Мемлекет басшысы Тәжікстан президентімен телефон арқылы сөйлесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бірін-бірі құттықтады.
Президенттер осы жылдары екі ел арасында көпжақты және өзара тиімді мемлекетаралық байланыстар жолға қойылғанын атап өтіп, қатынастардың стратегиялық серіктестік рухында нығайып келе жатқанын жеткізді.
Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстанның халықаралық ұйымдар аясындағы тығыз ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон қазақ-тәжік қатынастарын одан әрі нығайту жөніндегі бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін тағы да нақтылады.