Мал дәрігері деген мамандық бар емес пе еді?..
Сырт көз аграрлы ел санағанымен, ветеринария мамандарынсыз жүргенімізді олар біле бермейді, абырой болғанда. Әйтпесе Қазақстандағы ауыл шаруашылығының үштен бірі дәтке қуат болар ветеринария маманынсыз отыр. Дәл осы күні ауыл-аймақтағы ағайынның түлігін тексеріп, тергейтін жүз мыңға жуық маман керек екен. Оның арасында агроном, зоотехник, мал дәрігері, фельдшерлер, техник-технологтер де бар. Малымен жан баққан жұрттың көпшілігі түлігінің асқа жарамды-жарамсыздығын білместен, азық етіп жүргені де рас. Ал 2016 жылы шекара асырып, 60 мың тонна ет экспорттайтын болсақ, маманы жоқ қазақтан бөгде елдің бір асым ет ала қоярына күмәнмен қарамасқа шара тағы жоқ.
Еліміздің 7066 ауылдық елді мекендерінің 3094-інде немесе 44 пайызында ветеринар мамандар жоқ. Барының жұмысы нормативтен бірнеше есе артық. Рас, ауыл шаруашылығына құйылып жатқан қаржы қисапсыз. Ол миллиардтарды құрайды. Бірақ сол түліктің тамырын басып, жем-шөбін дайындап, өнімін қадағалайтын маманның қаттығы ол миллиардтардың құмға құйылған сумен теңдігіне бәс тігуге бар. Себебі мал шаруашылығында ветеринария мамандарының орны алабөтен. Түліктің өсімі, жұқпалы індеттен адалдығы, өнім ретінде пайдаланылуы тікелей осы мамандарға қарап тұр.
Жария етілген Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне үңілсек, елдегі алты аграрлық жоғары оқу орнынан жылына 1,5 мың ветеринария мамандары шығады екен. Солай бола тұрса да, ветфакультет түлектері басқа салаға кетеді. Яки жалақысы жоғары коммерциялық клиникаларға орналасады. Олардың ауылға баратыны 4-5 пайыз болса керек. Оған себеп ауылға барған мұндай маманның жағдайы жоқтығы дескен еді.
Ал 2012 жылдан бастап ветеринария саласының мамандары да «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына енген-ді. Дегенмен одан беріде жағдайдың жақсарып, оңалып кеткені де шамалы. Ресми мәліметтер отандық ветеринария саласындағы жұмыс орындарының 13 %-ы бос тұр деседі.
Жасыратын несі бар, Кеңес кезінде мал шаруашылығында жүргендердің бір ұртынан май, бір ұртынан құрт аққан заман болған. Кеңшар директорларына қарағанда, бүтін бір кеңшардың төрт түлігі өзінде болатын малдәрігердің түкірігі жерге түспейтін.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Соны көрген былайғы жұрт баласын ауыл шаруашылығына жіберуге құштар болды. Тіпті мал дәрігері деген ауылда беделді маман-ды. Ауыл шаруашылығының басындағы бұл дәурені нарық келгенде көзінен бал-бұл ұшты. Оның орнына заңгер, экономист, кеденші мамандықтарға ағылды. Ал ел аумағының үштен бірі – ветеринарсыз. Сондықтан ауылдағы ағайын малының санитарлық жағдайы тұрмақ, оның ауру-сау екенін де білмейді.
Маманның жоқтығынан бұрынғы ветеринарлардың орнын басатын маман табылмайтын халге жетті. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі де жоққа шығармайды. «Қазіргі уақытта ветеринарлардың орташа жас шамасы – 45. Олардың ізін басар жас буын жоқтың қасы. Сондықтан бізге осы салада жұмысты қарқындату қажет», – деген болатын ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков былтырғы жылы.
Ал қарқын үшін не қажет?
Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов «Біріншіден, ауыл шаруашылығы саласындағы жас мамандарды ауылда тұрақтандыру үшін оларды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру; екіншіден, мал дәрігері және зоотехник мамандарын дайындау бойынша мемлекеттік гранттардың көлемін ұлғайту; үшіншіден, мал шаруашылығы мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарындағы кафедралардың, ғылыми зертханалардың, оқу-өндірістік учаскелерінің материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру және нығайту қажет. Төртіншіден, студенттердің оқу бағдарламасы шеңберiндегі тәжірибелік сабақтары инновациялық технологияларды меңгеру үшін озат, жаңа технологияларды меңгерген шаруашылықтарда өткiзілуі керек. Ол үшін осындай шаруашылықтарды анықтап, оларға үкімет тарапынан жәрдемақы (субсидия) қарастыру; бесіншіден, Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының жіктеуішіне «Зоотехник» мамандығын қалпына келтіру қажет» деген болатын. Өйткені зоотехник мал тұқымын асылдандыру мен селекция жүргізуде, ауыл шаруашылығы малдарының өсімін молайту, мал азығын, жемшөп өндірісі, мал шаруашылығы шикізатын өндіру және қайта өңдеу, мал шаруашылығы қызметін ұйымдастыруды және жүргізуді қамтитын басты мамандық болып есептелетінін және айтқан-ды. Сонымен қатар арнайы мамандандырылған Алматы және Семей зооветеринарлық мемлекеттік институттарын қайта ашу керектігін де жеткізген еді.
Жағдайы 90-жылдары тоқырап қалған мал шаруашылығының «маң-маң басып, маң басып, төрт аяғын тең басуы» үшін әлі де қыруар еңбек керектігін көзіміз көріп жүр.
Мәселен, 2011-2012 жылдары Шығыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарында аусыл ауруы тіркеліп, жергілікті тұрғындар орасан зор шығынға ұшырады. Бруцеллез ауруының әлі айылын жимағанын білеміз. Одан бөлек, малдың туберкулезі, қышыма, сал тағы бар. Бұдан басқа мал өнімдерімен берілетін түрлі аурулар да аз емес.
Мысалы, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының биологиялық қауіпсіздік бөлімінің мәліметінше, Қарағанды облысында бруцеллез (сарып) ауруына облыс бойынша 2010 жылы 29 адам, 2011 жылы 28 адам және 2012 жылдың 9 айлық көрсеткіші бойынша 24 адам шалдығыпты. Паразитарлық аурулармен, оның ішінде эхинококкозбен 2011 жылы 39 адам, балық өнімдерінен жұғатын қатерлі ауру описторхозбен 36 адам, ал 2012 жылы эхинококкозбен 24 адам, описторхозбен 28 адамның ауырғаны тіркелген. Ал қауіпсіздік күзетінде тұратын ветеринар мамандар екені айтпаса да түсінікті. Бірақ өңірлерге мыңдаған білікті ветеринария маманы жетіспейтінін ескерсек, түліктің және одан алынар өнімнің залалсыздығына кепіл аз. Мал шаруашылығы ветеринарға жарымайынша, жағдай оңалмасы тағы анық.
Данияр МЕРҒАЗИН, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының биологиялық қауіпсіздік бөлімінің бастығы:
– Мал иелері қолдағы жануарларын уақтылы зерттеуден, дегельминтизациядан өткізбесе немесе тұтынушылар ветеринарлық-санитарлық сараптаудан өтпеген, ветеринарлық құжаттары жоқ сүт, ет, балық өнімдерін пайдаланса, түрлі ауруларға ұшырауы әбден мүмкін. Сондықтан әрбір мал өсіруші жеке және заңды тұлғалар ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жыл сайын жануарларына уақтылы вакцина еккізуге және жұқпалы аурулар бар-жоғын анықтатуға міндетті. Сондай-ақ ішкі сауда орындарынан сатып алынатын жануарлар өнімдерінің қауіпсіздігін білу мақсатында ветеринарлық құжатты көрсетуді талап етуге әрбір тұтынушы құқылы. Аулаларда немесе арнайы сату орны белгіленбеген жерлерде ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін, балық және балық өнімдерін сатып алуға болмайды. Осындай жерлерге ветеринарлық құжатсыз әкелінген жануарлардан алынатын өнімдерді пайдалану арқылы тұтынушылар түрлі жұқпалы ауруларды (бруцеллез, туберкулез, трихинеллез, описторхоз және т.б.) жұқтырып алуы мүмкін.