Ислам әлемі жаңғыру жолында жұмылуы тиіс

Мансұр ХАМИТ (фото)

Кеше Астанада жалғасын тапқан VII дүниежүзілік ислам экономикалық форумы өз жұмысын бастамас бұрын қалыптасқан дәстүр бойынша құран оқылды. Сосын «аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен» (Биссмиллахи рахмани рахим!) басталған жиынның мәртебелі төріне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Малайзия премьері Сри Дато Тун Абдал Разак, Джибути Республикасының Президенті Исмаил Омар Гелле, Тәжікстан премьер-министрі Акил Акилов, Индонезия вице-президенті Боедионо, Ислам даму банкінің президенті Ахмед Мұхамед Әли әл-Мадани және ДИЭФ төрағасы Тун Муса Хитам жайғасты.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстан – Дүниежүзілік ислам экономикалық форумын ТМД елдері ара­сынан алғаш рет өткізіп отырған, «Ислам Даво­сы» Ор­талық Азияға ат басын бұрған тұңғыш мемлекет. Оның үстіне аталмыш маңызды шара Қа­зақстан Сыртқы істер ми­нистрлігінің Ислам кон­ференциясы ұйымына төр­аға­лы­қ ететін жылына да дөп келіп отыр. Бұдан бөлек форум туралы мәселе қозғалғаннан бері Қа­зақстан осынау эко­номикалық алаңды мұсыл­ман әле­міндегі әріп­тестерімен эко­номи­калық қана емес, саяси әм мәдени диалогты жан­дандыру үшін пайдалануға ұмтылатынын ресми мәлімдегені белгілі. Мұндай ұмтылысқа ислам әлемі де өз тарапынан қолдау танытатындығын айғақтаған. Ал Аста­надағы алқалы басқосудың не­гізгі бір мақсаты – ис­лам бизнесіне Қазақстанның іс­керлік және инвести­циялық мүмкін­діктерін та­ныстыру.
Жібек жолы қайта түледі
Жиынның жалпылама мәніне тоқтап, кіріспе сөзді алған ДИЭФ төрағасы Тун Муса Хитам Тәуел­сіз­діктен бері Қазақстанның жаһандық экономи­ка­лық даму бо­йын­ша маңызды әрі мүдделі мемле­кет­тің біріне айнал­ғанын, форумның Орталық Азияға қадам басу себебі де осыған дөп келетінін тілге тиек етті. «Біз ұзақ жылдар бойы «үнсіз» жатқан Жібек жолының қайта түлегеніне куә болып отырмыз. Жібек жолының жаңғыруы Оңтүстік-Шы­ғыс Азия, Таяу Шығыс, Африка, Орта­лық Азия елдері арасындағы сауда қаты­нас­тары есебінен ғана емес, халықтар бір­лігі есебінен жүзеге асуда. Ал Дүние­жүзілік ис­лам эконо­ми­калық форумы өз сипаты бо­йынша мұндай бірлікті мығымдай түсу үшін керемет тұғырнама бола алады», – де­ді ДИЭФ төрағасы. Мәр­тебелі мейман жиын­ның мән-маңызына қысқаша шолу жасап, фо­румның негізгі бөлігіне көшкен соң, ҚР Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, ислам әлемі һәм мұсылман елдерінің экономикалық ынтымақтастығы бағытында бірқатар маңызды ұсыныс жасады.
Ислам дүниесіндегі үш стратегиялық бағыт
Жиын спикер шешендерінің әрбірі се­кіл­ді «биссмилладан» сөз бастаған Елбасы ең алдымен әлемнің әр қиырынан келген мәр­тебелі меймандарды қазақ жерінде қар­сы алғанына өте қуанышты екендігін жет­кізді. «Қазақ халқының ислам әлемімен бай­ланысы қадым замандардан тамыр тар­тады. Біздің байтақ даламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын кел­ді. Жаратқан иеміз аса бір жомарттықпен Қа­зақстанға жерұйық мекен еншіледі. Осы­лай­ша елімізге ислам мен батыс өркениетте­рі арасында достық диалогқа дәнекер болу­дың тамаша мүмкіндігі берілген», – деп бас­тады өз сөзін Елбасы. Бұдан кейінгі сө­зін­де Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдың жа­ңа онжылдығын мұсылман үмметі үшін ауыр сынақтармен басталғанын еске салып өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдік қар­жы дағ­дарысы, азық-түлік импортына тә­уел­ді­лік секілді түйткілді жайттарға, Сол­түстік Аф­рика мен Таяу Шығыс елдерінде бұ­рын-соңды болып көрмеген дүрбелең­дер­ге, Ту­нис пен Мысырдағы саяси режим­нің ауы­суы­нан, Ливия ұшыраған гума­ни­тарлық за­уалдан жүздеген мың босқындар пайда болғанына тоқталды. «Әлемнің өзге өңір­лері қарқынды дамып жатқанда көп­те­ген мұсылман елдерінің көш соңында қалуы анық байқалды. 1,5 миллиардқа жуық адам­­ды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мыз­ғымас тұтастық құрай алмай отыр. Ис­лам дінінің діңгегі біртұтас екендігі – бә­рімізге ақиқат. Бірақ ислам әлемі даму үлгілерінің анағұрлым қайшылығы бар әр түрлі аймақты қамтиды. Сол үшін ислам әлемі туралы пікір айтпас бұрын, мұсылман қоғамының бүгінгі даму жолдарын түсініп алу қажет деп санаймын», – деді Президент. Бұл ретте Елбасы ислам дүниесіндегі үш стра­тегиялық бағытты жеке-жеке бөліп айтты. Бірінші стратегия – бұл инерциялы даму стратегиясы. Н.Назарбаевтың пікірін­ше, өкінішке қарай, соңғы кездегі оқиғалар консервацияның ерте ме, кеш пе, апатқа ұрындыратынын көрсетіп отыр. Ал Елбасы атаған екінші стратегия қазіргі қоғам құрылымдарын жоққа шығарып, өткенге түбегейлі қайта оралу үрдісіне негізделген. Бұл нұсқа тіпті кейде осы заманғы саяси және экономикалық ахуалдың нормаларын да толық жоққа шығаратындай. «Үшінші стратегия ислам әлемін жаңғыртуға бағыт­талған. Бірақ оны өзге үлгілерді талғамай көшетін қарабайырлық тұрғысынан түсінуге болмайды. Исламда «кез келген істің мұс­та­қым орта тұсы ең тәуірі саналады» деген тағылымдық қағида бар. Қазіргі дү­ние­де модернизацияланған ислам стра­тегиясы – міне, орта тұс дегеніміз – осы», – деді Пре­зидент.
Исламның өзі дін ретінде ешқандай дағдарысқа түспейді
Сөз арасында Президент Н.Назарбаев исламның қазіргі дүниедегі ең қарқынды тарап келе жатқаны дін екенін айта келе, мұсылман әлемінің дағдарысты бастан кешіріп отырған бірнеше аймақтары туралы да сөз қозғады. Бұл ретте Елбасы ислам қоғамын модернизациялау қажеттігі айқын байқалып отырғанын алға тартты. Мұнда да мәселе ең алдымен технология, ғылыми және экономикалық дамуға байланысты болып отыр. «Мұны тек ақиқатқа көз жұма қарайтындар ғана жоққа шығара алады. Әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын ислам әлемі өзінің экономика саласындағы әлеуетіне мүлдем сай кел­мейді», – деген Президент бұдан әрі өз ойын нақты мысалдармен сабақтап, шы­на­йы дүниелерге назар аудартты. «Мәселен, G-8 ішінде мұсылман үмметінен бірде-бір ел жоқ. Бұл – ислам экономикасының әлем­дік ауқымдағы нақты салмағының айқын кө­рінісі. Ал әлем бойынша үздік жоғары оқу орындарының алғашқы жүздігінде қан­ша ислам мемлекетінің университеттері бар? Ислам дүниесінің ішінен соңғы 20 жыл­­да жаратылыстану және техника ғы­лым­дары саласы бойынша Нобель сыйлы­ғының қанша лауреаты шықты? Ислам әле­мінде қанша жаһандық техно­логия­лық ин­но­вация өмірге жол ашты? Біз бұл сауал­дар­ды алдымен өзімізге қойып, таяу бола­шақта лайықты жауап беруіміз қажет деп санаймын», – деді Президент. Осы рет­те Н.Назарбаев кейбір саясаткерлердің ис­лам дүниесінің көп бөлігінің артта қалуын діннің өзімен байланыстыратынын да сынға алды. Елбасының айтуынша, бұл – ақиқат­тан мүл­дем алыс тұжырым. Тарихта антика­лық және осы заманғы батыс мәдениетінің ара­сындағы сабақтастықты мұсылман дү­ние­­сінің қамтамасыз еткенін ұмытпауы­мыз керек. Исламның мәдени өрлеуінің ар­қа­сында орта ғасырларда әлемде мате­ма­тика, химия, астрономия, медицина, архи­тектура, философия және поэзия салалары бойынша ұлы жетістіктерге қол жеткізілді. Ілім мен білімнің жаңа үлгілері мұсылмандық шы­ғыстан христиандық батысқа қарай жыл­­­­жыған. Нақ осы ислам сан ғасырлар бе­де­рінде діни тұрғыдан төзімділік, толе­рант­тық көрсетіп келді. Оғаш ой, тұжы­рымдарға да асқан сабырлылық танытты. Қазір ислам әлемі өз дамуындағы күрделі кезеңді бастан өткізіп отыр.
Ислам әлемінің беделін түсіруге қарсы тұра алатын ортақ медиа-жобалар туралы ойланатын кез келді
Сонымен қатар, Президент Н.Назарбаев ислам дүниесі үшін күрмеуі қиын бірқатар мә­селелерге тоқталып өтті. Мұның бірі – әлем­дік ақпарат кеңістігінде орын алып отырған исламға қарсы ақпараттық аран­дату шабуылы. Елбасы мұндағы мәс­еле­нің мәйегін де ой елегінен өткізіп қана қоймай, орынды ұстаным ғана емес, орнықты ұсы­нысын да жеткізді. «Жаһандық бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының көпшілігі ис­лам­ды өздерінің ұлттық қауіпсіздігіне, мәдени, діни ұстанымына қауіп төндіруші ретінде көрсетіп жүр. Осылайша исламды саяси күш қолдануға, экстремизм мен терроризм­ге жол беретін дін деп ұқтырады. Мұндай жағ­даймен ешқашан келісуге болмайды. Егер тарихқа жүгінсек, экстремизм мен тер­роризм ХХ ғасырда көптеген индустриалды дамыған мемлекеттердің саяси өмірінің ажырамас бөлігі болғанына көзіміз жетеді. Ол үшін 1960-70 жылдары Еуропадағы саяси терроризмнің бетімен кеткенін еске сал­сақ та жетіп жатыр. Біз терроризм мен экс­тремизмнің қаншалықты ашық бағыт ұстанғанына және қандай да бір діни ұранды жамылғанына қарамастан, әлемнің іргелі діндерімен ешқандай да ортақтығы жоқ екендігіне сенімдіміз», – дей келе, Елбасы қатысушыларды нақты мәселе жө­нінде ойласып, пікір алмасуға үндеді. «Жа­һандық терроризмнің басты көздеген ныса­насы мұсылмандар әлемі болып отыр­ған жоқ па, бүгін өзі? Өйткені нақ осы ислам елдерінде жыл сайын мыңдаған жазықсыз жандар, соның ішінде қарттар, әйелдер мен балалар қаза тауып жатыр. Ендеше, ислам мен терроризмді шеңдестіру әділетті ме» деген сауалдарды ортаға салды Ел­басы. Бұдан бөлек, Президент қазіргі тер­роризм­нің саяси және экономикалық се­беп­терден туындайтынын айтып, мұның ұлт­аралық қыл­мыспен ғана емес, есірткі ай­налымымен де, қару-жарақ контрабан­да­сымен де ты­ғыз байланысты екендігін де еске салып өтті. «Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің төзімділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптасуына баршамыз біріге күш салуға тиіспіз. Сол үшін ислам елдерінің ұлы ілімінің беделін түсіруге жаһандық және аймақтық деңгейде қарсы тұра алатын ортақ медиа-жобалар жөнінде ойланатын кез келді», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мұсылман елдері айтарлықтай жаңғырудан өтуге тиіс
Президент сөз арасында бүгінгі ақпа­раттық заман талабына қатысты мәселе­лерді де қозғады. «Сөз жоқ, қазіргі әлем­нің экономикалық-қаржылық және ақпа­рат­тық жүйесі өзгере беретін болады. Алай­да оның бірқатар жүйелі сипаттары сақ­талып қана қоймайды, керісінше, кү­ше­йе түседі. Ең ал­дымен, бұл мәдени құн­дылықтың, білім эко­номикасының, ақыл-ой күшінің мемле­кет­тік бәсекеге қабілет­ті­лігінің нақты көрсет­кі­ші ретінде маңы­зының арта түсуімен бай­ла­нысты. Бүгінде мына жайт айқын: таяу бо­ла­шақтың қо­ғамы – ақпараттық қоғам. Бұл техно­ло­гияға, басқару тәсілдеріне, мә­де­ни да­мудың үлгілеріне де қатысты», – деді Нұр­сұлтан Әбішұлы. Осы ретте Пре­зидент бү­гінгі әлемде уақыт талабына толық жауап бе­ре алатын мұсылман елдері де бар­шы­лық екендігін алға тартты. Мәселен, ақ­па­раттық қоғамның өнеркәсіптік қаржы­лық сала­сын­дағы технологиялық жетілген үл­гі­лері баршылық. Ислам әлемінде бәсе­ке­ге қабі­лет­тіліктің жоғары үлгісін көр­сетіп отыр­­ған елдер де бар. Бұл – ислам әле­мінің өт­кен кезеңде ғана емес, болашақта да қар­қынды және шапшаң дамуымен та­ма­ша үй­лесе алатынының жарқын айғағы. «Сон­дықтан да алдағы уақытта мұсылман елдері айтарлықтай жаңғырудан өтуге тиіс. Мұны қолға алмасақ, тарихи тұрғы­дан артта қалу тағы да 100 жылға созылып кетуі мүмкін. Осындай модернизацияның дәл әрі тең­гер­мелі үлгісін таңдау 1,5 млрд мұсылман үм­ме­тінің дамуына қосқан ор­тақ үлесі болатын еді», – деді Пре­зи­дент.
Елбасының бес бастамасы
Сөз соңында Мемлекет басшысы Дүние­жүзілік ислам экономикалық форумы шең­берінде мұсылмен елдерінің Қазақ­стан­мен бірлесіп жүзеге асыруға болатын бірқатар бастамаларды жариялады. Бірін­шіден, Нұр­сұл­тан Әбішұлы ислам әлемі ел­де­рінің эко­но­микалық ынтымақтастығы шеңберінде жаңа бағыт қалыптасуы қажет екендігін ай­та­ды. «Бұл үшін ДИЭФ қоры негізінде 10 же­текші мұсылман қауымдас­тығы елдері экономикасы тобына (G-10) арналған сұх­бат алаңын жасауды ұсынамыз. Мұсылман үм­метінің ресурстары инвести­ция­лық ынты­мақ­тастық үшін қуатты қаржы көздерін қа­лыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді Ел­басы. Екіншіден, ислам әлемі елдерінің же­текші ғылыми-технологиялық үр­діс­тер­ден қалып келе жатқанын ескере отырып, Ис­лам конференциясы ұйымының мүдделі елдерінің қатысуымен халықаралық инно­ва­ция орталығын құру. Үшінші бастама ре­тінде Президент шағын және орта биз­неске қолдау көрсету мақсатында ДИЭФ-тің арнайы жұмыс тобын құруды ұсынады. «Бұл ретте Ислам банкі жанынан шағын және орта бизнестің арнайы қорын құру мәселесін бүгінгі форумда талқылаған жөн болар еді. Біз исламдық қаржыландыру тетіктерін тар­ту тұрғысынан мұсылман елде­рімен ынты­мақ­тастық жасауға мүдделіміз. Сарапшы­лар­дың бағалауынша, Қазақстан­дағы ис­лам инвестицияларының таяу жыл­дардағы өсу мүмкіндігі ондаған миллиард долларға дейін жетеді», – деді Президент. Төртінші ұсыныс – көлік-коммуникациялық және ло­ги­стикалық желі арқылы ынты­мақ­тасу. «Кө­лік-коммуникациялық және логис­ти­калық желінің болуы – ислам елде­рінің сауда-эко­номикалық ынтымақтас­ты­ғын кеңейтудің маңызды шарты. Қазір Қазақстан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» ха­лық­аралық дәлізін кеңейте отырып, өзінің геоэконо­ми­калық жағдайын белсенді түрде пай­далануда. Біз Қытай мен Парсы шы­ғана­ғын­дағы жүк тасы­малдау ағымын ұлғайту үшін жаңа теміржолдар салудамыз. Мен Қа­зақстан-Түрікменстан-Иран-Парсы шы­ға­нағы темір­жол құрылысын қаржы­лан­ды­руға Ислам даму банкінің белсенді түрде қатынасуын ұсынамын. Жалпы құны 1,5 млрд-ты құ­райтын бұл теміржолдың ұзын­дығы – 963 шақырым. Біздің елдер арасын­дағы қа­рым-қатынасқа, экономикалық сау­даға жағымды әсер тигізетін болады», – де­ді Елбасы. Президент ұсынған бесінші бас­та­ма азық-тү­лік қауіпсіздігін нығайту мақ­сатын қам­ти­ды. Бұл ретте Н.Назарбаев Ис­лам конфе­рен­циясы ұйымы аясында азық-түлік кө­мегін көрсету жүйесін әзірлеу қажет­тігін ал­ға тартады. «Бұған ИДБ және ұйымға мүше ел­дердің азық-түлік қоры топтары жүйесі халал үлгісіндегі аймақтық қордың құрылуы негіз болар еді. Оның штаб-пәтерін азық-түліктің экспорттық әлеуетін белсенді да­мы­тушы ел ретінде Қазақстанға орна­лас­ты­руды ұсынамын», – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Президенттің форумды ашу бары­сын­дағы аталмыш ұсыныстары пленарлық оты­рыс­тарда да кеңінен талқыланып, қолдау тап­ты. Жиын соңына таман он шақты келіс­сөздерге қол қойылды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста