Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы жағалауды Көкшетау деп өзгерту туралы шешім қабылданды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап жазды.
«Көкшетау қаласына атау, оның құрамдас бөліктерін қайта атау бойынша ұсыныстар енгізу туралы» мәселелер бойынша депутаттар бірауыздан дауыс беріп, шешім қабылдады», - деп хабарлады Көкшетау қалалық мәслихаты.
Бұған дейін облыс орталығында осы мәселеге байланысты қоғамдық тыңдау өтіп, есімдері мәңгілікке қалатын үміткерлер талқыланған болатын. Депутаттар мақұлдаған соң материалдар республикалық ономастикалық комиссияға жолданады.
Қабылданған жобаға сәйкес, Көкшетауда Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы жағалауға кеңестік мемлекет және саясат қайраткері Кәкімбек Салықовтың есімі беріледі. Одан әрі қаза тапқан коммунистерге арналған «Төңкеріс жолындағы күрескерлер» саябағы «Алаш арыстары» деп аталмақ. Тұңғыш кеңестік чекист Феликс Дзержинский атындағы көше Камали Мырзахметов көшесіне айналады.
Сонымен қатар, енді Көкшетауда марқұм болған екі экс-әкім Сергей Дьяченко мен Қосман Айтмұхаметовтің көшелері пайда болады. Екеуі де әр уақытта Ақмола облысын басқарған.