Канал суы қауіпті...
Шымкент каналының суынан қауіпті вирус тапқан дәрігерлер дабыл қағып отыр. Жуырда осы каналдың суын тексерген Еңбекші аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің мамандары одан ішек таяқшасы мен гепатит вирусы барын анықтаған.
Әбден ластанған судың өте қауіпті екенін қарапайым көзбен-ақ бағамдауға болады. Дәрігерлер судың ластануына канал бойын жағалай қоныстанған тұрғындар кінәлі деп санайды. Күл-қоқысты осы каналға тастайды әрі дәретхананы каналға жақын етіп орналастырады. Оның суы каналға ағып жатпағанына ешкім де кепілдік бере алмайды. Ең қауіптісі, кішкентай балалар осы суға келіп шомылады. Қауіпті дертке шалдықпасына кім кепіл? Қауіпті індеттің қанатын кең жаймас үшін тез арада канал бойын тазалап, дезинфекция жасау қажет екен. Оны қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімі іске асыруы тиіс. Алайда олар әзірге үнсіз. Әзірге санитар дәрігерлер «Шомылуға болмайды» деген тақтайша орнатудан басқа қолдарынан келер қайран жоғын мойындап отыр.