«Менің жатырым – менің ережем» дейтін де ұран болады екен» – Бекболат Тілеухан
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан наурыздың басында Алматыда өткен феминистер шеруін қатаң сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутаттың премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалына Алматыда 8 наурызда өткен феминистер шеруі себеп болды. Бекболат Тілеухан қазақы дүниетанымға жат дүниелердің алаңда ұрандатылуына алаңдаушылық білдірді.
"Бұл шеру бір қарағанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шеру секілді көрінеді. Алайда шерудің күн тәртібі мүлде басқа арнаға "лағып кетті". Оған бәріңіз куәсіз. Ондай шерулердің басты мақсаты – әйелдің құқығы емес. Дәстүрлі емес некені сырттан бізге таңу, біздің қоғам қабылдай алмай жатқан дүниелерге бой үйрету, қажет болса, оны насихаттау. Ал енді оған біреу қарсы бола қалса, "сен әйел құқығына қарсысың ба" деп, жабыла жөнеледі", – дейді ол.
Ол белсенділердің сөйлеген сөздері бүкіл әлеуметтік желіде кеңінен таралып жатқанын айтты.
"Ол видеоларды біздің балаларымыз да көретінін ескерсек, ұлттық тәрбиеге қаншалықты нұқсан келіп жатқанын аңғаруға болады. Кәдімгідей қазақпен ерегісетін сияқты көрінеді осы шеруде айтқан сөздер. Қазақ "қызға қырық үйден тыю" десе, олар "қызға қырық үйден бостандық" дейді. Қазақ "ұят – беттің пердесі" десе, олар "өз ойыңды айту ұят емес" дейді, "менің жатырым – менің ережем" дейтін де ұран болады екен. Қай-қайсысын алсаң да, ұлттық дүниетанымның тамырына балтамен дәлдеп ұрған нәрселер. Рухани жаңғыруымыз қайда қалды? Бұл ұлттың еңсесін көтеретін дүниелерге тікелей жасалған нақты шабуыл", – деп ашуланды Тілеухан.
Депутаттың пікірінше, "ұяттың шеңберінен шықпай-ақ, адамның құқығын сақтауға болады. Ал феминистер үшін құқық сақтау ар-ұятты сақтамау дегенмен өлшенетін сықылды. Енді жаңағы менің жатырым деген секілді жайшылықта адам аузы айтуға бармайтын нәрсені алаңға алып шығу, енді келіп біз осыны парламентте айтып отырмыз. Олар бізді осылай сөйлетумен өз дегеніне жетіп жатқан сияқты", деп толықтырды мәжілісмен.
Бекболат Тілеухан Алматыдағы шеруде Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйымдардың лозунгтары да көтерілгенін айтты.
Осыған байланысты депутат Алматыдағы шерудің заң талаптарына сай болған-болмағанын, экстремистік топтардың еркін алаңға шығуына қала әкімдігі жол берген-бермегеніне сараптама жасауды, сондай-ақ балаларды зиянды ақпараттан қорғау бағытында жыныстық азшылық топтың азғындығы, біржынысты неке тәрізді құбыжық құбылыстардан сақтайтын заң нормаларын парламентке енгізуді қарастыруды ұсынды.