Алматыда «Тағзым» мемориалы жайында әлеуметтік желіде бірқатар сыни ақпарат тарады. Бүкіл азаматтық коғам мен елдің тарихына ерекше маңызы бар орынға барған кей азаматтар авторлардың концепциясын дұрыс түсінбей, бос жерде шу орынсыз шу шығарды.
Осыған орай Dalanews.kz мемориалдың авторлары – Алексей Ивженко мен Гайни Сағидуллаевамен байланысқа шығып, қажетті жауаптарды алды.
«Бейнежазбада келтірілген деректер шындыққа сәйкес келмейді. Ең алдымен, сөйлеп тұрған адамның мүлдем маман емес екенін айту керек. Кафель мен гранитті ажырата алмайды.
Бұл мемориал жасанды тастардан, кафельден емес, тек табиғи тастардан, яғни граниттен, мәрмәрдан, сланецтен жасалған.
Сланецтен жасалған стелаларда оның буындарының сәйкес келмеуі қалыпты жағдай. Қайғы мен қасіретті меңзейтін бұл стелалар әдейі солай жақпарлы, яғни тегіс емес түрде жасалған», – деп атап өтті Алексей Ивженко.
Оның айтуынша, декоративті тастардан жасалса, олар дәлме-дәл орнатылатыны сөзсіз, ал кедір-бұдыр табиғи тастардан жасалғандықтан тастар арасындағы алшақтықтар қалыпты дүние.
Сондай-ақ, бұл авторлық идея ретінде жаңа көзқараста, яғни әдейі солай іске асқанын атап өту қажет. Кедір-бұдыр қара тастар қаңтардағы жағдайды, қасірет, қорқыныш пен хаосты бейнелейді.
Оның әріптесі Гайни Сағидуллаева граниттегі жасалған дренаждық жүйені де түсіндіріп өтті.
«Таза гранитен, яғни табиғи тастан жасалған еденүсті плитка су тигенде, ауаның ылғалымен, суықта өз түсін өзгертіп отырады. Оны кез келген маман біледі. Жоғары ылғалдылықта граниттің түсінің басқа болып көрінуі (оның үстіне телефонға түсірілген жазбада) ол кір дегенді білдірмейді! Үшіншіден, жердегі плиткалар арасындағы алшақтық та арнайы су ағатын арна ретінде жасалынған. Яғни «щель» емес, жаңбырдың, еріген қардың суы ағып кететін жер», – деді архитектор.
Мамандардың айтуынша, жазба авторы білместікпен бе, әлде басқа ма, негізі жалған ақпарат беріп, мемориалды қаралап отыр. Осыны ескерген жөн.
«Ал жазба авторы ашып көрсетіп отырған, яғни жұлынып қалды-мыс деген плиткаға келсек, ол шындық болуы мүмкін, әрине. Бірақ, осыншама жалған сөйлеген адамның оны әдейі жұлып алмасына кім кепіл? Қыс мезгілінде – ауа температурасы төмен кезде жүргізілген соң кез-келген құрылысшы, сәулетші белгілі бір тәуекелдің, сызат, жарықшақтың болатынын біледі.
Авторлық бұл жоба біздің бақылауымызда, кепілдік міндеттеме бойынша кемшіліктер түзетіледі деп сенімді түрде айтамыз. Бұл заң талабы. Қазір кей плита ауыстырылды, қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді мамандар.
«Біткен іске сыншы көп» деген. Кәсіби қоғамдастық біздің жұмысқа оң пікір айтып, жақсы баға берген. Сол себепті тырнақтың астынан кір іздеген адам қанша шедевр жасасаң да, кемшілік табады. Бейне түсіріп, хайп жасап, ұпай жинағанша мемориалды жақсартудың жолын бірге іздегеніміз абзалырақ болар еді», – деп қорытындылады Ивженко.
Айта кетейік, Алматыдағы «Тағзым» мемориалы 23 желтоқсан күні ашылған болатын.