Маскүнемдер медбикелерге бағынбай жатыр
Осыдан екі жыл бұрын қолға алынған құқық қорғау саласындағы реформаға сәйкес, медициналық айықтырғыштар Ішкі істер министрлігінің қарауынан алынып, Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына өткен болатын. Жұмыс тиімділігін арттырады, гуманистік қадамға апарады делінген осындай игі шарадан да кінәрат шыға бастаса керек. Кеше Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы мас күйінде айықтырғыштарға әкелінетіндерге ақ халатты абзал жанның қамқорлығынан гөрі «қызыл жағалылардың» қызмет-қарекеті көбірек керектігін алға тартты.
Расында, сонау жылдардан бері медициналық айықтырғыш ішкі істер органының құзырына қарап, кейіннен органдарды «өзіне тән емес қызметтерден айыру» мақсатында бұл денсаулық саласына қарай реформаланған еді. Тағы бір ақиқаты – маскүнемдер де, нашақорлар да қылмыскер емес, сондықтан да оларды барынша сауықтырып, қатарға қосу Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті болатын. «Алайда медициналық айықтырғыштарды Ішкі істер министрлігінің құзырынан алып, Денсаулық сақтау министрлігіне бергеннен кейін біраз қиындықтар туындады. Айықтырғыш уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына айналды. Мас немесе масаңдау күйінде әкелінетіндер орталықтың медицина қызметкерлерінің ырқына көнбей, түрлі ем-шараларды алудың өзінен бас тартып жататындары жиі кездесуде. Мұның өзі дәрігерлердің күнбе-күнгі жұмыстарын қиындатып жатыр», – деп дабыл қақты сенатор Мұрат Бақтиярұлы. Сондықтан да депутат медициналық айықтырғыштарды бұрынғысынша Ішкі істер министрлігінің құзырына бергенді құп көреді екен. Бұл ғана емес, сенатор Бақтиярұлы ілгерідегі реформалар дүмпуімен нашақорларды мәжбүрлі түрде емдейтін наркологиялык мекемелердің күзеті де бәсекелестік ортаға беріліп кеткеніне қарсы. Өйткені, депутаттың пайымынша, нашақордың көпшілігі – кезінде қылмысты болғандар, сол үшін жазасын өтеп шыққандары да баршылық. «Сондықтан олар кей жағдайда түрме ғадетімен өмір сүруге бейім тұрады. Соның салдарынан тәртіп бұзу оқиғасын жиілетіп жібереді. Бұдан бөлек, нашақорларды алты айдан екі жылға дейін медициналық жолмен мәжбүрлі емдеу шаралары да өз нәтижесін берер емес. Себебі науқастарда емделіп шығуға деген ынта мен ықылас та (мотивация) жоқ. Емделіп шыққаннан кейін ондайлар өздерінің жұмысқа орналасып, қоғамға бейімделе алмайтындықтарын біледі де, нашақорлыққа қайыра бой алдырады», – дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Осындай олқы дүниелерді еске ала келе, депутат кешегі келмеске кеткен Кеңес Одағында қолданған тиімді тәсілді нұсқайды. Бұл – мәжбүрлі еңбек терапиясы бар емдеу-еңбек мекемесі. «Бәлкім, осыны қайта жаңғырту қажет болар» деген ойын ортаға салған сенатор қазіргі қолданыстағы тәсілдің тиімді етпек тұрмақ, керісінше масылдықты өршітіп отырғанын айыптады. Расында, алты айдан екі жылға дейін (кей өңірлерде үш жылға дейін) тегін тамақ, тегін жатын орын және тегін ем-доммен қамтамасыз ету, ақыр аяғы осыншама уақыт құры жатқызу науқас-нашақордың бойындағы масылдық дертін одан сайын тереңдететін тәрізді. Сөйтіп, бұрын нашақор болса, оның үстіне масылдық та килігеді. Бұлардың арасында «адамды адам ететін – еңбек» қағидаты да қалыс қалатыны көзге ұрып тұр. Осындай ойларын айта келе, сенатор ұлттың психикалық саулығына қатысты мәселені де көлденең тартады. «Қазіргі жаһандану заманында бұрынғы нашақорлық пен маскүнемдік дертіне қоса, уытқұмарлық пен ойынқұмарлық, суицид, лаңкестік, діни экстремизм сияқты жат құбылыстар қоғам бойына дендей бастады. Бұл ендігіде ел азаматтарына психологиялық және психиатриялық көмек көрсетуді жетілдіріп, жақсартуды талап ететін секілді. Кезінде АҚШ Президенті Дж. Кеннеди өзінің кезекті бір жолдауында «Құрама Штаттар үшін ең басты проблема, бұл – ұлттың психикалық саулығы» деп америкалықтарға көрсетілетін психологиялық көмек қаржысын еселеп жіберген еді. Сөйтіп, ұлттың салауатты болуына жол ашқан. Бізге де осы тұсқа ден қойған абзалырақ», – дейді Бақтиярұлы.
Шәмші ескерткішіне қаржы қолбайлау болып тұр
Былтырлары Сенаттың бір топ депутаты Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы мен мұрасын ұлықтауға байланысты мәселе көтерген болатын. Содан бері Шәмшінің шексіз шығармашылығын ұлылықтауға арналған шаралар жүзеге асырып келе жатқаны белгілі. Мәселен, Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты ән фестиваліне дем бітті. Шара Астанада үшінші рет өткелі отыр. «Қазақфильм» киностудиясы Қалдаяқов жайында деректі фильмді түсіріп, аяқтаған. Астана қаласының жаңа көшелерінің біріне атақты сазгердің де есімі берілді. Мінеки, осындай игі шараларға мән берген сенатор Айтаханов тағы бір мәселенің ұшын шығарды. «Алматы қаласының әкімі қаланың Республика сарайы жанындағы саябақтан Шәмші ескерткішін ашу үшін 2014 жылғы 20 наурызға дейінгі мерзімге уақытша пайдалануға жер телімін берді. Алайда жер бөлінгенімен, ескерткіш орнатуға қаражат болмауына байланысты сазгер ескерткіші бекітілген мерзімде орнатылмай қалуы әбден мүмкін», – деп қынжылады сенатор Қуаныш Айтаханұлы. Осыған орай, депутат бүкіл саналы ғұмырын ұлтының рухани кемелденуіне арнаған, биік рухты, мәңгі өшпес әндері арқылы халықты отансүйгіштікке, ел мен жерге адалдыққа тәрбиелеуге қызмет етіп келе жатқан Ш.Қалдаяқовтың атына сай еңселі ескерткіш орнатуға бюджеттен қаржы қарастыруды сұрады. «2013 жылға арналған бюджетте осы мәселе қапыда қалмаса игі», – дейді Айтаханұлы.