26 жастағы Мәдина Сайболатова Куала-Лумпурде (Малайзия) өтетін "Туризм аруы" (Miss Tourism International-2014) байқауында Қазақстанның атынан сынға түседі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәдина мұнай компаниясында жұмыс жасайды. Ал осы байқауға қатысу үшін бір айға демалыс алады екен. Ол өзінің осы байқауға қатысу үшін бәрін де, тіпті ұлттық және кешкі сәнді киімдерін де дайындап қойғандығын айтты. Осы ретте айта кетейік, Мәдинаның халықаралық қыз сыны байқауларына қатысып жүрген тәжірибесі көп. 2014 жылы ол "Әлем фотомоделі" байқауында ІІ вице-мисс атанды.
Еске сала кетейік, 2013 жылы "Туризм аруы" байқауына Қазақстанның атынан Светлана Аймурзаева қатысқан болатын. Бірақ ол жүлделі орынға іліге алмаған.
Жалпы, "Туризм аруы" байқауы 1994 жылдан бері өткізіліп келеді. Әрі әлемдегі мәртебесі жоғары бес байқаудың қатарына кіреді. Биыл бұл байқауда әлемнің әртүрлі мемлекеттерінен 67 ару бақ сынайды. Үш апта бойы байқауға қатысушы арулар алуан түрлі шараларға қатысады: әлеуметтік жобаларға, таныстырылымдарға, көрсетілімдерге. Байқаудың финалы дәстүрге сай Жаңа жыл мерекесі түнінде өтіп, салтанатты түрде жеңімпаздары жарияланады.