Республикада кәсіпкерлікпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Даму-көмек» бағдарламасы қолға алынды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» қолға алған қаржылай емес бұл бағдарлама мүмкіндігі шектеулі жандарды бизнесті дамытуға қажетті ресурстармен қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылып отыр. Бағдарлама аясында демеушілер мен кәсіпкерлерге арналған сайт ашылып, бизнеске жаңадан бет бұрған азаматтар үшін республика аймақтарында оқу курстары ұйымдастырылған. Қор мамандарының мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін жаңа бағдарлама аясында 20-дан астам азаматқа демеушілер тарапынан мүліктік, консультациялық және қаржылай көмек көрсетілсе, 90-ға жуық кәсіпкер оқу курстарына қатысып, білімдерін жетілдірген. Қор төрағасы Болат Мұқышевтың айтуынша, жобаның негізгі ерекшелігі – мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан, өз ісін ашып, қоғам өміріне өзгелермен тең дәрежеде атсалысуға талпынып отырған жандарға әр азамат шама-шарқынша атаулы көмек көрсете алады.
Болат МҰҚЫШЕВ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы:
– Осындай жобаларды жүзеге асыру барысында қолдау қажетсінетін азаматтарға қарағанда, көмек қолын ұсынушылардың саны басым болып келетінін байқадық. Алайда кей азаматтар қалай және немен көмектесуді білмейтіндіктен, ізгі ниеттердің жүзеге аспай жататыны тағы бар. Көмекке мұқтаж мүгедек кәсіпкерлер мен оларға қолдау көрсеткісі келетін демеушілер үшін арнайы сайт ашуымыздың басты себебі де – осы. Электронды портал арқылы қолдауға мұқтаж кәсіпкер «көмек қажет» айдарына өтініш жазса, игілікті іске атсалысқысы келетін азаматтар «көмек көрсетемін» деген бөлім арқылы қолдау бере алады.