Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы жаңаша жүргізіледі – сарапшы
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова алдағы жылдары мемлекеттік аппараттың жұмысы түбегейлі өзгеретінін айтты, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қазірдің өзінде мемлекеттік аппарат заман талабына сай басқару әдістерін қолданып келеді. Оны Үкімет құрамынан анық байқауға болады. Министрлер батыл бастамаларды көтеріп, прогрессивті әдіс-тәсілдерге басымдық беруде. Премьер-министр де, вице-премьерлер де солай жұмыс істеуде. Мысалы, Асқар Қуанышұлы (Асқар Жұмағалиев – Үкімет басшысының орынбасары - авт.) Қазақстанды цифрландыру жұмысымен айналысуда. Бұл процессті тоқтату мүмкін емес. Меніңше, алдағы екі-үш жылда біз кәсіби мемлекеттік аппараттан стратегиялық мемлекеттік аппаратқа келетін боламыз», - деді ректор.
Оның пікірінше, алдағы жылдары мемлекеттік аппараттың жұмысы да жаңаша жүргізіледі екен.
«Мемлекеттік қызметкерлер жаңаша жұмыс істеуді бастады. Солай болуы да керек. Сондықтан екі-үш жылда мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы мүлдем жаңаша жүргізіліп, түбегейлі жаңарады», - деп түйіндеді сөзін Фатима Жақыпова.