Макроэкономикалық жобаны қолға алу керек
Қазақстанның батысы энергетикалық тапшылық көруі мүмкін деген болжам бар. Өйткені өндіріс күн санап өсіп келеді. Әзірше ірі кәсіпорындарды энергетикалық тапшылықтан шағын газтурбиналық стансылар ғана құтқарып отыр. Ақтөбелік кәсіпкер Ян Тампаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған ірі макроэкономикалық жобаны қайта қолға алуды ұсынады.
Ақтөбе – еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік аймақ. Алайда облыс экономикасы өркендеген сайын энергетикалық тапшылық үдей түседі деген қауіп бар. Ақтөбелік кәсіпкер Ян Тампаев тығырықтан шығудың жолын біледі. Тәжірибелі экономист Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталып, аяқсыз қалған макроэкономикалық жобаларды қайта қолға алуды ұсынып отыр. Соның бірі – қуаты 950-1200 мегаватт болатын газтурбиналық электрстансысы. Ірі жобаға осыдан 15-20 жыл бұрын еліміздің Энергетика министрлігі тендер жариялаған еді. Тендерге Жапония, Ұлыбритания, АҚШ пен түркиялық компаниялар қатысқан. Тендер жеңімпазы болып түріктермен бірлескен Siemens компаниясы танылды. Бірақ аймақтың экономикасы үшін аса тиімді ірі жоба аяқсыз қалған. Ақтөбедегі бейметалл құбырлар зауытының директоры Ян Тампаев аяқсыз қалған жобаны жандандырып, қуатты электрстансысын салған жөн деп санайды. Өйткені аймақтың экономикасы осыдан 15-20 жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Ал әзірше Қазақстанның батыс аймағын энергетикалық тапшылықтан шағын газтурбиналық стансылар ғана құтқарып отыр.