Көкшетауда 15-тен астам «түнгі көбелек» қолға түсті
Көкшетауда 15-тен астам «түнгі көбелек» қолға түсті. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Полицейлердің мәліметі бойынша Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлерімен жеңіл жүрісті қыздарды анықтау мақсатында жүргізілген рейд барысында облыс орталығындағы монша, сауна және қонақ үйлер нысанаға алынған.
Тексеріс барысында бұл қоғамдық орындардан арын саудалап жүрген 15-тен астам «түнгі көбелек» ұсталған.
Олардың дені облыстың әр өңірінен келген қыздар. Олардың кейбірінің бала-шағасы бар. Тіпті, бір қыз осыған дейін стоматология кабинетінде медбике болып жұмыс істеп, кейін қысқартуға ұшыраған көрінеді.
“Қазіргі кезде осындай жезөкшелікпен айналысып ақша тауып жүргендерді жауапқа тарту жөнінде заң болмағандықтан, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тек сурет және бейнетаспаға түсіріп, есепке алуымен ғана шектелді”, – дейді полицейлер.
Еске сала кетсек, бүгінгі күні Ақмола облысында барлығы 105 жеңіл жүрісті тіркелген. Олардың орташа жасы 23-30 шамасында.
nur.kz