Алматыға Германияның жасанды мүше жасаушы мамандары келді. Олар біздің мамандармен өз тәжірибелерін бөліспек. Жуық арада 23 жастағы құлағы жоқ жігітке жасанды құлақ салынады.
Жасанды құлақ, мұрын, көз, жақ сүйектерін жасайтын мамандар Қазақ мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты мен «Алмагест» стоматологиялық орталығы тарапынан шақырту алған. Елімізде жасалатын жасанды мүшелер сапасыз. Ал туабітті немесе түрлі апаттың салдарынан кемтар болып қалатын адамдар саны өте көп. Мүгедектер мұндай оталардың қымбат екендігін біледі. Мамандардың айтуынша, жылына жүздеген адам келіп, жасанды мүше орнатуға тіркеледі екен. Бірақ отандық медицина сапалы жасанды мүшелерді жасауға қауқарсыз. Бұл мәселені шешудің алғашқы қадамдары өткен жылы жасалды. Қазақстандық бір топ маман Германияның Тюбинген университетінде білім жетілдірген. Бірақ бізде жасанды мүше жасайтын технология жоқ. Сондай-ақ зертхана, арнаулы химиялық қоспалар, силикон жасаушы аппараттар керек. Шетелдік маман Денис Валдың айтуынша, бұрын жасанды көз де, құлақ та пластмассадан жасалған. Ол теріге батып, тәнді ауыртуы мүмкін. Ал қазіргі таңда силикон қолданылады. Теріден өзгешелігін оңайлықпен айыра алмайсыз. Жасанды екенін байқау мүмкін емес. «Жылына мыңнан астам адамға жасанды мүше дайындаймын», – деген Д.Вал отандық дәрігерлерге 23 жастағы құлағы жоқ жігітті негізге ала отырып, жасанды мүше орнатудың жаңа әдістерін үйретеді. Операция қымбатқа түсетіндіктен, пациентке Қазақ мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты мен «Алмагест» стоматологиялық орталығы қаржылай қайырымдылық көрсетпек.
Мақсұт Темірбаев, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:
– Мүгедектердің тыныс-тіршілігі қоғамды алаңдатпай отырғанына таңғаламын. Мұрны, көзі, құлағы, жақ сүйектері жоқтар өте көп. Білікті мамандар, қайырымды азаматтар жетерлік. Бұл жолы елімізде тұңғыш рет неміс мамандарының қатысуымен ота жасалады. Десек те, бұл саланы жетік меңгеріп, дамытуға мемлекет тарапынан қолдау болмаса, түк шықпайды. Сол себепті сапалы, жасанды мүшелерге мұқтаж мүгедектерімізге көмек қолын созып, қатарымызға қосуға шақырамын.
Немістер жасанды мүше жасауды үйретпек
Последние статьи автора