Мамырдағы топырақтың ылғалдылық қоры мен ауаның болжамды температурасы дәнді дақыл егісі үшін жайлы болады. Бұл туралы “Қазгидромет” АҚ агрометеорологиялық болжам басқармасының басшысы Ерболат Мұқанов хабарлады.
“Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылдың қазан айында жауын-шашын мол түсіп, астық жинау науқанына кедергі келтірді. Бірақ осының арқасында бізде ұтымды ылғал қоры қалыптасты. Павлодар облысында ылғалдың қоры жеткілікті, Қостанай мен Ақмола облыстарында да ылғал мол”, – деді Мұқанов.
Сондай-ақ, Жамбыл облысында топырақтағы ылғал қоры орнықты, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында – негізінен оңтайлы және кей жерлерде қанағаттарлық.
“Қазгидромет” өкілі биыл мамыр суық болатынын да атап өтті.
“Мамырда күтіліп отырған температура дән егуші облыстарда 10-15 градус шамасында. Қарағандының көп бөлігі мен Ақтөбе облысының шығысында осындай ауа температурасы сақталады. Батыс Қазақстанда – 17 градусқа дейін төмендейді. Яғни, ауаның орташа жылдық температура қалпынан өзгеруі орын алады. Бірақ қалыптан төмен температура ылғалды сақтау үшін жайлы”, – деді Ерболат Мұқанов.
Ауыл шарушалығы министрлігінің ақпарынша, 2015 жылы ауыл шаруашылық дақылдардың жалпы егіс алқабы 21,5 млн гектарды құрайды.