Ресейлік блогер Даня Милохин қазақстандық музыканттарға қатысты пікір білдіремін деп басы дауға қалған еді. Осы жағдай туралы Динара Сәтжанға берген сұхбатында толық айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Мен кешірім сұрайтындай жаман ешнәрсе айтқан жоқпын. Біз клиптерді талқылап, әзілдесіп отырғанбыз. "Өздеріңді еркін ұстаңдар" деген соң өз ойымды ашық айтқанмын. Бір кезде "Олардың клип түсіруге ақшасы бар сияқты" деп пікір білдірдім. Бірақ осы сөзбен клиптің шынымен керемет шыққанын айтқым келген. Яғни, мақтағым келді. Сондықтан, бәрі мені кінәлап шыққанда не болғанын түсінбедім. Ешкімді ренжіткім келмеді, ренжітемін деп ойламадым. Түсінбеушілік болды. Мен кешірім сұрадым, бірақ не үшін кешірім сұрағанымды түсінбедім", - деді блогер.
Сондай-ақ, Милохин продюсері кешірім сұрау керегін айтқанда, бірден орындамағанын мәлімдеді.
Еске салайық, Қазақстанға келген ресейлік блогер Даня Милохин елдегі музыканттарға қатысты пікір білдіремін деп басы дауға қалған еді. Даня Милохин мен Аня Покров отандық бағдарламалардың бірінде Ninety One тобының "Мен емес" әніне баға береді. "Клип түсіруге ақшасы бардай...", дейді ол. Блогердің бұл пікірі Желіде қызу талқыланған.
Бұдан кейін Даня Милохин болса жағдай ушығып кеткенін аңғарып, Instagram желісіндегі парақшасында "Қазақтар, сіздерді жақсы көремін. Сіздерге тіл тигіземін деп ешқашан ойлаған емеспін. Өзім байқамай ренжітіп қойсам, кешірім сұраймын", - деп жазба қалдырған болатын.