Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов осы жылы 12 мектеп салынатынын хабарлады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Көлгінов Instagram парақшасында елорда әкімдігінің алдында мектепке артылған шамадан тыс жүктемені азайтып, жаңа оқу орындарын құру міндеті тұрғанын мәлімдеді.
"Қала тұрғындары санының өсуіне байланысты әлеуметтік нысандарға түсетін салмақ артып келеді. Білім нысандары әсіресе халық көп шоғырланған елді мекендерде салынып жатыр", - деді әкім.
Көлгінов бірқатар оқу нысандарының құрылыс барысымен танысты. Қазіргі №60 мектеп-лицей аумағында (Кубрин 21/1 көшесі) тағы бір мектеп салынып жатыр. Мектеп аумағы кеңейтілмек.
"Осы жылы былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп мектеп саламыз. Биыл салынатын мектеп саны – 12", - деп атап өтті елорда басшысы.
Ұлы Дала мен №39 көше қиылысындағы 1200 оқушыға есептелген (екі ауысымда - 2400) білім ордасы 2021 жылы пайдалануға беріледі. Мектеп құрылысына жеке инвестордың қаражаты жұмсалады.