Сұлу көркімен көздің жауын алған, М.Әуезовтің тілімен айтқанда, Қаратау тәжі атанған Кентау қазір мың-сан проблемасы қордаланған қаланың көркін елестетеді. Соның бірі – қоқыс мәселесі. Кентаудың жерасты байлығы бүгінде өзіне сор болып жабысып отыр.
Кентауда «Ачполиметалл» комбинатының өндірістік қалдықтарын сақтау үшін бір кездері 332 гектар жер учаскесі бөлініп, ол Баялдыр қалдық сақтау қоймасы ретінде пайдалануға берілген. Онда бас-аяғы 135 миллион тонна өндірістік қалдықтар тасталған. Алайда бүгінде комбинат бұрынғыдай толық қуатында жұмыс істемегендіктен, қоқыстың да аз тасталатыны түсінікті жайт. Осындай себептерге байланысты қойманың 142,5 гектар аумағы «Кентаукеніштарату» РМК тарапынан бөлінген 420 миллион теңгеден астам қаржыға консервациялау жұмысы жүргізілген-ді. Ол аумақ мемлекеттік қабылдау комиссиясының сүзгісінен өткізіліп, қойманың тағы 106,7 гектар жері «Южполиметалл» ӨК» АҚ-ына қалалық әкімдіктің қаулысы негізінде уақытша пайдалану үшін жалға беріледі. Қойманың қалған 82,9 гектар жері санитарлық қорғау аймағы ретінде қалдырылған.
Консервацияланған 142,5 гектар жерді 33 600 дана екпелерімен қоса, «Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі 2008 жылдың желтоқсан айында қабылдау актісіне қолын қойып, мөрін басып қабылдап алады.
Алайда содан бергі өткен екі жыл мерзім ішінде қоқысты жоюға арналған, дәлірегі, қоқыстың орнын тоғайға айналдыру, екпелерге қарау жұмыстары мүлдем тоқтатылып, қойма аумағына ат ізі салынбаған. Соның салдарынан әр-әр жерде өлермендікпен аман қалған тал-шыбықтардың қылтиғаны болмаса, өзгелері көктей солған.
А.Мошкалов, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының басқарма бастығы:
– Қалалық әкімдік пен «Южполиметалл» ӨК» АҚ арасындағы келісім-шарт негізінде 2005-2008 жылдар аралығында аталған аумаққа 2 216 469 тонна өндірістік қалдық төгілген. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодекске сүйенер болсақ, қоқыс сақтау қоймасының 106,7 гектар жеріндегі қалдықтар жоғарыда аты аталған өндірістік кооперативтің меншігі болып табылады және олар өндірістік қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуге жауапты. Алайда биылғы жылдың мамыр айында «Южполиметалл» ӨК» АҚ тарапынан қалалық әкімдікпен арадағы келісімшартты бұзу үшін сотқа талап-арыз түсіріп, ол қанағаттандырылған. Жер кодексінде жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар бүлінген жерді жаңғыртуға, оның құнарлылығын және жердің басқа да қасиеттерін қалпына келтіруге міндетті. Кентау қаласы әкімшілігіне аталған жер сот шешімімен қайтарылғанымен, «Южполиметалл» ӨК» АҚ тарапынан жинақталған өндіріс қалдықтарын консервациялау мәселесі екі жақтан да, не әкімдік тарапынан, не акционерлік қоғам тарапынан атқарылмаған. Негізінде, қалалық әкімдік қоқыс тасталған жерді қалпына келтіруге талап қоюы тиіс. Енді оның зардабы кімге тиеді, әрине, жергілікті халыққа.
«Южполиметалл» ӨК» АҚ пен Шу-Талас экологиялық департаментінің ОҚ филиалымен келісілген табиғат қорғауға бағытталған 2009-2010 жылға арналған іс-шарасына сәйкес, тау болып үйілген қоқыстар, яғни улы химикаттар қоршаған ортаға, адам ағзасына әсері болмас үшін үнемі су астында жатуды қажет етеді. Алайда екі жақтың бір-біріне сілтеуінің салдарынан қазір ол өндірістік қалдықтар ашық аспан астында ашық-шашық жатыр. «Кентау қаласына батыс бағытынан жел тұрған уақытта экологиялық апатқа ұшырау қаупі зор» дейді мамандар.
Прокуратура тарапынан Кентау қаласының әкіміне тез арада Баялдыр өндіріс қалдықтары қоймасын сумен бүркуге, сотқа беру арқылы «Южполиметалл» ӨК» АҚ-ның меншігіндегі 2 216 469 тонна өндірістік қалдықты мәжбүрлеп залалсыздандыру және кінәлі лауазым иелерінің жауапкершілігін шешу туралы ұсыныс енгізілді.
«Көрмес – түйені де көрмес» деген осы болар. Елеусіз ғана қоқыс болса бір сәрі, 2 миллионнан астам тонна қоқысты, дәлірегі, улы затты байқамау – нанғысыз. Мұны басшы азаматтардың жауапсыздығы, жаны ашымастығы деп бағалаған дұрыс болар.
Рамазан СӘРПЕКОВ, Мәжіліс депутаты:
– Ондай қалдықтардың жергілікті тұрғындар денсаулығына аса зиян екендігі айтпаса да белгілі. Бір емес, екі бірдей жауапты орындардың мұндай маңызды проблеманы бір-біріне итермелеп, екеуінің «сүттен ақ, судан таза» шыққысы келетіндері – ұят нәрсе. Қалай дегенде де прокуратура бұл мәселені жан-жақты тексеріп, кінәлілерді тиісті жазаға тартады деп сенемін.
Жалпы алғанда, елдегі экология мәселесі қазір Үкіметтің араласуын қажет етіп отыр. Жоғарыдағыдай іс насырға шауып кетпей, дер кезінде қолға алмаса болмайды. Мәселен, қазір Қазақстан бойынша жол салу, жөндеу сияқты құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Кейде топырақ тиелген жүк көліктерінің үстін жаппай, шаңдатып, жүйткіп бара жатқанын көреміз. Тіпті осының өзі адамдарға да, экологиямызға да зиян. Қысқасы, экология мәселесіне тиісті орындарды айтпағанда, бақылау органдарының үлкен жауапкершілікпен қарайтын кезі келді.
Нұржан ОШАНБЕКОВ, «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары:
– Осының барлығы – бақылау органдары мен жергілікті әкімдіктердің салғырттығы. Кейбір өндіріс орындары, тіпті сөз болып отырған бақылау орындары мен әкімдіктердің аузын майлап, былық-шылықтарын жылы жауып қоюға дейін баратындары жасырын емес. Қазір өндіріс орындарының басым бөлігі шетелдіктер меншігіне өтіп кеткен. Олар өздерінің қалталарын ғана ойлайды. Біздің халықтың денсаулығын, экологиямызды ойлап, бас қатырып қайтсін.
Экологияға қатысты айтсақ, жағдайымыз мүшкіл. Кейбір жанашыр азаматтар болмаса, көпшілік шенеуніктер бұл мәселеге немкеттілікпен қарайды. Өкінішті. Халқымыздың менталитеті ме екен, тіпті қарапайым адамдардың арасында да өз құқын қорғап, белсенділік танытып жүргендері некен-саяқ. Әлгі қалдық шығарудан озық келе жатқан өндіріс орындарының қожайындарының алшаң басып жүргендері де, міне, содан. Үкімет қатаң қадағалауға алып, бақылау орындарының түпкілікті тексерулерін талап етпесе болмайды. Сондай-ақ қолданыстағы заңның орындалуын қадағалау керек.