Н.НАЗАРБАЕВ: Лондонда ең танымал әнұран – Қазақстанның Әнұраны

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)

Кеше Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен облыс басшыларымен бірге физика және математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне ат басын тіреді. Бұдан кейін Мемлекет басшысы қала жұртшылығымен кездесіп, жүрекжарды тілектерін арнады.
Аталмыш зияткерлік мектеп 2009 жылдың 1 қыркүйегінде Елбасының тіке­лей тапсырмасымен ашылып, бүгін­де 761 дарынды оқушы білім алуда. Биыл білім ошағын 87 оқушы тамамдап, оның 21-і – «Алтын бел­гі» иесі, ал сегізі үздік аттестат алғаны мектеп үшін үлкен мақтаныш әрі зор мәр­тебе екендігі даусыз. Тек өткен жыл­дың өзінде ғана төрт бірдей шә­кірт­тің Еуропа елдерінде өткен ха­лық­аралық «Фиджип-Евроталан» ғы­лы­ми жұмыстарының жүл­де­гер­лері атан­ғаны, сондай-ақ Швей­ца­рияда өткен халықаралық ғылыми олим­пиа­дада бес оқушының жүл­делі орын­дардан көрінгендігі бұл мек­тептің ғылым жолында жүргізген жұмыс­­тарының нәтижелілігін, қос­қан үлестерінің сүбелі болып отырғанын айғақтап береді.
Елдің ертеңі білімнің көзін табуда болса, сол білімнің қайнар көзі бола­шақ жастардың қолында тұрған­дығын атап көрсеткен Елбасы зият­керлік мектеп оқушыларымен жүздесу кезінде олардың білім жүйе­сіндегі бүгінгі таңдағы рефор­малар және мемлекеттің осы саладағы жеткен жетістіктері мен бола­шақ алар асулары жайлы ойла­рымен бөлісіп, білім саласын жетілдіруде жастардың озық үлгідегі жаңаша білім мен технологияларды игеруі аса қажет екендігін жеткізді. Сондай-ақ Елбасы дарынды жас­тар­дың мемлекетте ел экономикасының даму бағыттары бойынша жасалып жат­қан реформалар турасында ойла­рымен бөлісіп, пікір алмасты. Оқушылардың ата-аналарымен және педагогикалық құраммен әңгі­ме барысында дарынды балаларға арнал­ған оқу орындарының түлек­тері ХХІ ғасырдың соңында Қазақстанды алға сүйрейтінін атап өтті. «Мемлекет білім беруге ерік­кен­нен, былайша айтқанда, басқа ісі жоқ­тығынан баса көңіл бөліп отыр­мағанын сіздер түсінуге тиіссіздер. Бұрын біздің мұндай мектептер салу­ға мұршамыз болған жоқ», – деді Нұрсұлтан Назарбаев жинал­ғандарға қарата айтқан сөзінде. «ХХІ ғасыр – білім ғасыры, ғылым ғасы­ры.
Біз 20-30 жылдан кейін мүлдем басқа ғасырға кіреміз. Бұл мүлдем басқа жұмыс, үшінші индустриялық революция болады. Сондықтан да бізге жарты ғасырдан кейін Қазақстанды алға апаратын адамдар қажет. Сіздердің қазіргі мына балаларыңыз сол сәтке дейін есейіп, ержетеді», – деп атап өтті Президент Н.Назарбаев. Мектеп ұстаз­да­рымен әңгімелескен Мемлекет басшысы білім саласында өзгелерден көш ілгері бол­ғандықтан, зияткерлік мектепке халық­ара­лық білім беру саласындағы жетістіктер мен технологияларды енгізу талаптары жүк­телетінін, сондықтан бұл іске аса жауап­кер­шілікпен қарау керек екендігін ескертті.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Абылай хан атындағы орталық алаңда қала жұрт­шы­лығымен кездесіп, қоғам ортасында беделі мен абыройы жоғары азаматтарды әңгімеге тартты. Облыс тұрғындарымен кез­десуде Мемлекет басшысы Олимпиада ойындары, әлеуметтік жаңғырту, Ақмола облысы үшін ерекше өзекті болып табы­латын тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лықты жаңғырту және тағы басқа мәсе­ле­лер­ді қозғады. Елбасы Нұрсұлтан  Назар­баев  Лондондағы  XXX жазғы  Олим­пиа­да ойындарында  жеңіске жеткен қазақ­стандық спорт­шы­лардың табысын жоғары бағалады. «Лондонда ең танымал әнұран – Қазақстанның Әнұраны. Біз бұрын ондай табысқа жеткен жоқ болатынбыз. Былай қара­саң, спорт, ал  елдің абыройы үшін   ма­ңы­зы  зор», – деді  Н.Назарбаев Көкшетауда жұртшылықпен кездесу барысында. Бұдан басқа Президент Қазақ елінің қарыштап қадам басуына үлкен үлес қосып отырған Ақмола облысының аграрлық аймақ болып табылатынын және Астана жергілікті сапалы ауылшаруашылық өнімдеріне мұқтаж еке­нін ерекше атап өтті. «Енді сіздер аста­налық облыссыздар, мәртебелеріңіз басқа, өнімді тұтынушы – Астана, ол дәл қас­та­ры­ңызда. Оның барлық мейрамханасы, дү­кен­деріне сіздердің шығарған өнімдеріңіз керек, өйткені олар басқаларына қарағанда жақсы әрі арзанырақ. Сату нарығы осында, Көкшетауда бар. Бұдан басқа Астана жақын уақытта миллион тұрғыны бар қалаға айна­лады», – деп атап өткен Елбасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағ­дарламасын тұрғындардың оның пайдасы мен артықшылықтарын әлі де түсіне қоймағанын, сондықтан бұл бағдар­ла­маның мерзімінен бұрын жабылуы мүмкін екенін ескертті. «Тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылықты жаңғырту мәсе­ле­лері туралы айтсақ, біз бұған ешқашан кіріс­кен емеспіз, оған мүмкіндік болмады. 40-50 жыл тұрған барлық «хрущевка» қи­рап жатыр. Енді біз егер өз меншігіңіздегі пәтеріңізді жөндеуден өткізгіңіз келсе, мемлекет сізге жартысын төлеп береді, қалған жартысын өздеріңіз төлейсіздер деп айта­мыз. Мемлекетке бұл шығынның жар­ты­сын 20 жылдан кейін пайызсыз қай­та­ра­сыз­дар. Коммуникация, үйдің шатырын, кіреберістерін жөндеңіздер. Бұдан кейін тұрғын үй ауданының шаршы метрінің баға­сы үш есеге өседі». Бірақ осыны адам­дарға түсіндіре алмай-ақ қойдық. Егер осы­лай жалғаса берсе, бұл бағдарламаны жабу­ға тура келеді», – деп атап өтті Н.Назарбаев.
Президентті қарсы алушы облыс жұрт­шылығының қатарында соғыс және еңбек арда­герлерінің облыстық кеңесінің төр­аға­сы Чапай Әбутәліпов, Қазақ ССР-і Халық әртісі Жібек Бағысова, Социалистік Еңбек Ері Ибрагим Жанғоразов, соғыс ардагерлері Молдыбай Иманғалиев пен Есембек Най­кин­дер болды. Елге белгілі бұл азаматтарды есі­нен шығармаған Елбасы ардақты аға ұрпақ өкілдерінің қоғам өмірінде әлі де болса белсенді әрекет жасап жатқанына шексіз алғысын білдіріп, зор денсаулық тіле­ді. Бұдан кейін ел арасында атақ-абы­ройы жоғары азаматтар, Елбасымен одан кейін болған митингіде Көкшетау қала­сының құр­метті азаматы Болат Сүлейменов, жазу­шы Төлеген Қажыбай, «Зерделі ұрпақ» қоғамдық ұйымының белсенді мүшелерінің бірі Ерлан Ахмеди, Көкшетау қаласы мек­теп­тер мен студенттер ассамблеясы ассо­циа­циясының төрайымы Дина Галлямова және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Ж.Мусин атын­дағы педагогикалық колледж студент­тері Томирис Қошқарбаева мен Людмила Миронова сөз сөйлеп, Елбасының Ақмола облысына арнайы келгеніне алғысын білдіріп, әлемдік деңгейдегі Қазақстанның беделі мен абыройын арттырудағы ерен еңбектері үшін қуанатындықтарын жеткізді. Сондай-ақ жиынға қатысушылар Елба­сы­ның Бурабай-Шортанды курортты аймағын дамыту, сонымен қатар Көкшетау қаласына жаңадан жылу электр стансысын салу, табиғи газбен қамтамасыз ету сияқты іргелі стра­тегиялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткеніне алғыс айтты.
Мемлекет басшысы сонымен қатар Бура­бай селосында солтүстік өңір бас­шы­ла­рымен кездесіп, биылғы қуаңшылық кесірінен астықтың өнімділігі күрт төмендеп кеткендігі жөнінде ойларын ортаға салып, азық-түлік бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға әзірлік жасау қажеттігін де атап көрсетті.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:   
– Еліміздің ең бір сұлу аймағында орналасқан көкшетаулықтар әрқашан еліміздің даму жолында ерекше мәнге ие. Сондықтан бұл аймақта туризм кластерін дамытудың стратегиялық маңызы өте жоғары. Сондай-ақ мемлекетіміздегі ыстық сусыз жалғыз қала болғандықтан, Көкшетауға бұл жағынан бірінші кезекте көмек беру қажет болып отыр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста