«Домбыраны нотасыз, ауызша үйрету әдісі арқылы, сондай-ақ жекелеп емес, бүкіл сыныпқа, тіпті 700-ден аса адамға үйретуге болады» десе, сенер ме едіңіз? Алайда бұл – ақиқат.
Кеше Алматы қаласындағы «Аспандау» ғылыми білім беру қоры мен «Көкіл» қазақ мектеп-колледжінің ұйымдастыруымен үлкен бір ғылыми конференция ұйымдастырылды. «Трансферт, трансляциялау және жаңа білімдерді генерациялау» атты тақырып талқыға түскен бұл отырыста «Мұрагер» бағдарламасы жайлы айтылды. Себебі әлі музыкалық аспапты қолына ұстай да алмайтын балаға нотаның көмегінсіз күй мен ән, әуен тартып үйрету тәжірибесінен нақты нәтиже шығарған бұл бағдарлама шынында жаңаша оқыту жүйесі ретінде әлемге үлгі болары даусыз. Баланың жасына сәйкес түрлі қызықты әдістер арқылы музыкалық өнерді оның бойына сіңіретін бағдарламаның қазақ ұлтының әу бастағы өзіне тән ғана болмысын қайтару үшін жасалатынын авторы Абдулхамит Райымбергенов басқосу барысында түсіндіріп берді. Қазіргі таңда республика бойынша 61 қазақ орта мектептерінде 8000-нан астам оқушы осы «Мұрагер» бағдарламасы бойынша білім алып жатса керек. Сондықтан ол музыка пәні бойынша негізгі стандартқа енуі қажет, – деп есептейді мамандар.