Министрлік сайтына шабуыл жасаған хакерлер анықталды
Күні кеше Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің сайты бұзылды. Киберқылмысқа барғандардың шетелдіктер екені анықталды. Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің ресми парақшасы да шабуылға ұшыраған еді. Жалпы еліміздегі сайттардың сақтық сапасы сын көтере ме? Хакерлердің бұл жолы құрығына инвестициялар және даму министрлігінің сайты ілінді. Нақтырақ айтсақ, шетел инвесторлары үшін ақпарат беретін парақшаға компьютерлік бұзақылар шабуыл жасаған. Бірақ 5 минут өтпей жатып-ақ, кеткен ақау қайта қалпына келді. Сайтты ақпараттандыру мен техникалық қолдауға жауапты KazNex Invest кәсіпорны хакерлерді анықтады. Айласын асырмақ болғандар Сауд Арабиясы, Бахрейн және Алжирден бір мезетте қосылған екен. Әлібек Исабеков, KazNex Invest АҚ атқарушы директоры: - Олар сайттағы мәліметтерді алуға тырысқан. Бірақ ойлары жүзеге аспады. Сайттағы қауіпсіздік режимі іске қосылды. Тек индекстік парақшаны өзгертіп үлгерген. Қазір сайтты одан ары жетілдіруді қолға алудамыз. Мұндай жайтқа алғаш тап болуымыз. Хакерлер бар болғаны 5 минуттың ішінде Ішкі істер министрлігінің сайтын бұзды. Құпия сөзді табу қиынға соқпады. Әккі айлакерлер әлеуметтік желіде танымал адамдардың парақшасына шабуыл жасауды әдеттеріне айналдырған. Мәселен, хакерлер Олимпиада чемпионы Илья Ильинге де хабарлама жіберіпті. 2013 жылы Алматыдағы Республика сарайының алдында тұрған үлкен экранда жарнама орнына порнографиялық фильм қосылып кетті. Бұл да компьютерлік бұзақылардың әрекеті болып шықты. Рымбек – кәсіби программист. Біздің көзімізше Инвестициялар және даму министрлігі сайтының атауын өзгертті. Айтуынша, шындап кіріссе, кез келген парақшаны бұзуға болады. Хакер сайтты құрған адамның қателігін табу арқылы жымысқы ойын жүзеге асыратын көрінеді. Рымбек Ізғали, программист: - Сайтта бізбен байланыс деген бет бар делік. Хабар жіберетін жерінен қателік тауып алатын болса, сол жерді қазбалай береді. Міне осы жерде сайттың администраторы шабуыл жасалып жатқанын біліп, дер кезінде тойтарыс беру керек. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр ел бойынша киберқылмысқа қатысты 121 іс қозғалған. Ал жыл басынан бері бұл көрсеткіш 66-ға жетті. Яғни виртуалды қарақшылардың қатары жыл санап артпаса, кемімей тұр.
24.kz