Ақмола облысының тұрғыны жедел жәрдем қызметінің бейқамдығынан қызымның өміріне қауіп төнгенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
Айтуынша, таңғы сағат 8-де шақырған алғашқы медициналық көмек, ауруханаға науқасты 2 сағаттан кейін ғана апарған.
Жол-жөнекей тоқтап, жедел жәрдем қызметкерлері кезекшілігін ауыстырып жүргенде бүлдіршіннің екі мәрте тырысқағы ұстаған.
Жайнагүл Бимағанбетова жедел жәрдемді таңғы сағат сегізде шақырған. Алайда көлік жол-жөнекей қайта-қайта тоқтап, қызметкерлер кезекшілігін ауыстырып, науқасты көлік ішінде күттіріп қойған.
“Не істерімді білмедім. Не фельдшер жоқ. Балама не істерімді білмей жаным қысылды. Жаным қысылған кезде, шығам мен есікті ашыңдар, мен такси ұстаймында басқа дәрігерлерге барамын дедім. Немесе жақын маңдағы дәрігерлерге апарыңдаршы, бірінші көмекті көрсетіңдерші менің қызыма деп”, – дейді Талапкер ауылының тұрғыны Жайнагүл Бимағанбетова.
Жолда науқас баланың екінші рет тырысқағы ұстаған. Ал ақ халаттылар жайбырақаттыққа салып, ауруханаға сағат 10-да бірақ жеткен. Ауруханадағылар дәрігерлер қазір 3 жастағы баланың жағдайын орташа деп бағалады.
“Бөлімшеде жатыр бала. Қазір зерттеулер жүргізіп жатырмыз, зерттеп болғаннан кейін баланың әрі қарай қандай дәрі-дәрмек алатыны белгілі болады. Қазіргі күні баланың жағдайы орташа”, – дейді №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Медет Нұғманов.
Бұл келеңсіздікке қатысты Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасына шықтық. Олар өзара арнайы жиын өткізіп, науқасты тасымалдау барысында заң бұзушылыққа жол берілгенін анықтаған.
“Целиноград ауданы Талапкер ауылы тұрғынының ДЦП, эпилепсия ауруымен ауыратын балаға шұғыл көмек көрсетудің жөнсіздігі туралы өтініші бойынша талдау жүргізілді. Қоңырау 8:18-де түсті. Шақырудың себебі - конвульсиялық синдром. Талдау барысында пациенттерді тасымалдау алгоритмінің бұзылуы анықталды”, – дейді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жолда жедел жәрдем қызметкерлері ауысым үшін тоқтағаны расталды. Науқасқа қиындық тудырғаны үшін сол күнгі кезекші фельдшер жұмыстан босатылған.
Сондай-ақ қосалқы станцияның аға фельдшерімен кезекші ауысым диспетчері, екінші фельдшер және жедел жәрдем жүргізушісіне қатаң сөгіс жарияланған. Сонымен қатар қызметкерлерге атқаратын лауазымына сәйкес қайта аттестаттау жүргізу шешімі қабылданды.