Мемлекеттік нышандарымызды бекіткенімізге жиырма жылдың жүзі болса да, олардың қадіріне өзге түгілі, өзіміз, осы елдің, осы жердің түп иесі – қазақ қауымы әлі жетіп болған жоқ секілдіміз. Мұның мысалы аттап басқан сайын алдымыздан шығып, жүрек сыздатып жүргені және рас. Жақында интернет сайттардың бірінде (www.akiyk.wordpress.com) шамамен Тараздағы Абай атындағы гуманитарлық колледжде өткен сенбіліктен қалта телефоны арқылы түсіріліп алынған бейнекөріністің масқара жарияланғанына куә болдық.
Езуі құлағына жеткен екі қыз мәз-мейрам күйде көк байрақпен қоқыс тасып жүр. Зембіл орнына пайдаланып отырғандары мемлекеттің киелі Туы екендігімен ісі жоқ. Сүйретіп апарған бойы жол шетіне лақтырып тастай салды, ал келесі бір қыз үстінен таптап өте шықты! Міне, елдің болашақ педагогтарының қылығы! Осыған енді не айтуға болады? «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығына жүгінсек, әрине, бұл – отбасындағы тәрбиенің олқылығы. Өйткені отаншылдық сезім әрбір баланың құлағына жастайынан құйылмайынша, патриот ұрпақтың қалыптасуы неғайбіл. Одан кейінгі себеп – парықсыздық пен пайымсыздықта. Абайша айтсақ, «қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады». Туған елінің қасиетті Туын аяқасты етіп қорлап және сол әрекетінің соншалықты надандық екенін сезінуге өресі жетпей жүргендердің жоғарыдағы әрекетін басқаша бағалау мүмкін емес. Мұндағы мәселе – бұл сорақылықтың қашан болғандығында емес, оның факт ретінде орын алғандығы мен сайттарға жаңғыртып салынғандығында.
Бейнекөріністегі сенбілік өтіп жатқан ғимараттың маңы...
Мақалада сөз болған мәселені анықтау мақсатында аталмыш колледжге хабарласқан едік. Бірінші рет қоңырау соққанда колледж директоры емес, оның орынбасарларының бірі көтерді. Мән-жайды түсіндіріп айтып едік, ол: «Жоқ, бұл туралы білмейміз. Бірінші рет естіп тұрмын. Бұл колледждегі тәрбиенің нашарлығы емес. Бұл – облыс деңгейіндегі ең алдыңғы орында тұрған оқу орны. Бұл мүмкін емес! Жай бейнемонтаж шығар. Біздегі бұлжымас қағида бойынша, кураторлардың өздері студенттерімен бірге тазалық жасап жүреді. Сол себепті бізде ондай әрекеттің болуы мүмкін емес», – деп жауап берді.
Шамалыдан соң қайта хабарласқанымызда хатшы қыз бізді Абай атындағы гуманитарлық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мәдина Есіркепбайқызына қосты. «Колледждің 90 жылдық тарихы бар. Өте білікті, іргелі оқу орны. Сондықтан біздің қызметкерлердің немесе студенттердің бұлай істеуі мүмкін емес. Байқауымызша, бұл біреулердің әдейі ұйымдастырған дүниесі секілді. Бізде күнделікті патриоттық мәні бар шаралар өткізіліп тұрады. Сол себепті білім ордамызда мұндай арсыздықтың болуы мүмкін емес. Таңғалып отырмын. Жүрегінде сезім бар адам мұндай әрекетке бармас еді. Барып тұрған надандық! Бізді әдейі былғап көрсеткісі келгендердің ісі екені даусыз», – дейді М.Есіркепбайқызы.
Тараздағы Абай атындағы гуманитарлық колледж ғимараты. Айырмашылық бар ма?
Ең өкініштісі, өз қаракөздеріміз осыншама жетесіздік танытып отырғанда, өзгелер не істемейді, не демейді?! Тағы да сол интернетке жүгінсек, мұның дәлелін де алысқа ұзамай-ақ табатынымыз көрініп тұр. Мәселен, осыдан бірер күн бұрын mail.ru сайтының жеке тұтынушыларына арналған «Мой мир» парағында әлдекім қазақты қаралауға барынша тырысып бағыпты. «Бақсақ, бақа екен» демекші, Яна Борисова деген сол бір «жұмбақ жан» «Қазақтарды жек көремін», «Ресей Қазақстанды жыртады» деп, өзінің бар «ашуын» жеке парағына төгуге тырысыпты. Сөйтіп, Отанымыздың Елтаңбасы мен көк байрағының суретін іліп қойыпты. Өмірбаяндық дерегіне қарағанда, өзі кәрі кемпір көрінеді. Жарты нанын кіммен болса да бөлісіп жеуге бар кең пейіл, кеңқолтық қазақтың айдаладағы кемпірге не жазғаны бір Аллаға аян. Бәлкім, оған қарап тұрған да ештеңе жоқ. «Ел не демейді, есек не жемейді» деп қоя салатын-ақ нәрсе. Бірақ ең жаманы – ұлттың өз ішіндегі надандық, өз ішіндегі өресіздік.
Сүйінбай бабамыздың:
Бөрілі басым – ұраным,
Бөрілі – менің байрағым!
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып та кетер қайдағым! –
деп осыдан екі ғасырдай бұрын айтқан сөзі – әлі де сөз. Қай заманда да байрақтың көтерілуімен бірге, бойдағы қан қызып, намыс атойлайды, жігер жанылып, жүрек жаңа жеңістерге жұлқынады. Ал мұны санасында саңылау, кеудесінде қазақы рух жоқ бейбақтар ғана сезіне алмаса керек...
Мұрат Әбенов, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Бізде мемлекеттік рәміздерді қорғау, құрметтеу туралы арнайы заң бар. Онда ұлттық нышандарымызды қаралау немесе аяқасты ету жағдайларында мемлекеттік тұрғыда айып салып, жазалау туралы қаралған. Жасыратыны жоқ, бізде арнайы заң бола тұра, бұл мәселе өте өзекті күйінде қалып отыр. Әрине, бұл заң талаптарының кемшілігінен емес. Ең бастысы, ұлттық рух пен патриотизмнің жетіспей жатуынан орын алып отыр.
Бізде мемлекеттік нышандарымыз арнайы шараларда немесе рәміздер күнінде ғана еске алынып жатады. Яғни науқандық шараларда ғана алаулатып-жалаулатып алып жүреміз. Ал ертеңінде қарасаңыз, көбі шашылып, аяққа тапталып, далада жатады. Бұл нені көрсетеді? Арнайы насихат пен жұмыстардың жетіспеуі. Бәрін заңға тіреп қоюға болмайды. Оны басқаша механизмдер арқылы реттеуіміз керек. Болмаса, мәжбүрлеу арқылы реттеуге тура келеді. Заң бәрімізге ортақ. Мемлекеттік нышандарды құрметтеу – әр азаматтың парызы.
Ойсалар
Өткенге ой жүгіртер болсақ, адамзат қоғамының елдіктің басты белгісі есебіндегі Туға қатысты танымы тым тереңде жатыр. Бұл ретте оның тарихы Шыңғысхан әскері сырық ұшына байлап көтерген ат қылы мен ежелгі Египеттің құз басындағы құдай мүсіндерінен бастап, бүгінгі заманауи тәсілмен әдіптелген әдемі шаршыларға дейінгі ұзақ аралықты қамтитыны анық. Бірақ жөн-жобасы да, түр-түсі де сан алуан сол белгілерді өзара байланыстырып тұрған – бір-ақ нәрсе. Яғни ықылым заманнан-ақ адамдар Туды басты рәміз ретінде қастерледі, өзіндік тамаша қасиетінің бағасына жете білді. Өйткені қай кезде де елді ел ретінде айшықтайтын да, өзгенің назарын өзіне аударатын да, әрбір жүректің туған Отанына деген махаббат пен сүйіспеншілік сезімін арттыратын да, ең алдымен, елдің Туы болды. Сол киелі Тудың жығылмай, биіктен желбіреуі үшін бабаларымыз талай ғасырлар бойы қанын да төкті, жанын да қиды. Сондықтан Туды сыйлау – өз еліңді, халқыңды, оның қасіретті де қасиетті тарихын сыйлау деген сөз.
Бір ғана біз емес, бүкіл адамзат баласы мемлекеттік туға ерекше ден қояды және әлеуметтің оған деген құрмет сезімін қалыптастыруға мейлінше күш салады. Мәселен, біз «адами құндылықтарға аяқасты қарайды» деп ойлайтын АҚШ-тың өзінде мемлекеттік туды пайдалану ережесі Ту Кодексінде тәптіштеп жазылған. Федералды заң туды дұрыс қолданбағандарды жазалау мәселесін қарастырмаса да, ту туралы арнайы заң арқылы әрбір штат тәртіп бұзушыны жауапқа тарта алады. Мысалы, туға жазуға, сурет салуға, оны киім, ішкиім ретінде пайдалануға заң арқылы қатаң тыйым салынған. Тудың мемлекет символы екендігі АҚШ заңында баса көрсетіліп, оның орнының басқа жалаулармен салыстырғанда айрықша екендігі ескертілген. Дәл осындай тәртіп Австралияда да қарастырылған. Бұл елдің ұлттық туы өз елінде басқа тулар мен жалауларға қарағанда неғұрлым биікте орналасуы тиіс. Сол сияқты іргелес Ресей елінің де Ту туралы арнайы ереже жасап, Мемлекеттік ту күнін белгілегендігі мәлім. Сайып келгенде, мұның барлығы – ел тәуелсіздігін сыйлаудан және сол сезімді еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін сіңіруден, түйсіндіруден туатын шара.