Семейдегі аспалы көпір үстінен 28 жастағы жігіт секіріп кете жаздады.
Жігітті туған-туыстары қанша жерден көндіруге тырысқанымен, ол көпірден өздігінен түспеді. Есесіне, ұялы телефонмен сөйлесіп, шылымын тартып тұрып алды. Ақыры көпірдің басына құтқарушылар көтеріліп, оны арқанмен байлап, баспалдақ арқылы жерге түсірді. Бір қызығы, өз-өзіне қол жұмсамақ болған жігіт мамандардан да, басқалардан да ештеңені талап етпеген. Бұл турасында Семей қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Марат Дәулетин: «Ол мас күйінде ештеңе байқамаған шығар деп ойлаймын. Бұл – ерлік емес. Әлбетте, адам шығыны болуы да мүмкін еді. Қайта қайғылы жағдайға жеткізбей, барлығы осылай ойдағыдай аяқталғанына біз қуаныштымыз», – деді.
Ішімдікке тойып алған жігіт аспалы көпірдің тросы арқылы жоғарыға шыққан. Мамандар оның көпірге дін аман шығуына қайран қалуда. Өйткені осы сәтте қатты жел тұрып, көпір шайқалып тұрған. Артынан анықталғандай, 1982 жылы туылған жігіт ешқайда оқымайды, еш жерде жұмыс істемейді. Семей қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Елубек Оспановтың айтуынша, сол күні елді дүрліктірген азаматты тәртіп сақшылары айықтырғышқа жеткізген. Қазір оның ісімен учаскелік полицейлер айналысып жатыр. «Ол міндетті түрде әкімшілік жауапқа тартылады», – деп толықтырды баспасөз қызметіндегілер. Естеріңізге сала кетсек, осыдан бір жыл бұрын дәл осы жерден ішімдікке «сылқия» тойып алған әйел адам секірмек болған еді.