Мамырдың 18-і – Халықаралық Мұражай күні. Осыған байланысты кеше Астанадағы мұражайлардың басшылары баспасөз мәслихатын өткізіп, өздерінің сол күнгі іс-шараларымен таныстырды. Мұражай күнін атап өту 1978 жылдан басталып, 34 жыл бойы дәстүрге айналып отыр. Біздің елдің мұражайлары да бұл күнді шама-шарқынша атап өтуде.
Астана қаласы ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Самат Тергембаевтың айтуынша, мамырдың 18-і күні елордадағы мұражайлардың есігі келем деушілерге айқара ашық, ол күні мұражайға кіру тегін.
Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айтұлы да астаналықтарды мұражайға келуге шақыруда. «С.Сейфуллин мұражайы тек Сәкен Сейфуллиннің өз басына ғана тоқталып қоймайды, бұл мұражай Сәкен өмір сүрген ғасырдағы қазақ мемлекетінің басынан өткен барлық қиыншылықтар жөнінде, Алаш ардагерлері кешкен нәубет, сондай-ақ Кеңес үкіметіне қызмет еткен партия қайраткерлері туралы мағлұматтарды қамтиды. Ал Сәкеннің өзінің жеке басына қатысты қаншама экспонаттар бар. Жалпы, бас-аяғы 6 мыңнан асады. Мұражай да күрделі жөндеуден өтті. Сондықтан да халықты құшақ жая қарсы алуға дайынбыз», – дейді жазушы Несіпбек Айтұлы.
«Атамекен Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені де мұражай күніне орай біраз шаралардың жоспарын әзірлеп қойыпты. Соның бірі – «Өзгерген әлемдегі мұражай. Шабыттың қайнар көзі мен жаңалыққа ұмтылу» деп аталады. Шараның мақсаты – заманауи мұражайдың атқарылып отырған істерімен жұртшылықты таныстыру. Сондай-ақ шара бағдарламасында Қазақстан мұражай қауымдастығына арналған «Шексіз мұражай» атты бейнеконференция өткізу де жоспарланып отыр. Бұл мұражай мереке күні сағат 12.00-ден 15.00-ге дейінгі уақыт аралығында тегін жұмыс істейді. Мұражай түрлі байқаулар ұйымдастырмақ. Сондай-ақ «Мұражайдағы түн» көркем фильмін де көрермендер назарына ұсыну жоспарланып отыр.
Бұдан басқа «АЛЖИР», «Алтын және бағалы металдар» мемлекеттік мұражайының, қазіргі заманғы өнер мұражайының да келем деушілерге есігі ашық болады.
Астана қаласының әкімдігі мұражайдағы экспонаттарды электронды форматқа енгізу бойынша үлкен бағдарламаны жүзеге асырып жатыр екен. «Мұның мақсаты – Қазақстандағы барлық жәдігерлерді әлемге таныту», – дейді Самат Тергембаев.
Мұражай күні Астана мұражайларына кіру тегін
Последние статьи автора