Кеше, түсте Астанада «KADEX-2012» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі ресми түрде ашылды. Десек те, көрменің шымылдығы таңертеңнен бастап Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы бірлесіп ұйымдастырған халықаралық әскери ғылыми-техникалық конференциямен түрілді. Конференцияның тақырыбы – «Заманауи әскери-техникалық саясат: проблемалары мен келешегі» деп аталады.
Жиынға қару-жарақ және әскери техникамен айналысатын отандық және шетелдік ведомстволардың, ғылыми және білім беру мекемелерінің, кәсіпорындар мен фирмалардың басшылары мен мамандары қатысты. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов құттықтау сөзін сөйлеп, конференцияның бүгінгі таңда өзекті әрі маңызды екенін атап өтті. Әскери техникалық саясаттың маңызды мәселелерін талқылаған конференция әскери техникаларды жаңғыртудың оңтайлы шешімдерін іздеу және даму келешегін айқындауды көздепті. Сондықтан жұмысы үш күнге созылатын жиынның қорытындысында қабылданған ұсыныстар назарға алынып, келешекте жүзеге асатын болады.
«KADEX-2012» көрмесінің ең қызықты сәті түстен кейін болды. Шараның түстен кейінгі бөлігіне Елбасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп қатысты. Қара сүліктей көліктер шеруімен келген Президентті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысын оркестрдің рух тербейтін әскери маршымен қызыл кілем үстінде төрге оздырды.
Бұдан кейін еліміздің әскери техникалары арнайы жабдықталған полигонда әскери күш-қуат мүмкіндіктерін көрсетті. Ең әуелі Т-72Б танкілері шықты. Бұл танк былтыр Ресейде жаңғыртылған екен.
Танкінің жүріп келе жатып атқан оғы құлақ тұндырып, жер жарады. Оқтың жаңғырығынан табан астындағы жер дірілдеп қоя берді. Танкінің сұсы жаудың мысын басады екен дестік. Әдейі төселген иір-қиыр жолдардың бәрінен еш кідірмей өте шыққан Т-72Б танкісіне шетелдік қонақтар да сүйсініп тұрды.
Бұдан кейін жауды отпен орайтын ТОС 1А және «Терминатор» деп аталатын танкіні қолдаушы ауыр соғыс машинасының көрсетілімі болды. Бұл техника да 2011 жылы Ресейден сатып алынған екен. Сондай-ақ БТР2А жаяу әскер жауынгерлік машинасы да жұрттың алдынан жүріп өтті.
Шетелдік әскери техникалар да өз мүмкіндіктерін көрсетіп қалды. Түркияның «Кобра» атты дөңгелекті барлау машинасы, Ресейдің брондалған «Тигры», Украинаның БТР-4Е машинасы да ойлы-қырлы жерде ойқастады. Айтпақшы, осы жерде айта кету керек, Украинаның осы әскери техникасын бірлесіп жасау жөнінде Қазақстан мен Украина келісімге қол қойыпты. Украинаның қорғаныс министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, құны 150 млн доллар көлемінде болатын 100 бронетранспортер машинасын жасау жөнінде келісімге келген. Бұл келісім осы «KADEX-2012» көрмесі шеңберінде болған.
Бұлардан кейін «КамАЗ» әскери жүк көліктері де лек-легімен жүріп өтті. Бүгінде әскери паркіміздің 80 пайызы жолсыз тау-таспен де жүріп өту қабілетімен тәнті еткен осындай «КамАЗ»-дармен жаңартылған екен.
Десанттарымыз да қонақтар үшін өз өнерлерін аяп қалмады. МИ-8 тікұшағынан түскен десанттар мергендігімен тамсантып, жаудың шебін қиындықсыз бұза алатынын дәлелдеді. Әскери саппен жүрудің де түрлі әдістерін біркелкі, еш қиындықсыз орындап шықты. Бұл да әскеріміздің айбынын асқақтататын көрініс болды.
Құрлықтағы көрініс бағдарламасы Қазақстан, Германия, Үндістан, Польша, Тәжікстан әскери оркестрлерінің салтанатты шеруімен аяқталды. Тәнті еткен бір жағдай, тәжік бауырларымыз өздерінің әскери оркестріне ұлттық киімдерін де енгізіпті. Оркестрдің үрмелі аспаптағы жігіттері тәжіктің ұлттық шапаны мен саптама етігін киіп шықты. Үндістан тарапы да өздерінің ұлттық киімдерімен ерекшеленіп тұрды. Үстеріндегі ұлттық киімдерінен-ақ қай ұлттың әскери оркестрі екенін танисың. Біздің әскерилердің де киімін ұлттық нақышпен көмкерсе, жарасымды болатын секілді.
Шара бұдан әрі әуе көріністерімен жалғасты. Әуелі елімізде құрастырылған ЕС-145 тікұшақтары ұшып өтті. Бұдан кейін «Сұңқар», «Алатау» және «Жетісу» пилотаждық топтары Л-39, МиГ-29, сондай-ақ Су-27 ұшақтарымен ең жоғарғы пилотаждық қимылдар жасап ұшты. Ресейдің әскери әуе күштерінің «Русские витязи» пилотаждық тобының да ұшу өнерін тамашаладық.
Әскери техникалардың көрсетілімінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрмелерді аралап шықты. Ұшақтардың, соғыс техникаларының үлгілерін көрді. Оның ішінде Қазақстан Қарулы күштері мен Төтенше жағдайлар министрлігі жақында ғана қол жеткізген С-295 әскери көлік ұшағын, Т72Б танкісін, Ресейдің КА-32 көп функциялы тікұшағын және ресейлік SuperJet-100 жолаушы авиалайнерін тамашалады.