Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында өткен «Құнанбай» спектаклінің премьерасына қатысты.
Сонымен қатар премьераны Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уəли, Мəдениет жəне спорт вице-министрі Нұрғиса Дəуешов, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Талғат Теменов тамашалады.
Ел Тәуелсіздігінің және «Қаллеки» театрының 30 жылдығына орай сахналанған «Құнанбай» драмасының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Туынды авторы – Таласбек Әсемқұлов. Қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов.
Ақтоты Райымқұлова бүгінгі жаңа ғимараттағы алғашқы премьераның елорда көрермендері үшін орны бөлек екенін атап өтті.
Биыл Тәуелсіздікпен құрдас Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының құрылғанына – 30 жыл. Ел Тәуелсіздігімен бірге қазақ руханиятына үлес қосып жүрген театр ұжымын осынау мерейтоймен құттықтаймын! Жыл басынан бері мерейтой аясында бірнеше ауқымды іс-шара атқарылып жатыр. Алдағы уақытта да жаңа премьералар, бірнеше қойылымдар осы сахнада көрермендерімен қауышады. Алмағайып кезеңде өмір сүрген, заманының қалпын жазбай таныған кемеңгер, елдік үшін күрескен ардагер Құнанбай, қазақ әлеуметінің көптен күткен қалаулы бейнесі. Жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» шығармасы бұған дейін кинофильм ретінде қалың көрермен жүрегінен орын алды. Енді дәл бүгін театр сахнасына ыңғайлап спектакль ретінде дүниеге әкелген режиссерлық топтың еңбегіне алғыс білдіргім келеді. Премьера құтты болсын! – деді министр.