Елімізде ауа райын болжау мен атмосфералық құбылыстарды зерттеу саласының өзіндік тарихы бар. Бүгінде бұл салаға қажетті маман даярлау ісі де іргеленіп келеді.
Қазақстан ауа райын алғаш зерттеген ғалым Шоқан Уәлиханов болатын. Ол Іле, Жоңғар Алатауындағы атмосфера қысымын, ауа температурасы мен ылғалдылығын, жел күшін құрал-аспаптармен бақылап зерттеген. Қазақстанда алғашқы аспаптық метеорологиялық бақылау жүргiзу 1855 жылы Қазалы және Семей қалаларында басталды. Ал 1917 жылы Қазақстан аумағында 94 метеорологиялық стансылар мен 49 бекеттер, 123 гидрометеорологиялық бақылау бекеттерi жұмыс iстедi. 1999 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №185 қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Халықаралық метеорология күнi болып ДМҰ-ның шешiмiмен 23 наурыз тағайындалған.
Қазақстанда метеоролог мамандарын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінде метеорология және гидрология кафедрасында дайындайды. «Метеорология» мамандығы КСРО «Гидрометқызмет» бас басқармасының және Қазақ ГМҚБ (гидрометқызмет басқармасының) қолдауымен физикалық география кафедрасында 1960 жылы 1 қыркүйекте ашылған болатын. ҚР Тәуелсіздігін алғаннан кейін жоғары метеорологиялық білім беру құрылымына алғашында үш сатылы білім енгізілді: 1 – бакалавр-метеоролог, 2 – магистр-метеоролог (екі жылдық оқу), 3 – Phd докторант. Мамандықтарды дайындау қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Кафедраның лабораториялары оқу процестерін толық ұйымдастыру үшін оқу-лабораториялық метеорология орталығы жұмыс атқарады. «Гидрометқызметтің» қолдауымен керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыздандырылады. Оқу метеорологиялық стансы 1988 жылдан бастап бірінші разрядты. Бұл стансы тұрақты метеорология және актинометриялық бақылауларды, жазғы практика кезінде градиенттік және жылубаланс бақылауларын өткізу мүмкіндіктері бар. Метеостансының мүмкіндіктері студенттердің метеорологиялық практикасын өткізетін база ретінде қолданылады. Метеорологиялық болжамдардың оқу бюросында магистранттар мен жоғары курс студенттері нақты ауа райын сараптап, тәулікке арналған ауа райын құрастырады. Оқу-лабораториялық метеорология орталығында электронды пошта арқылы «Қазгидромет» базасынан мәліметтер келіп түседі. Күнделікті келіп жатқан ақпараттарды мұрағаттау және оқу ауа райы бюросына арналған карталарды басып шығару жүзеге асырылады. Сонымен қатар интернетке шығу мүмкіндігі бар және электронды пошта арқылы Халықаралық байланыс бөлімімен оперативті ақпараттармен алмасу жүзеге асырылады. Кафедрада әрқашан жоғары ғылыми әлеуетті қолдауға үлкен көңіл бөлінуде. Экономика салаларында маңызды шығындарға, кейде төтенше жағдайларға әкеліп соқтыратын Қазақстан Республикасының аумағындағы процестер мен қауіпті метеорологиялық құбылыстардың таралуы және белсенділік динамикасын, қалыптасу заңдылықтарын зерттеу бойынша кафедра оқытушылары студенттермен бірге ғылыми жұмыстарды жүргізеді.
Кафедра бітірушілері сонымен қатар басқа мекемелерде және министрліктерде, оның ішінде «Қазаэросервис», Қорғаныс министрлігінде т.б. жұмыс істейді. Бұл – авиациялық және әскери метеорологтер, агрометеорологтер, экологтер, синоптиктер мен климатологтер.
«Қазақстан–2030» даму стратегиясымен сәйкес, метеорология кафедрасының қазіргі кездегі даму концепциясы қазіргі кездегі ақпаратты технологияны тиімді қолдану негізінде ғылыми-зерттеулермен бірге оқу үрдісінің интеграциясын тереңдетуге негізделген. Бұл қазіргі жаңа еңбек талаптарына жоғары бейімделген метеоролог-мамандарды дайындауға мүмкіндіктер жасайды.
Гүлнәр ОРАҚОВА, метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы,
Айман НЫСАНБАЕВА, география ғылымының кандидаты
Метеоролог маман даярлаудың жай-күйі қандай?
Последние статьи автора