Жамбылдық полицейлер арасындағы атысқа есірткі бизнесі себеп болды. Түнгі қақтығыстың егжей-тегжейін ішкі істер министрлігінде айтып берді. Үш тәртіп сақшысы Шу ауданынан тыйым салынған заттарды тасымалдады деген күдікке ілінген. Полицейлер әріптестерінің жолын кеспек болды, бірақ қуғын кезінде бір адам көз жұмды, тағы екеуі жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицейлердің қақтығысы Құмөзек ауылының маңында болды. Ішкі қауіпсіздік қызметкерлері әріптестері осы жерде лас істермен айналысты деп күдіктенді. Оларды ұстау үшін тәртіп сақшылары Шу-Тараз трассасын қоршап алды. Атыс басталды, оның дыбыстарын жергілікті тұрғындар жақсы естіді.  
 
"Кешке таман осы оқиға болды. Көліктер аударылып, полицейлер жүріп өтті. Атыс болды", - дейді жергілікті тұрғын.
Ішкі істер министрлігі үш қарулы шабуылшы қуғыннан құтылуға тырысқанын растады. Нәтижесінде екі тарап та шығынға ұшырады. Жүргізуші жасырынуға тырысып, арнайы бөлімшенің қызметкеріне ауыр дене жарақатын салумен қасақана шабуыл жасады. Полицейлердің ескерту оғына тоқтай қоймаған көлікке қызметтік қару қолданылды.  Үше күдіктінің екеуі атыс жарақатын алды. Жараланған күдіктілердің бірі көп ұзамай ауруханада қаза болды. Екіншісіне операция қажет болды.
"Оқ жарақатын алған. Бір оқ жамбас аймағына, қуыққа, екіншісі сол аяққа тиді. Ауруханада ота жасалды. Қуықтағы оқ алынып тасталды, қан тоқтады. Бүгінгі таңда науқастың жағдайы тұрақталды. Өміріне ешқандай қауіп жоқ", - деді Шу қалалық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол Жолдасов.
Үшінші күдікті қамауға алынды. Көліктен кептірілген марихуанаға ұқсас өсімдік тектес 4 қап есірткі табылды. Барлық ер адамдар Шоқпар станциясының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері екені белгілі болды. Бұрынғы полицейлерге қатысты үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу басталды.