Елшіліктер мемлекетаралық мәселелерді, дипломатиялық қатынастарды, еліміздегі азаматтарының құқықтарын қорғауды, олардың келіп-кетуін, оқып, білім алуын, кәсіппен айналысуын т.б мәселелерін қадағалап отыруы тиіс. Десек те, еліміздегі кейбір елшіліктер екі елдің арасындағы дипломатиялық мүдделерден де үстін мақсаттарға қол созып, мәдени шаралар өткізіп, өз елінің әдет-ғұрпын, салт-санасын, ән мен күйін таныстыру, насихаттау мақсатында жұмыс жасап жатыр. Бірақ мұндай мақсаттар кей жағдайда діни астарға ұласып, діни экспансияға айналып бара жатқан жоқ па? Біз бүгінгі мәселенің жібін осы ойдың айналасында ұршықша иіріп, көзбен көрген бір жайт арқылы мәселе көтеріп көрсек...
Мәдени орталық па, миссионерлік ұйым ба?
Мәселен, Сауд Арабиясы Корольдығы елшілігі тек дипломатиялық мақсатта емес, мәдени-ағарту бағытында да жұмыс жасауды көздейді. Сол үшін де елшілік жанынан арнайы мәдени орталық ашылған. Бұған дейін бірнеше мәрте сын садағына ілінген осы мәдени орталық арабтардың мәдениетін дәріптеп, тілін үйрету мақсатында ғана жұмыс жасап жатыр ма? Осыны білмек болып, Елшілік жанындағы мәдени орталыққа ат басын бұрдық. Бірден қоғам тарапынан жиі сыналатын шоқша сақалдылар һәм шолақ балақтылар, арабтық дәстүрмен оранатын арулар көзге түсті. Орталықтың бұқарамен жұмыс жасайтын күндерінің кестесін қарап отырып, дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі күндері – ер-азаматтарға, ал бейсенбі, жұма, сенбі қыз-келіншектерге арналған діни сабақтар өтетінін біліп кері қайттық. Ертесі күні мәдени орталықтың дәрісіне қатыстық. Жиналған жамағат арасында жас та, егде де бар. Дені – қазақ ұлтының өкілдері. Пайғамбарымыздың ғұмыры жайлы уағыз басталды. Бірақ адамгершілік, имандылық, ізгілік жайлы емес, соғыс тақырыбы. Біз тура сондай тақырыпқа орайласқан күнге түстік пе деп ойлайын десек, отырғандардың пікірлері мен сұрақтарына қарап, ақида сабағының өзегі жиһад тақырыбы екені аңғарылып қалды. Бір сағатқа созылған уағызда көптеген мәселелер айтылды. Оның бәрін тізіп жатудың қажеттілігі бола қоймас. Десек те, бізді «бұл орталықта айтылатын әңгімелердің діни маңызы, мазмұны, астары бар ма? Діни астар болды деген сөз, ол мәдени байланыс емес, миссионерлік ұйымға айналып кетпей ме?» деген сауалдар мазалады. Сол үшін де диктофонымызға жазылған жазбаларды саралап беру үшін философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай ағамызға жүгіндік.
Досай КЕНЖЕТАЙ, Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы:
– Сіздер ұсынған жазбаны толығымен тыңдап шықтым. Мұны табиғатына қарап, бірден діни уағыз деп бағалауға болады. Салафилік тенденция байқалады. Уағыз айтушы заманға сай ижтихад жасағысы келеді. Әңгімелерінің арасында ғұламаларына сілтеме жасап отырады екен. Аңғарғаным – уағызшы екі мәселені әңгімелеуде. Біріншісі – пайғамбарымыз Аср намазын қалай қаза етіп алғаны және оған не себеп болғаны... Екіншіден, хадистерде айтылатын орнынан тұрып құрмет көрсету мен көрсетпеу мәселелері сөз болған. Бұл мәселе төңірегінде уағызшы пайғамбардың екі хадисінің қайшылығын айтып, соған лайық үкім береді. Уағызды тыңдап отырып, бұлардың хадистерді қайтадан талдағысы келетінін аңғардым. Бұл неге әкеледі? Ислам ғылымында дінге қатысты хадистерді ғана негізге алып, дүниетаным мен салт-дәстүрмен байланысты хадистерді «ахли-рей» деп ақылға салып бөлек қарастырады. Мына жердегі тенденция осы қалыптасқан үрдісті бұзып, арабизацияға бет алғаны көрініп тұр. Оның айғағы ретінде аталған уағыздағы қазақы дәстүрді, қазақы исламды жоққа шығарудан-ақ аңғаруға болады.
Ресми дипломатия миссионерлік жұмысқа айналып кетпеуі керек
Елшіліктің жанындағы мәдени орталықтың уағыз жүргізуі қаншалықты заңды? Ендігі сауал осы болса керек... Мемлекетаралық дипломатия, екіжақты ынтымақтастыққа қатысты келісімге орай тараптар өз елдерінің мәдениетін, тарихын, тілін насихаттауға құқылы. Бірақ астары болмауы керек. Біз осы жайтты ескере отырып, мамандарға қолда бар деректерді ұсынғанымызда бәрі де діни астардың бар екеніне келіп тіреле берді. Олардың дені «егер де елшілік және елшілік жанындағы мәдени орталықтар өз елдерінің азаматтарына не айтса да, қандай идеология жүргізсе де құқылы, ал бірде-бір қазақстандықтың ішкі сеніміне қол сұғуға, оларды діни бағытта оқытуына хақы жоқ» дейді. Өйткені ресми дипломатия миссионерлік жұмысқа айналып кетпеуі керек. Бұл тәуелсіз елдің сеніміне қол сұққанмен бірдей.
Мұрат ӘУЕЗОВ, мемлекет қайраткері, Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған:
– Елшілік қызметкерлерінің басты міндеті – екі мемлекет арасындағы дипломатиялық мәселелерді шешу. Заңымызда еліміздің ішкі саясатына олардың араласуына хақы жоқ екені анық жазылған. Дүниежүзінің кез келген мемлекетінде елшілік қызметкерлер діни миссионерлік қызмет атқармайды. Мәдени-ағартушылық бағытындағы жұмыстардың өзі екі ел арасындағы келісімшарт негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан да мұндай белгілер байқалып жатса, еліміздегі құзыретті органдар, Сыртқы істер министрлігі мәселенің мән-жайына барып тексеруі керек деп ойлаймын.
Заңымыз не дейді?
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңымызда жергілікті және шетелдік миссионерлер жыл сайын Әділет министрлігінде тіркеліп, діни ұйымдарға мүшелігі, миссионерлік қызмет ету аймағы мен мерзімі туралы мәлімет беріп отыруы тиіс. Бұл – бір. Елшілік жанындағы мәдени орталық осы міндетті атқарып отыр ма? Екіншіден, дінді уағыздаушы тұлға (немесе орталық) өзіне қаржылай қолдау көрсететін ұйымның тіркелгенін растайтын ресми құжат пен сол ұйымның атынан жұмыс істеуге рұқсат қағазын көрсетуі тиіс. Мәдени орталықтың ондай рұқсат қағазы бар ма? Үшіншіден, Конституцияның талабы бойынша, шетелдік діни бірлестіктер өз ұйым басыларын тағайындауды қоса алғанда өзінің қызметін «тиісті мемлекеттік басқармалармен келісе» отырып атқаруы қажет. Бұл мәдени орталық осы міндетті ұмыт қалдырған жоқ па? Сонымен бірге біздің заңымызда шетел азаматтарына діни ұйым құруға болмайтыны жазылған. Демек, шетелдіктерге діни ұйым құруды шектейтін заңымыз елшіліктің жанынан діни қос тігуді қолдай қоюы екіталай. Сол себепті де көңілдегі күпті сұрақтарға жауап алмақ болып, елшілікке хабарласып, Сауд Арабиясы Корольдығының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Абдул Маджид Абдур-Раззак Хакиммен тілмаш арқылы тілдестік. Елші елшіліктің қасындағы мәдени орталықтың заң аясында жұмыс жасап жатқанын айтты. Біз өз тарапымыздан тағы да «Елшілік жанындағы мәдени орталықтың діни уағыз жүргізуге құқығы бар ма?» деген сауал қойдық. Бірақ қойылған сұраққа елші нақты жауап бермеді.
Жалпы жағдайымыз қалай?
Әрине, бір ғана елшіліктің жанынан ашылған мәдени орталықтан көргенімізді сөз етіп отырмыз. Жалпылама, қоғамымыздағы жағдай қандай? Басқа елшіліктерде де осындай сыпат бар шығар. Бұл жөнінде білмек болып, дінтанушы Мұқан Исаханға хабарласқан едік.
Мұқан ИСАХАН, дінтанушы:
– Діни қызмет және діни ұйымдар туралы жаңадан қабылданған заңымызда шетелдік азаматтар діни сипатта уағыз айтатын болса, міндетті түрде миссионерлік лицензия алуы керектігі жазылған. Миссионерлік лицензиясы болса, оның уағыз жүргізуі заңды болып есептеледі. Ал елшіліктің қызметіне келсек, олар өз елінің тілін үйретемін деген желеумен мәдени орталықтар ашып алып, діни мазмұндағы уағыз жасауы мүмкін. Қазіргі заң бойынша оларға толығымен тыйым салынған. Мәселен, қазір мен Нұр-Мүбәрәк университетінде қызмет етіп жүрмін. Мұнда көбіне Египеттен келген ұстаздар дәріс оқиды. Олар жұма күні университеттің жанындағы мешітте уағыз айтатын еді. Мен оларға еліміздің заңы бойынша басқа мемлекеттің азаматтары халық көп жиналатын жерде уағыз айтуға құқығы жоқ екенін түсіндірдім. Мұны неге айтып отырмын? Біздің тұрғындар заңды жақсы білсе, мұндай жағдайдың бірі де болмас еді.
Түйін
Біз көзбен көргенді сөз етіп отырмыз. Елшілік жанындағы мәдени орталықтың жұмысы қаншалықты заңға сай, қаншалықты дұрыс екенін арнайы органдар тексеруі керек. Тек бұл елшілікпен ғана шектеліп қалмай, өзгелерге де назар аударған жөн. Қазір ресми дерек бойынша, әлемнің 30-ға жуық елінде Қазақстанның елшілігі жұмыс жасаса, 40 астам өзге елдің елшіліктері қазақ жерінде дипломатиялық қарым-қатынастарын жүйелеп отыр екен. Демек, сол 40-тан астам елшіліктің ісін, атқарған шаруасын назарда ұстауымыз қажет. Әйтпесе салт пен санаға, әдет пен ғұрыпқа, жалпы, қазақы түсінік пен танымға қарсы қазақ көбейе бермек. Сіз не дейсіз?