«Менің 12 жыл өмірім жиенім үшін шетелде өтті». Өз еркімен елге келіп ұсталған Әбілязовтың сыбайласы әрі нағашы ағасы Қуаныш Нұргазин осылай деді. Денсаулығынан әбден айырылған ол жылына өзге елде бірнеше рет ауруханаға да жатқанын да жеткізді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
73 жастағы Қуаныш Нұрғазин есімді бұл кісіні кезінде Мұхтар Әбілязов 2007 жылы BSC компаниясының номиналды директоры етіп тағайындайды. Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, Әбілязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған. Құзырлы орган өкілдері Нұрғазин сол кезде бұл іске қатысы бола тұра ешқайда кетпеу туралы міндеттемені бұзып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін соттан жасырынғанын айтады. Нұрғазин осылайша 2012 жылы Қазақстаннан Литваға кетіп, өзге елде 12 жыл бойы босқын мәртебесімен жүріпті.
– 2007-2009 жылдар аралығында BSC компаниясының директоры болдым. Біз BSC компаниясы 152 млн теңге несие алғанбыз. Маған несие алғанда сыбайлас болдың деп айып тағылып отыр, – деді күдікті Қуаныш Нұрғазин.
Сот Қуаныш Нұрғазинді Мұхтар Әбілязовтің сыбайласы деп танып, оның үстінен бөлек қылмыстық іс қозғайды. BSC компаниясының директоры қызметінде ғана тіркелген ол істің осылайша насырға ұласып кетерін білмегенін айтты.
– Мен іздеуде жүргенімді білген жоқпын. 2014 жылы ауруханадан шығып келе жатқанымда полиция ұстады. Сол кезде түсіндім. Маған «босқын» деген атақ берді. Осы уақытқа дейін Литвада болдым, – деді күдікті Қуаныш Нұрғазин.
Өзге елде жүріп, оның денсаулығы күрт нашарлаған. Бірнеше күрделі ота жасаған. Созылмалы ауруға шалдыққан. Мұны сұхбат барысында өзі айтты. Ал соңғы 5 жылда жиенімен байланысы үзілгендіктен қаржылай қолдау да болмаған көрінеді. Айта кетейік, ол Қазақстанға келу үшін Литваның саяси қамқорлығынан да бас тартқан екен.
– Менің жиенім үшін 12 жыл шетелде өмірім өтті. Ол жерде есепте тұрдым. Жылына екі рет ауруханаға жаттым. Денсаулығыма байланысты көп өзгеріс болды. Жүректен екі рет инфаркт алдым. Буындарымды ауыстырды, екі иығым жығылғаннан үзіліп кетіп, тіктірдім. Шетелде өткен 11 жыл өмірім сол балаға байланысты болды, – деді күдікті Қуаныш Нұрғазин.
Арада осынша уақыт өткеннен кейін Нұрғазин Отанына өз еркімен келуді ұйғарыпты. Оның елге қайтуына Қазақстандағы демократиялық өзгерістер себеп болған. Ендігі өмірін туған жерінде балалары мен немерелерінің қасында өткізуді жоспарлап отыр. 2023 жылы 24 шілдеде ұшақпен Литвадан Стамбул арқылы Алматы халықаралық әуежайына келіп қонады. Өзі секілді шетелде қашқын атанғандарға да айтары бар.
– Ешқашан саясатқа араласпадым. Мен оған «сен аралас, араласпа» деп айта алмаймын. Ол мені тыңдамайды. Менің еркім өзімде. Жаңа Қазақстан деп жатыр ғой, демократиялық өзгерістер болады деп сенемін. Сондықтан елге, жұртқа қайтуды шештім. Мен шетелде жүрген қашқындарға соттың әділ шешімі болатынын айтқым келеді. «Отан оттан да ыстық». Сондықтан қайту керек деп есептеймін, – деді күдікті Қуаныш Нұрғазин.
Айта кетейік, Қуаныш Нұрғазин әуежайдан түсе сала, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған болатын. Қазір сот шешімімен 2 ай мерзімге үйқамаққа ауыстырылды. Құзырлы орган тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Алдағы уақытта сот талқылауы қайта басталады. Енді оның қандай жаза арқалайтынын сот айқындайды.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz