Көлік апатынан бес адам қайтыс болды
Ақмола облысында екі көлік соғылып, бес адамның өмірін қиды. Қайғылы оқиға Астана – Киевка тас жолында болды.
Ақмола облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Мерседес 280 Е» автокөлігі қарсы бағытта келе жатқан «Мерседес 190 Е» көлігіне бетпе-бет соғылған. Алдыңғы көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы және екінші көліктің жүргізушісі мен бір жолаушысы сол жерде қайтыс болды. Бір адам аман қалды, ол Астанадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының жансақтау бөлімшесіне жеткізілді. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, оқиғаға «Мерседес 280 Е» көлігінің 1988 жылғы жүргізушісі кінәлі, ол көлік руліне ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кетіп, алдынан келіп қалған машинаға соққан. Мұның алдында ірі жол апаттары Алматы және Жамбыл облыстарында тіркелген еді. Тамыздың 5-і күні Алматы – Көкпек – Көктал тас жолында үш жеңіл автокөлік түйісіп, бір адам қайтыс болған еді, сегіз адам ауруханаға түсті. Ал тамыздың 6-сы күні Тараз – Сарыкемер автожолында «Мерседес» жеңіл көлігі «ГАЗ-53» жүк көлігімен соқтығысып, бес адам қайтыс болды, екі адам ауруханаға жатқызылды.