дәуірі. Көзқарастар мен ұстанымдарға тікелей ықпал ету арқылы адам санасын белгілі бір бағытқа бұру, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ұлттық ойлау мен сөйлеу мәдениетінен бастап халықтық болмысты, елдік әдет-ғұрыптарды, тіл мен дінді жасанды өзгерту, бір сөзбен айтқанда, төл топырағы жаратқан құндылықтарды тежеу, адамзаттың бойына нигилистік тәрбиені байқатпай егу, өркениеттер қақтығысын қолдан жасау, мемлекеттердің ішіне жылыстап кіріп, шаңырағын шайқау, төрін тілгілеу секілді әрекеттерге бару – қазіргі кезде аса қиындық тудыра қоймайтын шаруаға айналып отыр. Бұл – уақыт шындығы. Ал партияның жаңа доктринасы ел өміріндегі осындай өзгерістердің түйінделер тұсы мен жаңа дәуір жағдайындағы әлемдік ахуалдың сұрақ-сауалы молайып тұрған кезімен тұспа-тұс келіп отыр. Аталған құжат адам ойы мен санасын тазартуға, ұлт болмысына қаупі бар өзгерістерден қорғануға, уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси-экономикалық және рухани бағыттарымызды жетілдіруге шақырады. Доктрина жүргізіліп келе жатқан сара саясаттың жетістіктерін дәйектейтін әрекеттерге қанат бітіре отырып, әрбір қазақстандықты Тәуелсіздік атты киелі де қасиетті құндылығымызды қастерлеуге, төгіп-шашпай, болашақ ұрпаққа басы бүтін етіп жеткізуге міндеттейді. Ол үшін тәуелсіз қазақ ұлтының тағдырын ойлайтын күллі зиялы қауым, сол санатта еліміздегі барлық саяси күштер осы доктринаның тұсында «сыйысу және ұғысу» дейтін ұлт басын біріктірер уәжге жүгінеді деп ойлаймын. Бір тудың аясында жиналар, жинақталар нағыз кездің келгені анық.
Жұлдыз ОМАРБЕКОВА, «Бауыржан» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті:
– Бүгінде баршамыз қол қусырып отырмай, өз өмірімізді жақсартуға ұмтылып, Қазақстанның өркендеуіне белсене атсалысуымыз қажет. Себебі мемлекеттің жетістігі оның әрбір азаматының жетістігімен өлшенеді. Осы орайда табысқа жеткен қазақстандық азаматтардың қайырымдылықтан ада еместігін ерекше атап өткім келеді. Соңғы он жылдың ішінде жаны жайсаң азаматтарымыз 100 млрд теңге көлемінде қайырымдылық жасап, көптеген әлеуметтік нысандар салды. Биылдың өзінде Ақтөбе облысының Қобда ауылында 150 орынды балабақша, Алматы облысының Жыланды ауылында 650 орны бар мектеп, спорт кешені мен мәдениет үйі бой көтерді. Бұл ел дамуына қосқан азғантай үлес болса да, игілікті істің үлкен-кішісі жоқ қой. Шынымды айтсам, соңғы жылдары мен бірқатар азаматтық бастамаларды іске асырамын деп, «Нұр Отаннан» бір рет емес, бірнеше рет көмек сұраған едім. Партия маған кез келген уақытта қолдау білдірді. Мәселен, биыл біз алғаш рет ата-анасыз қалған балалар арасында футболдан ел чемпионатын ұйымдастырдық. Оған республиканың түкпір-түкпірінен 115 бала қатысты. Ал жарыс жеңімпазы – Есіл қаласының балалар үйі чемпион атанып, Испанияның Барселона клубына жолдама ұтып алды. Балалар әлемге әйгілі футболшылармен кездесті. Міне, осындай жобалар жас жеткіншектерді болашаққа жетелеп, күш-жігер береді. Нәтижесі де жоқ емес. Қазірдің өзінде кейбір клубтар жас футболшыларға қызығушылық танытып отыр. Бәрі өзімізге байланысты ғой.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Әрине, биылғы съездің басты мәселесі, ол – партияның жаңа саяси доктринасы. Оның болашақ бастамалар мен бағдарламаларға арқау болары сөзсіз. Сондай-ақ ол партия дамуындағы жаңа кезеңге жол ашады деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, Қазақстанның алдында тағы бір үлкен әрі маңызды міндет тұр – бұл дамыған 30 елдің қатарына кіру. Оны жаһандық мақсат деп те айтуға болады. Оған жету үшін елдің барлық саяси-экономикалық күшін, сондай-ақ ресурстарды да жұмсау қажет. Алайда оның іске асуы адам факторына – халықтың күш-жігеріне, құлшынысы мен энергиясына тікелей байланысты. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жаһандық мақсат-міндеттерді тек мықты, белсенді және батыл ұлттар ғана орындай алады. Ондай халықтарды идея біріктіріп, алға жетелейді. Оған күш-қуат береді. Сондықтан қазақстандық қоғамда да ұлтты ұйыстыратын құндылықтардың дұрыс жүйесі қалыптасуы қажет. Партияның жаңа Доктринасы осы мақсатты көздейді. Оның бұған дейінгі құжаттардан басты айырмашылығы мынада, бұл – идеологиялық құжат, ал бағдарламалар мен тұғырнамалар, көбінесе, әлеуметтік-экономикалық сипатқа ие болған. Доктрина партияның басты құндылықтарын анықтайды. Олар бұған дейін де болған. Бірақ сан алуан құжаттарда үзік-үзік жазылған. Қазір біз сол бағыт-бағдарларымыздың барлығын жинап, бірыңғай құжат ретінде мақұлдап отырмыз. Осы орайда бүгінде көптеген мемлекеттерде моральдық-рухани құндылықтар «девальвациясының» болып жатқаны туралы айта кеткен жөн. Шынын айту керек, дәл сол мәселе қаржы дағдарысына түрткі болды. Сарапшылардың айтуынша, енді моральдық-рухани жағынан жинақы мемлекеттер ғана стратегиялық басымдыққа ие бола алады. Партияның жаңа Доктринада осы мәселе де ескерілген. Себебі барлық мемлекеттік маңызы бар мақсат-міндеттер идея негізінде орындалуы шарт. Құжат жастарға арнап жазылған. Сондықтан оны Қазақстанның ұзақмерзімді мақсаттарды іске асырудың идеологиялық тұғырнамасы деуге болады.
Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ, «Ерке-Нұр» компаниясының президенті:
–Тәуелсіздік – бар бақыттың бастауы. Дүниежүзі қазақтарының жүрегі «Қазақстан!», – деп соғады. Мен өзім осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанның бір уығы боламын деген тілекпен Қытайдан көшіп келген алғашқы қазақ жастарының бірі едім. Содан өз кәсібімді де аштым. Бас кезінде ұлттық киім өнеріне ден қойған біздің кәсіпорнымызда бес-ақ тігін машинасы болса, бүгінде өсіп-өніп, «Ерке-Нұр» атты үлкен компанияға айналды. Әрине, қиындықтар көп болды. Осының арқасында біраз тәжірибе де жинақтап алдық. Енді, соның негізінде жастарға жол сілтеп, жағдай жасауымыз қажет. Оны «Нұр Отан» партиясының жаңа Доктринасы арқылы жүзеге асыра аламыз деп сенемін. Онда экономикалық саясат барлық азаматтарымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін бағытталуға, сонымен қатар өзара жауапкершілік пен әріптестік, мемлекет пен бизнес қарым-қатынасының маңызды қағидаты болуы тиіс делінген. Сондықтан мен бүкіл кәсіпкерлер атынан Доктринада көрсетілеген бағыт-бағдарды толығымен қолдаймын.
Татьяна НОВИКОВА, Қостанай облысы балалар және жастар ұйымдары қауымдастығының жетекшісі:
– Бұл жыл мен үшін ерекше болды.
23 жасымда мен Қостанай қалалық мәслихатына депутат болып сайландым. Мен білемін, бұл тек өзім және отбасым алдындағы жауапкершілік қана емес, ол – маған дауыс берген мыңдаған азаматтардың маған артқан сенімі. Оны ақтау қажет. Өзім сайланған учаскеде 9 мыңдай адам тұрады. Олардың әрбіреуінің өзіндік мәселелері бар. Сондықтан күн сайын партияның жергілікті қоғамдық қабылдауына ондаған азаматтар келіп, арыз-өтініштерін айтып жатады. Біреуінің ауласын абаттандыру қажет, екіншісінде газ жоқ. Меніңше, кез келген мәслихаттың жұмысы нақты іспен өлшенуі шарт. Ал «нақты адамға – нақты көмек» қағидаты әрбір депутаттың ұранына айналса екен деймін. Халық мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көруі тиіс. Осы орайда партияның әрбір сала бойынша кураторлық қызметті жүргізу тәжірибесі дұрыс деп білемін. Мен өзім жастар саясатына жауапты болғаннан кейін қазіргі жастардың мәселелерін жақсы білемін. Біріншіден, сапалы білім, екіншіден, тұрақты жүмыс, үшіншіден, қолжетімді баспана. Біз осы жағынан барлық жаңалықтарды жеткізуге тырысамыз.