Қызылорда облысындағы күріш алқаптарының басым бөлігінде орақ аяқталды.
Қазір облыс бойынша 71399 гектар алқаптың 98 пайызға жуығы орылып, оның едәуір бөлігі бастырылды. Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласына қарасты шаруашылықтар біршама артта қалған. Таяу арада облыс орталығы іргесінде де орақ аяқталатын түрі бар. Облыс бойынша барлық күріш алқаптарының 82 пайыздан астамы бастырылған.
Облыстық ауылшаруашылық басқармасы берген соңғы мәлімет бойынша, аймақ бойынша орта өнім көрсеткіші гектарына 45 центнерден келуде. Ең жоғары көрсеткіш – 47 центнер. Әзірге мұндай көрсеткішке үш аудан – Сырдария, Жалағаш және Қармақшы ие болып тұр.
Тұқым қорын жинақтау межесіне жаңақорғандықтар мен жалағаштықтар жақындап қалды. Ал қармақшылықтар жоспарды асыра орындаған. Бүгіндері облыс бойынша қамбаға құйылуы тиіс 21585 тонна тұқымның 18283 тоннасы жиналды. Тек жауын-шашын кедергі болмасын деп тілейді диқандар.