Қарағанды облыстық Полиция департаменті интернет-алаяқтар туралы бейнероликтер байқауын ұйымдастырды. Үш бірдей банк демеушілік еткен шығармашылық сайысқа мектеп оқушылары, студенттер, блогерлер және журналистер қатысып, бақ сынады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Еgemen.kz-ке сілтеме жасап.
Құрамына БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері және банк саласының қызметкерлері енген қазылар алқасы байқаудың бас жүлдесіне №15 орта мектептің оқушысы Ангелина Газдиева лайықты деп тапты.
Жеңімпазға бас жүлде – соңғы үлгідегі iPhone 13 Pro ұялы телефонын Қазақстан Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры Жәнібек Садықанов табыс етті.
Ангелина Газдиева төрт жылдан бері видео түсіріп, бейнемонтаж жасаумен айналысып келеді екен.
– Үлкенге де, кішіге де жаңа дүние ұсынатын тек танымдық бейне роликтер түсіремін. Байқаудың шарты бойынша ұсынылған тақырып мені қатты қызықтырды. Мен түсірген бейне-роликті көріп, адамдар интернет-алаяқтық деген не және онымен қалай күресуге болатынын білуі үшін барымды салдым. Жеңіске жетемін деп күткен жоқ едім. Әлбетте, өте қуаныштымын! – деп ағынан жарылды Ангелина.
Сондай-ақ байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды Айсұлтан Жақыпов алса, Бекжан Есенов екінші жүлдені, ал Елена Сахарчук үшінші орынды иеленді.
Марапаттау рәсімінің соңында Қарағанды облыстық ПД басшысының орынбасары Әбіл Әбілдин байқауға қатысушыларға алғыс айтып, әріптестік негіздегі ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жалғасын таба береріне сенім білдірді.