Күдіктіні ұрып соққан тәртіп сақшылары сотталды
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында күдіктіні аяусыз ұрып соққан тәртіп сақшыларына қатысты сот үкім шығарды. Аудандық ішкі істер басқармасының үш өкілі қызмет бабын асыра пайдаланып, күш көрсеткені үшін жазаланып отыр.
Белгілі болғандай, олар үш жыл бұрын Нұрғали Тәшімов деген азаматты үйінен ұстап әкетіп, «мал ұрлығын мойныңа ал» деп мәжбүрлеген. Полицейлер қоқан-лоқыға көнбеген азаматты екі күн бойы қамап, тепкінің астына алған. Тіпті басына газ тұтқыш кигізіп, тұншықтырған. Мойындата алмаған соң, 38 жастағы азаматты бостандыққа жіберген. Ауыр соққы алған азамат артынша ауруханаға түседі. Кейін әділдік іздеп, құзырлы органдарға шағымданыпты. Үш жылға созылған тергеу амалдарынан соң тәртіп сақшыларының қылмысы дәлелденіп, сот оларға тиісті жаза тағайындады. Сайрам аудандық соты үш полицейді үш жылға шартты түрде соттап, үш жылға дейін ішкі істер саласында жұмыс істеу құқынан айырды. Алайда мұндай үкіммен жәбірленуші жақ келіспей отыр. Олар ендігі кезекте облыстық сотқа шағым түсірмек. Жалпы, ішкі істер қызметкерлерінің түрлі қылмыстық әрекеттерге бару оқиғалары тек бұл ғана емес. Бұған дейін полицейлердің есірткі сату, қарақшылық шабуыл жасау фактілері де тіркелген болатын.