Министр Қарашөкеев отставкаға кетуін талап еткен фермердің үйіне барды
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Маңғыстау облысында шалғай жатқан шаруа қожалықтарын аралап, жеп-шөп мәселесімен танысты. Өзінің отставкасын талап еткен фермерге де барды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Фермер жылқы мен түйе бағады екен. Алайда малды тіркемеген. Демек малға бірдеңе болса, мемлекет тарапынан өтемақы алуға мүмкіндік болмайды. Фермердің малы статистикада жоқ, еш жерде есепке алынбаған.
Маңғыстау облысында ондай фермерлер аз емес. Малын тіркеуге қоюға асықпайды. Олар да төтенше жағдай кезінде өтемақы ала алмай, шығынға ұшырауы мүмкін. Соған қарамастан, субсидия талап етіп отыр. Ал министрлік ресми есепте жоқ малға қаржы бөле алмайды.
"Министр Ербол Қарашөкеев қызметке келгелі бері фермерлер үшін осымен үшінші рет "жасыл дәліз" ашылып отыр. Оған сәйкес, әрбір фермер есепке алынбаған малды тіркеуге қоя алады", - дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Заң бойынша малды екі айдың ішінде есепке қою қажет. Одан кешіккен шаруалар өсімпұл төлейді. Ал "жасыл дәліз" кезінде өсімпұл алынбайды.
Осы жолғы "жасыл дәліздің" мерзімі – 1 ақпан мен 31 мамырдың аралығы. Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда тіркеуге қойылмаған малдың саны 4 323 мың бастан асады.
Министрдің айтуынша, үкімет тіркелген малға ғана қаржылай көмек бере алады. Мәселен, биыл 31 қаңтарда үкімет резервінен қосымша тіркелген 71 343 бас малға 663,9 миллион теңге бөлінді.
Айта кетері, былтыр Қазақстанның бірнеше аймағында құрғақшылықтан мал қырылды. Әсіресе, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарының фермерлері қатты зардап шекті. Мәселен, Маңғыстау облысының әкімдігі 1 163 бас малдың қырылғанын мәлімдеген. Алайда фермерлер ол сан бес есе көп деп отыр.