Осыдан бір апта бұрын Алматыдағы №7 қалалық аурухананың кіші медициналық қызметкерлері Azattyq Ruhy тілшісімен кездесіп, бір жылдан бері ПТР-тест тапсырмағанын, сондай-ақ, пандемия басталғалы үстемақы алмағанын айтып, шағымданған еді. Аталған мәселеге байланысты аурухана басшылығына сауал жолдадық. Аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, кіші медицина қызметкерлері басшылықтың алдына барып, БАҚ өкіліне айтқан мәселелердің бірде-біреуін көтермеген.
СЫЙЛЫҚАҚЫ ТӨЛЕУГЕ АУРУХАНАНЫҢ МҮМКІНДІГІ ЖЕТПЕЙДІ
- Қазіргідей қиын жағдайда ауруханалар мен емханаларға көп нәрсе байланысты. Медицина қызметкерлері халық үшін екі есе жақсы жұмыс атқару керек. Ал, мынандай жағдайлар орысша айтқанда «дестабилизируют обстановку». Негізі сұрақтарды бірігіп талқылап, қолдан келгенше шешіп, қолда жоғын түсіндіріп, барлық күшті айқай-шуға емес, жұмысқа жұмылдырған жөн болар еді. Бірақ сіздерге анонимді түрде көмек сұрап барған қызметкерлеріміздің бірде-бірі басшылыққа барып аталған сұрақтарды қоймаған. Салдарынан осындай түсініспеушілік болып отыр.
Сыйақы мәселесіне келетін болсақ, Алматы қалалық №7 клиникалық аурухана - шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорын және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 138-бабына сәйкес еңбекақы төлеу нысандарын, штат кестесін, лауазымдық айлық мөлшерін, сыйақы беру және өзге де сыйақы жүйесін шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын белгіленген еңбекақы төлеу қорының шегінде дербес айқындайды. Сыйақыны, сараланған төлемді төлеу тұрақты сипатқа ие емес және қолма-қол ақшаны үнемдеуге байланысты.
2020 жылдың сәуірінен бастап қазірге дейін біздің клиникада коронавирус инфекциясын таратпау бойынша карантиндік шаралар енгізілді, кейбір бөлімшелер жабылып, инфекциялық-провизорлық бөлімшелерге қайта бейінделді. Сондай-ақ жоспарлы емдеуге жатқызу мен ақылы қызметтер тоқтатылды. Жоғарыда аталған себептерге байланысты клиниканың кірісі азайып, шығыны көбейді. Бірақ, осыған қарамастан, клиника басшылығы 2020 жылдың сәуір айында - төтенше жағдай кезінде қызметкерлерді ынталандыру үшін барлығына материалдық көмек төледі және жұмылдырылған қызметкерлер үшін сыйақы тағайындалды. 2020 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында қызметкерлерге сараланған төлем төленді. Болашақта карантинге байланысты клиника қаржылық мүмкіндіктердің болмауына байланысты сыйақы түрінде ынталандыру төлемдерін төлеуге мүмкіндігі болмады», - деді №7 қалалық аурухананың ресми өкілі Жанар Үсенқызы.
БІР ЖЫЛДАН БЕРІ МАМАНДАР АРАСЫНДА ПТР-ТЕСТІЛЕУ ӨТКІЗБЕУ СЕБЕБІ
- ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің №67 қаулысы бойынша полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) тексеруден арнайы топ адамдары ғана өтеді. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері кезекті демалыстан және іс-сапардан келгенде, денсаулығына байланысты демалыста болған жағдайда теріс нәтижесі бар ПТР-анықтамамен жұмысқа шығады. Қалған жағдайда профилактикалық тексеру жүргізілмейді, - дейді Жанар Үсенқызы.
КӘСІПОДАҚ АҚШАСЫ ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛУДА?
- «Көмек» жергілікті кәсіподақ» қоғамдық бірлестігі жарғысының 2 тармағына сәйкес кәсіподақ ұйымы мүшелерінің бірлесу бостандығы бойынша құқықтарын жүзеге асыру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және өкілдік ету мақсатында ортақ еңбек, өндірістік-кәсіби мүдделерімен байланысты №7 қалалық клиникалық ауруханасы жұмыскерлерімен құрылған және аурухананың әлеуметтік әріптестік жүйесінің дамуына болысады, мүшелік жарна мүшелердің жақын туыстарының қайтыс болуы, сырқаттануы, мерейтойларға сыйақы т.б. шараларға жұмсалады. Кәсіподақ ақша түсуі және жұмсалуы туралы мүшелерін хабардар етуге міндетті және оны жүзеге асырушы орган - Кәсіподақ комитеті (атқарушы орган), - деп жауап берді.
Дәрігерлер шағымына байланысты Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысына да сауал жолдаған едік. Осы ақпарат жарияланған сәтке дейін басқарма тарапынан жауап болмады.