Коронавирус пандемиясы кезінде сапалы әрі тексерілген ақпаратқа қажеттілік туып, бұл БАҚ рейтингін көтеруге ықпал етті. Бұл туралы «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай отандық БАҚ саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ләззат Танысбай телевизия мамандары ғаламторды өз өнімдерімізді кең аудиторияға жеткізудің қосымша құралы ретінде қарастырып отырғанын атап өтті.
«Ғаламтордың дамуымен бірге телеөнімге қол жеткізудің мүмкіндіктері артты. Мәселен, Youtube интернет-платформасында ең көп қаралым жинайтын телевизиялық жобалар екенін айта кеткен жөн. Соңғы 90 күнде Youtube-тағы танымал жобалардың үздік жиырмалығын отандық телеарналардың контенті құрап отыр. «QAZAQSTAN» арналарын алатын болсақ, интернеттегі аудиториямыздың саны 6 млн-ға жуықтап қалды. Youtube жазылушылар саны – 4,5 млн. Яғни, бұл – күнделікті дәстүрлі телеаудиториядан бөлек, біздің өнімдерімізді қосымша тұтынатын көрермен», – деді Ләззат Танысбай.
Сонымен қатар, телеарналарда кейінгі кезде тікелей эфир форматына басымдық беріліп жатқаны сөз болды.