Жылдың аптап ыстығында тұрғындар демалысқа шыққанды қалайды. Қалтасы көтергені шекара асса, ақшасы шамалылары жергілікті курорт пен санаторийді жағалайды. Тіпті оған да шамасы келмейтіндер баршылық. Қысқасы, әркім көрпесіне қарай көсіледі. Оған қоса, демалушыларға жасалған жағдай шетелдегідей емес. Медицина тілінде «курортология» деген термин бар. Өкінішке қарай, бұл саланы жете түсіне бермейтініміз рас. Себебі екінің бірінің еміне шипа іздеп, курорт пен санаторий жағалауға шамасы келе бермейді ғой.
Мамандар еліміздегі басым көпшілік демалыс орындарындағы баға шамадан тыс жоғары екенін айтады. Сол себепті табысы орташа тұрғындардың ұғымында арнайы орындарда демалу деген түсінік жоқ. Ал курортта 10-15 күндік ем қабылдап, демалатын болсаңыз, орташа есеппен 300-350 мың теңге шығындауыңызға тура келеді. Бұл дегеніңіз – жоқ-жітік жандар түгіл, табысы орташадан жоғары жандар үшін де оңайға түспесі анық. Осыған байланысты шипажайлар мен теңіз-көлдердің жағалауы екінің бірінің түсіне кіре бермейді. Бұрын кейбір аурудан сауығу үшін дәрігерлер адамдарға емдеу-сауықтыру орындарына тегін жолдама беретін. Бүгінде оның барлығы көзден ғайып болғалы қашан. Тіпті ел тұрғындары еліміздегі шипажайлардың жыл сайын өсетін бағасын да білмейді. Ал шетелдегі ондай орындар жайлы мәліметті жаһандық желі арқылы оп-оңай тауып алуға болады. Осының өзінен елімізде бұл саланың дұрыс ұйымдастырылмағанын аңғару қиын емес.
Алматыда 1955 жылы ашылған бір ғана курортология зертханасы бар. Ал Еуропа елдерінде дәрігерлік мамандыққа оқытатын әрбір жоғары оқу орны жанында арнайы зертханалар жұмыс істейді. Онда демалыс орындарының климаты, суы, ауасы, топырағы мен демалушылардың орташа жасы қай межеде болуы керектігіне дейін зерттеліп, белгіленеді.
Бізде денсаулық сақтау саласына мамандар әзірлейтін көптеген оқу орындары болғанымен, ондай істерге мойын бұра бермейміз. Соның салдарынан курортология саласы аяғын нық баса алмай тұрғаны жасырын емес. Бүгінгі күнге дейін елімізде 300 минералды су көздері, 120 емдік балшық орындары және 50-ден астам климаттық емдеу орындары анықталған екен. Алайда олардың өзін бүгінге дейін толыққанды зерттеп біткен жоқпыз. Оған бұл істі атқара алар мамандар тапшылығын қосыңыз. Жасыратыны жоқ, басқа-басқа бұл істе Қазақ елі көш соңында келеді.
Бүгінгі күні екінің бірі туризм туралы сөз етеді. Шетелдегі жасалған істерге көзіміз қызығып, аузымыздың суы құриды. Дерек көздерінде Қазақстанда 120-дан астам курорт, санаторий және демалыс орны бар екені айтылады. Онда бір маусымда 20 мыңнан астам келушіге қызмет көрсетуге мүмкіндік бар екен. Олардың арасында Түрксіб, Сарыағаш, Алма-Арасан, Барлық-Арасан санаторийлері минералды сумен емдесе, Шортанды, Мойылды, Атырау, Жаңақорған секілді сауықтыру-емдеу кешендері өзіне келушілерге балшықпен шипа дарытуға тырысады. Дегенмен аты аталған шипажай туралы санаулы адамдар жағымды пікір айтып, мақтап жатқанымен, ондағы қызмет көрсету сапасынан шетелдіктер тұрмақ, көптеген қазақстандықтардың өздері бейхабар. Білгеннің өзінде бұл орындардағы материалдық-техникалық база халықаралық деңгейде қызмет көрсетуге қауқарсыз. Алысқа бармай-ақ қоялық, Алатаудың ар жағындағы қырғыз жұрты Ыстықкөлімен-ақ алыс-жақын шетелден келетін жиһанкез қауымға жақсы таныс.
Нұрлан САҒЫНБАЙҰЛЫ, туристік орталық маманы:
– Сенесіз бе, біздегі кейбір демалыс орындарының бағасы шетелдегіден қымбат. Мәселен, Түркия, Хорватия және өзге де кейбір мемлекеттердегі курортқа 10 күнге барып келгіңіз келсе, 150-200 мың теңге шамасында қаржы жұмсайсыз. Өкінішке қарай, біздегі кейбір демалыс орындарына одан әлдеқайда көп ақша кетеді.
Шетелде курорт пен санаторий саласы айтарлықтай жоғары дамыған. Онда демалушыларды барлық жағдайы жасалған ғимараттарға жайғастырады. Жатсаң жастық, жамылсаң көрпе бола біледі. Ал бізде ше? Ондай мекемелердің көбісі тек ескіні жамап-жасқап отырғанын жасыра алмаймыз. Ал курорт пен санаторий қызметі туризмді дамытудың бірден-бір көзі емес пе? Олай боларлық жөні бар. Біріншіден, өзінің демалыс уақытын тиімді өткізу үшін шекара асып, талай қонақ келеді. Екіншіден, келген адамдарға түрлі қызмет көрсету арқылы табыс көзін молайтуға болады. Алайда біздің емдеу-сауықтыру орындарына бара қалсаңыз, алыс елдер түгіл, құдай қосқан көрші мемлекеттерден ат арытып жеткен бір пендені көрмейсіз. Бір сөзбен айтқанда, бізде өз курортымыз бен санаторийімізді насихаттауға келгенде кежегеміз кейін тартады да тұрады.
Еуропада курортология ұғымы бұрыннан қалыптасқан. Мәселен, Грекияда балшықпен, жерасты минералды суы, жер бетіндегі тұзды су, ыстық сумен емдейтін орындар бірнеше ғасыр бұрын пайдалануға берілген екен. Сол кездің өзінде онда келетін адамдар саны айтарлықтай болған. Содан бері кәрі құрлықтағы мемлекеттер балшық және шипалы су көздерін іздеумен жүйелі түрде айналысып келеді. Бүгінгі таңда кейбір елдерде курорттық мекемелер мемлекет қазынасына қомақты қаржы түсіріп келеді. Бізде туризмді дамыту мәселесі тұрақты түрде қозғалғанымен, әлі күнге дейін тек сөз жүзінде қалып отыр.
Қазақстандағы емдеу-сауықтыру орындарының барлығы өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін салынған. Содан бері жаңадан тұсауын кескен курорт немесе санаторий саусақпен санарлықтай. Ал елімізде көрікті де адам денсаулығына жағымды жерлер баршылық.
Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Біз студенттерді табиғаты көркем жерлерге алып баруды дәстүрге айналдырдық. Осының нәтижесінде әрісі Алтай, берісі Қаратау тауларын аралап қайттық. Сонда қаншама әсем жерлеріміз құр босқа жатқанына көз жеткіздік. Егер мынадай қоршаған ортасы көрікті елдер болса, оны әлдеқашан халықтың игілігіне жаратар еді.
Біз шетел асып, демалып қайтқанды қалаймыз. Ал өзімізде осы саланы жолға қоюға неге құлықты емеспіз? Егер құлық танытсақ, күні ертең-ақ бұл істе мол табысқа кенеліп, ел алғысын алар едік.
Курортты жүрміз мақтап құр, курортология ақсап тұр
Последние статьи автора